Home » Жаңалықтар » Қорғалжын сапарынан

Қорғалжын сапарынан

Жолда

Қардың бетіне маржан шашылғандай жалт-жұлт етеді…
Көлік жүргізушісі сөзге шорқақ болды ма, менің сөйлесуге көңіл қошым болмады ма? Көлік ішінде үнсіздік. Сөздің орнына «Қызыл раушан» әні әуелеп тұр. Артқы орындықта жантайып отырмын. Жан-жағыма қарап қоямын. Қаладан ұзаған сайын тынысым кеңи түскендей, көз көкжиегі ауқымын ұзарта бастады. Көлік болса бір сарынға салып алған, майда шабысқа түсіп алған қой торыдай жүйткіп келеді. Әрбір жерден бестен, оннан, кей жерде одан да көптен кібіртіктеп жүрген жылқылар қарасы көрініп тұрады. Ұзын сарының уақыты. Көктем айы болса да, қысты күнгі қардың мұрты қисаймаған. Қайта кептеліп қатайып алған, сазарып жатыр.  Майда малды былай қойғанда, кейбір жерлерде жылқыны көтеріп тұр.
Оңтүстік жақтан жаныңды жадыратып, тұла бойыңды қыздыратын жылы леп келсе, солтүстіктен маңдайыңды қақырайтып, тістеріңді сықырлататын салқын жел соғады. Орталық Қазақстанда орналасқан Ақмола облысының жылдағы әдеті осы. Қысы бес айға созылып  барып қайтады. Сондықтан болар, қардың жылтырағанына да махаббатпен қарайтын әдетіміз бар.

 

Білім бөлімінде

Білім бөлімінің алдына тоқтадық. Бір қабатты, жиырма-жиырма бес шаршы метрді құрайтын ғимарат екен. Ақырындап басып ішке кірдім. Білім бөлімінің басшысы Сәуле Қуанышқызы орнында жоқ екен. Сұрастыра келе білдік, облыстан келген меймандармен мектеп, балабақшаларды аралап кеткен болып шықты. Қорғалжын ауданы білім бөлімінің оқу-ісі жөніндегі әдіскері Аяжан Серікқызы жылы қарсы алды. Аз-кем әңгімеден соң бағытымды байқап, тікелей сұрағыма қатысы бар әдістемелік кабинеттің жетекшісі Гүлзат Аманжолқызымен, Қорғалжын аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі әдіскері Әсем Қаматайқызымен таныстырды. Білемін тосыннан келдім. Бір-бірлерімізге абдырап қарап тұрмыз. «Мектеп, балабақшаларды аралап, көзбен көріп қайтайық», — дедім. Ол кісілер үнсіз келісті.

Балабақша мен мектептердегі көрініс

Қасымда Әсем Қаматайқызы, бірінші болып мемлекеттік «Балауса» балабақшасына кірдік. Меңгерушісі Баймұханова Заря Қайратқызы күтіп алды. Балабақшасымен таныстырды. Бір-екі тәрбиешіні әңгімеге тарттым. Қазақ тілін үйрету үдерісімен таныстым. Шағын аудан. Тұрғындар қазақ тілінің қолданушылары. Сондықтан да болар, мәселе жоқ екенін байқауға болады. Десе де, тәрбие мен білім беру жүйесі қандай да бір ғылымға сүйенгені жақсы.

    Қасымда Гүлзат Аманжолқызы, бірінші мектепте бастауыш мұғалімдерімен кездестік. Балабақшадан не мектепалды сыныптарынан келетін балаларға қандай талап қоятындары жайында сөйлестік. Түсінікті. Оқып, жазып, оқу үдерісінің көп дағдыларын біліп келсе жақсы ғой. Бірақ, оқу-ағарту министірлігінің бағдарламасын назардан тыс қалдырмаған жақсы. Өйткені, оқу процесі балалардың жас ерекшелігіне байланысты жүреді және ол ғылымға негізделген. Сондықтан, ешкім өз ойынан немесе қалауымен негізсіз талаптар қоюға болмайтыны жайында сөйлестік.

Қорғалжын ауданы, Ақтан Төлеубаев атындағы мектебінде ұстаздар жиналып тосып отыр екен. 2022 жылғы желтоқсанда бұрынғы №83 бұйрыққа қосылған, жаңарған №533 аттестаттау бұйрығы бойынша сөйлестік. Мұғалімдер көбінесе сыртан келген кісілерге сыр бермей сөйлесуді үйренген ғой. Ұсыныс айтқаннан гөрі тыңдағанды жақсы көреді. Портфолио жинақтау — ол да үлкен жұмыс емес қой. Тек, «бес жыл бар» деп жүріп көп ұстаздар уақыт жоғалтып жатады. Бес жылда қаншама іс-шараларға қатысып, ашық сабақтар өткізіп, конкурстарға қатысып жүреді. Осы сынды бірнеше мәселелерді ортаға тастай отырып ұстаздарды әңгімеге тартуға тырыстым. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Бесенбайқызы жас та болса пысық екен. Көпшіліктің алдында бұл мәселелердің барлығын бақылауда ұстап отыратындығын және алдын ала ұстаздарға бағыт-бағдар, кеңесін беріп жүретінін алға тарты.

     Қазіргі кезде басты назарда ұстайтын мәселелердің бірі — кәсіби бағдар беру. Ол жайында осы мектепте арнайы маман бар екен. Жас. Махаббат Лөкетқызы Қорғалжын елді мекенінің тумасы. Қарағанды қаласында химия пәнінен білім алып келген. Бүгінде химия пәнімен біріктіріп, балаларға мамандық таңдау бағытында дәріс оқып, кеңес береді. Мамандық таңдау — адам өміріндегі маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан да мұқият болған дұрыс. Өйткені, тағдырың мамандығыңа да байланысты болуы мүмкін. Бұған арнайы тақырып ретінде тоқталарымыз анық. Ұстаздардың істеріне сәттілік тілеп қоштастық.

 

Палуан әкім

Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының орталығына келіп тұрған соң, аудан басшылығымен кездесіп кеткенді жөн санадым. Аудан әкімі Жанбаев Берік Амантайұлы кабинетінде отыр екен. Иығына екі өгізді салса да көтеріп кететіндей азамат екен. Орнынан тұрып қарсы жүргенде қолма-қол шайқасуға қарсы келген батырдың кейпін көресің. «Сауға, батыр», — дей жаздап, қолымды создым. Амандасып жатып өзімді таныстырдым. Әкелеріміздің аты аттас екенін ол кісі де байқады. Өзінің тегін айтып жатып жай ғана жымиды. «Білім бөлімі білім басқармасына қарайтыны жасырын емес. Десе де, аумақтық жауапкершілікті әкімшіліктерден ешкім алып тастамайды, оны өзіңіз де жақсы білесіз. Осы білім саласына аудан көлемінде көңіл бөлесіздер ме, тәрбие мен білім саласын қаншалықты назарда ұстайсыздар?» — деп тоқтадым. Ішімнен ойлап отырмын: «Сөзім ұзақ болып кетті, әкім мырза бірдеме түсінді ме екен?» — деп. Жүзіме қадала қарады. «Блогер боласыз ба, журналист боласыз ба?» — деді. Мен құжатымды көрсеттім. Басын изеп ишара білдірді де, әңгімесін бастап кетті.  Жылына әр ұстазға арналған  бір реттік 15 АЕК жәрдемақы берілетінін, бірінші сынып пен төртінші сынып 100 % тегін тамақпен қамтамасыз етілгендігін, оқу ғимараттарын жөндеу мен қосымша ғимараттар салу мәселелерін назарда ұстайтынын  айтты. Сөйтті де трубканы алып, Бекзат деген азаматты шақырды. Мені ол кісімен таныстырды. Бекзат Қазбекұлы мен қойған сауалдармен тікелей айналысатын маман екен. Ол кісімен де аз-кем сұхбаттастық. Қорғалжын ауданында мектепалды сыныпта 150 тәрбиеленуші оқиды екен. Сол бүлдіршіндерді «Шашу» оқу-танымдық кешенімен қамтамасыз ету жайында ұсыныс жасадым. Қорғалжын ауданының бетке ұстар азаматтары өз шешімін айта жатар. Ол жайында толығырақ тағы да тоқталатын боламын.

 

Қорғалжынның тәрбиешісі

     Рақымжанова Алия Шортанбайқызының есімін қандай үлкен әріппен бастаса да жарасымды. Бүгінде балалармен жұмыс жасап жүргеніне отыз бес жылдың жүзі болыпты.

      Тәрбие — тал бесіктен. Мектепке дейінгі мекемелердің жауапкершілігіне баланың танымын қалыптастыру мен тәрбиелеу кіреді. Бұл үрдіс адамның болмысында үлкен роль атқарады. Тіпті әлі толық зерттелмеген ғылым десе де болатындай.  Бізге, қазақтарға ол сондай ауыр қызмет емес. Өйткені, осы уақытқа дейінгі кездерде, мектеп жасына дейінгі балаларды ата-әжелері тәрбиелеген еді. Ол кісілердің көрегендігі сондай, балаларды жан-жақты жетілдірумен айналысатын. Және де, оны бала деңгейіне кіріп, күлдіріп, ойнатып отырып жеткізуге тырысатын. Ең бастысы ұят, жаман, обал түсініктерін ерте жастан бүлдіршіннің бойына мықтап сіңіретін. Өйткені, ата-әжесі «балаң өскенше, немерең өлгенше» деп жандарын, барларын салып, өнеге көрсетіп, таным көкжиегін кеңейтетін.  Бір қызығы балаға қандай деңгейде тәрбие беріп, үлгі көрсеткеніңізбен, ол қызметтің өлшемі көзге көріне бермейді. Бірнеше жылдан кейін ғана, жемісін беруі мүмкін. Оған дейін тынбай еңбектенуді талап етеді.  Осындай ата-әжелер атқарған ұлы қызметті бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінде мыңдаған тәрбиешілер атқарып келеді.

  Солардың бірі, әрі бірегейі Алия Шортанбайқызы деп толық айтуға болады. Өзінде тәрбиеленуші болған балалардың баласын тәрбиелеп отыр. Ол кісіге сұхбаттасуға барғанымда ұялып қалды. «Мен жай тәрбиешімін ғой», — деп қымсына жымиды. Менің білуімше, түсінігімше ұлылықтың барлығы қарапайымдықтан пайда болады. «Өзіңіз жайында айтыңызшы», —  деп бастадым әңгімені. Тосылып қалды. Қыз бала әкесіне жақын болатыны рас қой. Сәл кідірістен соң: «Әкем — Жұмаділдәұлы Шортанбай, ауылшаруашылығы өндірісінің ардагері болған. Шатаспасам осы өңірдегі алғашқы Ленин орденінің  иегері. Анам — Рақымбайқызы  Рысты 10 бала тәрбиелеп өсірген батыр ана болған. Ал, ұстаз болуыма келсек,  нағашы апам Бақыт Мұстафақызы  математика пәнінен сабақ беретін. Өзімнен үлкен Сәуле апам да ұстаз болды. Сол кісілерге қарап мен де осы салаға сүйіспеншілігім пайда болды деп ойлаймын. Өзіме қызметім қатты ұнайды. Балаларды жанымдай жақсы көремін. Отбасымызда үшеуіміз  мұғалімбіз — апам, інім және мен», — деп өзі жайлы қысқаша айтып тоқталды.  Ұстаздық қызметі жайында айтқанда бар ынтасымен беріліп сөйледі. Көздері жанып, жүзі бал-бұл жайнап тұрды. Ұстаз болу үшін жаралған адам дерсіз. Рақымжанова Алияның жұбайы Рақымжанов Серік Қабылұлы Қорғалжын елді мекенінде энергетик қызметін атқарады. Дастан, Дархан атты ұлдар мен Аружан есімді қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде Аружан ана жолын қуып Астана қаласы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарады.

«Бүгінгі ата-аналармен жұмыс жасау қиын емес пе?» — деп сұрадым. «Ауыл ғой. Бәріміз бір-бірімізді білеміз. Оның үстіне көп ата-аналар өзімде тәрбиеленген. Сондықтан болар, бір-бірлерімізді түсінісу онша қиын емес», — деді. Осы әңгімеге қарағанда Алия апайдың еткен еңбегі, төккен тері далаға кетпегенін байқауға болады.

Білім айнасы
Қорғалжын ауданынан
Қуантай Амантайұлы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.