Home » Мақалалар » Баланы жауапкершілікке тәрбиелеу

Баланы жауапкершілікке тәрбиелеу

Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін қашанда ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Болашақ ұрпақтарымызға тәрбие беру барысында жауапкершілікке, адалдыққа тәрбиелесек, ел алдында адалдығы, жауапкершілігі мол ұрпақтарымыз көп болар еді деп ойлаймын. Жауапкершілік қандай қасиет?

Жaуапкершілік ол – aдaм бойындaғы белгілі бір істі, өзіне тaпсырылғaн міндетті орындaп жүзеге асыруынан бaйқалатын aдaмгершілік қaсиет. Бұл қасиет балаларда қай кезеңнен қалыптасады? Балаларда жасына қарамай жауапкершілікке үйрене алады. «Балапан ұяда не көрсе, Ұшқанда соны іледі» (мақал-мәтел) деген атам қазақ, сондықтанда әрбір ата-ананың алдымен өзінің жауапкершілігін сезінуі тиіс. Сонда ғана балаларына жауапкершілікті үйрете алады.

Балаларымыз бізді іс жүзінде үлгі ететін тұлға кейпінде көруі қажет. Бала үшін мың сөзден, бір жақсы іс әлде қайда өтімді болмақ. Сондықтан, ата-аналар мейілінше жақсы әдеттерді бала бойына сіңіруде перзентіне бет айна болуға тырысуы қажет. Кітаптан оқығаным: бала 1 мен 2 жас шамасында ата-анасының айтқанын істей бастайды және ата-анасының іс-әрекеттерін қайталағысы келеді. Ал 5-6 жастан жоғары еңбекке үйрене бастайды. Яғни баланың жасына сай бір жұмысты ата-анамен жасайды немесе балаға бір істі тапсырады.(1) Сонда бала жасаған жұмысы арқылы жауапкершілікті сезіне алады, әрі десе еңбекке бейім болады. Мектеп жасындағы балаларға үй тапсырмасынан бөлек үй жұмыстарын күнделікті жасауға дағдыландыру арқылы оның келешекте жұмысқа деген бейімділігі, жауапкершілігі артады. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған.

Жауапты болудың маңыздылығы

Жаңа ғана қосылысқан жұбайлар ата-анасынан бөлек кеткенде үй болудың бар қиын- қыспағын көтере алмай, қайтадан ата-анасына оралып жатады. Кей кездері кінә ата-анадан да болады. Мүмкін, олар бала кезінде ақшаны орынды жұмсауды үйретпеген, күнделікті тұрмысқа араластырмаған, тұлға ретінде жауапкершілікке баулымаған.

Балаңыз болашақта не істерін білмей есеңгіреп қалмас үшін, осы сәттен бастап оны жауапты болуға үйреткен жөн. Бір кітапта: “Балаңызды он сегіз жасқа дейін өзіңізге тәуелді еткізіп қойып, ал сосын шынайы өмірдің теңізіне лақтырып жібергеніңіз дұрыс бола ма?”— делінген. Әрине болмайды деп ойлаймын, балаға жасына қарамай жауапты болудың маңыздылығын сөзбен емес, іспен көрсуден ата-аналар жалықпаса екен. (1)

Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. (Мағжан Жұмабаев). (2)

Тәрбие жұмысы барысынды бірнеше ата-аналармен тақырып төңірегінде сұхбат жүргіздім, ата-аналардың айтары:

  1. Балам кішкентай кезінде оған барлығы қызық болатын, мен үй жинасам баламда қосылып жинайтын, гүлдерге су құйсам бірге құйатын. Осылай күнделікті үй шаруасын жасау арқылы жауапкершілікті үйренді. (Әйгерім)
  2. Ұлыма бір тапсырма беремін, сол тапсырманы уақытылы орындауды және соңына дейін бітіруді тапсырамын. Кейде уақытылы аяқталғанымен соңына дейін жасамайтын. Сол себепті әр тапсырманы қадағалау арқылы жауапкершіліктің маңыздылығын түсіндіре тәрбиелеп келемін. (Марат)
  3. Қоршаған орта, күнделікті өмір тіршілігі бір ғана ата-ананың тәрбиесі емес жалпы өмірде кездескен адамның барлығы әрбір тұлғаға әсер ету арқылы тәрбиеленеді. Енді мен ойлаймын баланың ортасы жақсы болса, балада сол ағымға қарай жүреді. (Айман)

Тәжірибелі мамандар сөзіне ден қойсақ, әрбір жаңа шаңырақ бейқамдықта тыныштық пен махаббат ұйытқысына айналары күмәнсіз. Бала кезінде тұлға ретінде қалыптаса алмаса, есейе келе тәртібі төмендеп, жауапсыз болып кетеді. Осындай кезде ”Не істеу керек?” деген сұрақ туындайды. Әрине, ата – ана баласының оқу сыртқы ортамен қарым-қатынасына күнделікті назар аударып, қатаң қадағалауда ұстауы қажет. Ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлға болғандықтан баланың ішкі жан сырына үңіліп, жүріс-тұрысындағы өзгерістерді жете қадағалап отыруы қерек. Балалармен сөйлескенде олардың жеке пікірімен де санасып отырған орынды. Ұлы ойшыл Әбунасыр Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек.Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» десе, Жан — Жак Руссо «Бала туылғанда ақ қағаздай болып таза туылады, оның бетіне шимайды қалай салсаң солай шығады, Бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесе солай тәрбиеленеді.» деген екен. Осыдан шығатын түйін: бала тәрбиесіне жауапты ең әуелі ата — анасы . Сол себепті еліміздің болашағы жастарымыздың заман талабына сай тұлға болып өсуіне және отбасында, ел алдында жауапкершілігі мол азамат болуына бірлесе үлес қосайық, құрметті ата — аналар!

Таушаева Арайлым Бахадыровна,
Алматы қаласы химия-биология бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектеп жатаханасының
тәрбиешісі

Пайдаланған сайттар

  1. jorg/kk/
  2. https://massaget.kz/mangilik_el/tup_tamyir/asyil_soz/53011

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.