Home » Жаңалықтар » Павлодар жаңалықтары…

Павлодар жаңалықтары…

Балалар Жаңа жылдық сыйлыққа ие болды  
    Биыл облыс әкімінің жаңа жылдық шыршасы «Біз — еліміздің жарқын болашағымыз!» тақырыбымен «Ертіс» қонақ үйінде өткізілді.
Оған: дарынды оқушылар, көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 9-13 аралығындағы 300 бала қатысты.
Іс-шарада аймақ басшысы балалар мен жасөспірімдерді 2020 Жаңа жылмен құттықтап, мықты денсаулық пен оқуда жаңа табыстар тіледі.
Қатысушылар түрлі ойындар мен өлеңдер айтып, би биледі. Сондай-ақ, мереке қонақтарына арнап театрланған қойылымдар көрсетті. Мұнда Қыстың әсем  келбетін сәнді киімдерімен сипаттап, таңдай қақтырғандар да аз болмады.
Жаңа жылдық ертегіде құнды мұраны іздеуге шыққан: Бапы хан, Шойынқұлақ, Алтын адам, Феникс, Аяз Ата, Ақшақар, Мысық пен Тышқан сияқты халық ертегілерінің кейіпкерлері де ат салысты. Шара соңында облыс әкімінің атынан әр балаға смартфон, логикалық үстел ойындары сыйға тартылып, балаларға арналған « тәтті  дастархан» жайылды.

Әдістемелік қызметтің заманауи жүйесі талқыланды
Жақында білім беруді дамытудың инновациялық орталығында аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің әдістемелік кабинеттерінің меңгерушілері мен Павлодар облысының мамандандырылған мектептері директорларының орынбасарлары қатысқан семинар-кеңесі өтті.
Кеңесте жас мамандарды әдістемелік қолдаудың, ата-аналар қауымдастығымен өзара әрекеттестіктің және 2020 жылғы әдістемелік қызметттер жұмысының өзекті мәселелері талқыланды.
Павлодар ауданы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі М.А. Кауметова жас мамандармен жұмыс және «Жас мұғалімдер» мектебі жайлы баяндама жасады. Ертіс ауданы білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Алмагүл Садыкова ата-аналар жиналысын ұйымдастыру және өткізу тәжірибесімен бөлісті.
Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы басшысы А.А. Жакиенова қатысушыларға жас мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар, жастарды педагогикалық қоғамда жұмыс істеу және еңбек жағдайына бейімдеу бойынша пәрменді шаралар қабылдауды, ата-аналармен ұсынылған жұмыс тәжірибесін қолданысқа ұсынуды барлық ведомстволық ұйымдардың назарына жеткізуді тапсырды.
ББДИО бөлімдерінің басшылары: Н.С. Жантурина және Л.С. Серикбаева «Мектепке дейінгі білім беру педагогы – 2020», «Жыл мұғалімі – 2020» облыстық байқауларының жаңа форматтағы жобаларын талқылауды ұсынды.
2019 жылдың қараша-желтоқсан айларында өткен педагогикалық қызметкерлерді аттестаттау қорытындысы және халықаралық зерттеулерге дайындық мәселелері де сөз болды.
Кездесудің екінші бөлімінде «Инновациялық-әдістемелік қызмет нәтижелерінің сараптамасы» атты оқыту семинары өткізілді. Семинарды ф.ғ. д., профессор Бейсембаев А. Р. өткізді. Ол педагогтардың инновациялық және зерттеу жұмыстарының мазмұны мен рәсімделуіне қойылатын негізгі талаптарды және инновациялық-әдістемелік қызметтің нәтижелерін сараптау әдістемесіне тоқталды.
Семинар қатысушыларына қосымша мәлімет ретінде «Инновациялық-әдістемелік қызмет нәтижелерін карталау» кестесі таратылды.

Әзірлеген: Айгүл МОЛДАШ,
«BILIM AINASY»
Павлодар

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.