Home » Білім және тұлға » Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров – «Жыл заңгері» атанды 

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров – «Жыл заңгері» атанды 

     Өткен жылды қорытындылай келе, «Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси газеті мен «Qazaquni.kz» ұлттық порталы 2019 жылғы «Жыл адамдарын» саралап, «Жыл адамы – 2019» таңдаулыларын анықтады.

Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасын таңдады.

Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы өткізіліп, арнайы құрылған Сарапшылар алқасы үздіктерін анықтаған.

«Жыл адамы – 2019» байқауының 21 номинация бойынша анықталған 24 жеңімпазы ішінде Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Сарманқұлұлы Әміров «Жыл заңгері» болып атанды.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміровтың 2019 жылы «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде жарық көрген «Мемлекеттік тілді меңгеру – еліміздің әрбір азаматының міндеті» атты мақаласы қоғам тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды. «Себебі, бүгінгі таңда сот саласында мемлекеттік тілдің үстемдігі байқалмайды. Досжан Әміров өз мақаласында сот саласының қазақ тіліне көшу керектігін атап өтіп, оның бірнеше жолдарын да көрсете білді» — деп анықтады «Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси газеті мен «Qazaquni.kz» ұлттық порталы.

Досжан Сарманқұлұлы — еліміздің сот жүйесіне елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан қайраткерлердің бірі. Досжан Сарманқұлұлы әсіресе мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру, оның сот жүйесіндегі қолданыс аясын кеңейту бағытында тынымсыз еңбектеніп жүрген төрағалардың бірі әрі бірегейі. Судьялар қауымдастығы Досжан Сарманқұлұлын осынау қоғамдық мәртебелі марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, жаңа жылда зор денсаулық, отбасылық табыс, ел игілігі жолындағы қызметіне абырой тілейді.

Сонымен қатар, «Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси газеті мен «Qazaquni.kz» ұлттық порталының таңдауымен Жыл жазушысы – Роллан Сейсенбаев пен Ырысбек Дәбей, Жыл ақыны – Байбота Қошым-Ноғай, Жыл саясаткері – Өмірзақ Шөкеев, Жыл депутаты – Кәрібай Мұсырман, Жыл министрі – ҚР Білім министрі Асхат Аймағамбетов, Жыл әкімі – Ерлан Айтаханов, Жыл ректоры – Рәбиға Қуатбекова, Жыл қаржыгері – Еркін Етекбаева, Жыл қайраткері – Ислам Әбіш пен Серік Төкиев, Жыл режиссері – Талғат Теменов, Жыл актері – Альмира Тұрсын, Жыл сазгері – Рахат-Би Әбдысағын, Жыл әншісі – Ержан Максим, Жыл суретшісі – Арыстанбек Шалбаев, Жыл ұстазы – Әлия Ахметова, Жыл журналисі – Нұргелді Әбдіғани, Жылдың тіл қайраткері – Қазыбек Иса, Жыл дәрігері – Бауыржан Ракишев, Жыл спортшысы – Нұрқожа Қайпанов пен Бекат Нұрдәулетов, Жыл диаспора үздігі – Владислав Тен анықталды.

Жылдың басты оқиғасы болып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатты, Қазақстанның жаңа Президенті сайланды, Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесі құрылды. Жыл жетістігі — Сириядағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша «Жусан» операциясы, ал Жыл датасы – 9 маусым, ҚР Президенті сайлауы –деп танылды.

       Ақмола облыстық сотының
баспасөз қызметі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.