Home » Әңгіме » КҮТПЕГЕН  СЫЙ…

КҮТПЕГЕН  СЫЙ…

Жақында фейсбукте бір жеке меншік білім беру мекемесінің өз қызметкерлерінің мерекелік корпоративтерге баруына тыйым салған бұйрығы шығыпты. Осындай бұйрықтың бірі (жоғарыда көрсетілген) ватцап арқылы екі-үш жыл бұрын маған да келген еді…
 Фельетон

Жаңа жыл мерекесін әріптестермен бірге дүркіретіп атап өтпек болып, орталықтағы «тәуір-ау» деген мейрамханалардың біріне келдік. Залдың қақ ортасында шыттай боп шіреніп шырша тұр. Жарқ-жұрқ еткен жылтырақ шамдар мен дүңк-дүңк еткен даңғаза әуен көңіл-күйімізді әп-сәтте жадыратып жіберді. Табанымыз қызғанша жер тепкілеп, «Шынар-айды» шырқыратып тауыса бергенде, ішке бір топ тәртіп сақшысы сау ете қалды. Бағанадан жын ұрған бақсыдай, бидің түбін түсіріп у-шу боп жүргендер шайтан көргендей, есікке қарай жалт қарасты. Тәртіп сақшылары құйындатқан бойы тырнадай тізіліп, тұп-тура біздің жанымызға келіп топ ете түсті.
— Сіз кімсіз? Мұнда не істеп жүрсіз? – деді сірә, араларындағы шені үлкені сол-ау деймін, қайыстай қатқан бұжыр бет шегір көздері шарасынан шыға дүңк етіп. Күтпеген атакадан «ә» дегенде аузыма анау-мынау сөз түспей, абдырап қалдым.
— Мен бе? Менн … тойыс, меннн… мұғаліммін! Ддд… демалып жүрмін… -дедім, «жерден жеті қоян тапқандай» екі езуім екі құлағыма жетіп.
— Сіз қалалық білім бөлімінің басшысы Тапқырбек Тантығанов мырзаның бұйрығын естіген жоқсыз ба?
Ішім қылп ете қалды.

  • Қане, мына жерден тайып тұрыңыз! Әйтпесе, бізбен бірге бөлімшеге

баруыңызға тура келеді,- деді «енді мені екі сөйлетпе, тыңдамасаң көкеңді көзіңе көрсетемін» дегендей сұстана қабағын шытып.

  • Ааа…, солай ма..?, иәә … ммм … жоооқ … неге?!

Сорлы басыма сауға сұрағандай, біресе – әріптестеріме, біресе – тәртіп сақшыларына алма-кезек жалтақтай бердім. Байқаймын, мені тыңдаған да, түсінген де ешкім болмаған сияқты. Намыс құрғыр шыдатсын ба, бір сәт ішіме ертегінің жын-перілері кіріп кеткендей, басым қақшаң ете қалды. «Біле-білсе, сақшы да, ғалым да, батыр да – ұстаздан білім алған!». Мына тапқырлығыма өзім сондай қуанып кеттім.

— Жандарал…, ой, сақшы мырза, алдымен, тамағымды ішіп алуға аздап мұрсат берсеңіз. Қалай дегенмен де, аз-маз ақша жұмсадым дегендей…

Сөзімнің дұрыс басталғанын қайтейін, соңы іркіттей іріп, сары судай сұйылып сала берді. Әлгінде ғана тәккапарсып, шіреніп тұрған кеуде шіркін, көздерім бұжыр беттің көздерімен түйіскен сәтте-ақ, желі шыққан доптайын бір уыс боп бүрісті де қалды.

-Жоқ! — деді сазарған сақшы саңқ етіп. Мейрамхананың төбесі теңселіп, қабырғалары қалтырап кеткендей болды. Даңғырлаған даңғаза әуен ыңыранып барып жалп етті. Қараңғы бөлмеде бірін-бірі қуалап жүрген кезбе сәулелер де көзден ғайып болып, электр шамы жарқ етті. Жиналған жұрт аң-таң. Қарсы алдымда 500 вольттық прожектор тұрғандай, жанарым жасып, маңдайымнан суық терім бұрқ ете қалды.

  • Тез, шығыңыз!

Өздерінің жазадан аман қалғандарына сенер-сенбесін білмей, үрпиісіп

тұрған достарыма: «ааа… ммм… мхмм…» деп бас-аяғы жоқ бірдеңелерді айтып, ыржалақтаған болдым. Бұрылып, сөмкемді ала бергенімде, көзім үстел үстінде қасқайып тұрған қаз мойын «Советский шампанский» мен әлем-жәлем салаттарға түсті. Олар да: «Қап! Шынымен де, кеткелі жатсың ба, ей?» дегендей қиыла қарайды. Сол сол-ақ екен, екі езуімнен сілекейім шұбырып, өңешім жыбырлап, жұтқыншағым қазанда қайнап жатқан семіз соғымның сорпасындай бүлкілдей жөнелді. Ішім байғұс «Боранды бекеттегідей» алай-дүлей. Кетуге соншалықты құлықсыз болсам да, амалсыз есікке беттедім. Табалдырықтан аттай бергенде жылтыр мұзға аяғым тайып кетіп қалпақтай түстім. Сол кезде бағанадан бері ішімде тұншыққан өкпе-реніш жойқын цуннамиге айналып, шекемді шертіп, төбемді тесіп, сыртқа бірақ шықты.

  • «Масқара болған сорлы басым-ай, осыншама жыл ұстаз болғандағы

алған сыйым осы ма еді?» деймін көкірегім қара тастай қарс айрылып. Құлап жатсам да, мейрамхананы басыма көтеріп, өгізше өкіріп, күндей күркіреп бақырып жатырмын. Байқасам, бақыру былай тұрсын, еріндерім есінен танып, тілім байғұс отыз екі тістің темір құрсауында тұншығып, опшым, қимылсыз жатыр екен.

  • Бір жеріңіз ауырып қалмады ма?- деді есік жақтан біреу көк мұздың

үстінде көтерем қойдай қиралаңдап жатқан мені қолтығымнан көтеріп жатып. Әйтеуір, тірі сияқтымын… Сасқанымнан:

  • Жаңа жыл құтты болсын!- деп, ақсаңдай басып, үй жақты бетке ала

безе жөнелдім…

                                                                                                Айгүл МОЛДАШ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.