Home » Жаңалықтар » Екі тілді, бір мақсатты білім ордасы

Екі тілді, бір мақсатты білім ордасы

«Білім айнасы» республикалық газетінің тілшілері аптаның алғашқы күнін Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің қазіргі тынысымен танысудан бастады. Сол мақсатта «№32 мектеп-гимназиясы» мемлекеттік мекемесіне бас сұқты. Орыс және қазақ тілінде білім беретін оқуы орнындағы тәртіп кіре берістен өз деңгейін көрсетті. Қызметкерлерінің сыпайылығы, жол бере амандасқан оқушының тәрбиесі мектептің ішкі тәртібінің мығымдығын аңғартты. Білім ордасында біраз жылдар бойы директордың қызметін атқарушы Гродер Виктор Германович кездесу барысында іскерлігін анық көрсетті. Сұрақтарымызға нық жауап беріп, нақты нәтижелі жұмыс жайлы ғана сөз қозғады. Аралас мектеп екендігіне қарамастан, қазақ тілінде білім алушылардың қазақи менталитетпен бой жетіп келе жатқаны қоңырау уақытындағы әңгімелерінен-ақ байқалды. Ұстаздардың кезекшілікті көк түсті матадан білегіне белгі таға жүріп атқаратыны көрер көзге қуаныш ұялатты. Мектеп дәлізі мен асхана алдында бірлесе атқарылған бұл жұмыс өз оқушыларына ғана емес, өзге мектеп ұстаздарына да үлгі болары сөзсіз. Білім беретін орта біртілді болса да, екі немесе одан да көп тілді болса да мақсаты өзгермесі анық. Ол – болашағынан үміт күттірер, бәсекеге қабілетті, білімі мен тәртібі тек үлгі боларлық ұрпақ тәрбиелеу. Ал, бұл тұжырымға «№32 мектеп-гимназиясы» анық мысал бола алады.

Жұпар САНСЫЗБАЕВА,
«BILIM AINASY» газеті,
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.