Home » Жаңалықтар » ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК…

ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК…

Жақсының жақсылығын айт…

Жаһандану заманында ұлт­­тық бәсекеге қабілетті болудың көр­сет­кіші – білім деңгейімен өлше­неді. Сондықтан, әлемдік білім ке­ңістігіне кірігіп, білім беру жү­йе­сін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті – ұс­таздардың қолында. Болашақта еңбек ет­іп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сол себепті ұс­тазға жүктелетін міндет ауыр. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім берген тәрбие мен өнеге — оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Бүгінгі кейіпкеріміз шәкірттеріне бағдаршам болуға ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаздың бірі – Оспанова Меруерт Пәзілбекқызы.
Оспанова Меруерт 1963 жылы 26 маусымда Қызылорда обылысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік кеңшарында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1970-1980 жылдары Бірлік ауылындағы №55 «Бірлік» орта мектебінде білім алып, 1980 жылдың қыркүйек айынан 1982 жылдың қараша айына дейін Бірлік совхозында аға шопан болып жұмыс атқарады. Коммунистік партия қатарына қабылданып, 1982 жылдың қараша айында Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының дайындық бөліміне оқуға түсіп, 1983 жылы осы институттың физика-математика факультетінің студенті атанады. Институтта қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Студенттер советін басқарған М.Пәзілбекқызы 1988 жылы жоғарыда аталған институттың математика пәні маманы болып бітіріп, сол жылы, яғни, 1988 жылы тамыз айында Жаңақорған ауданындағы №125 орта мектепке математика пәні мұғалімі болып қабылданады.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. «Мұғалім – мектептің жаны» деген сөзді Ахмет Байтұрсынов та бекер айтпаса керек. Біздің кейіпкеріміз – Меруерт Пәзілбекқызы 1988 жылдан бері мектептен қол үзбей келеді. Ол педагогтық жолдарда аудандық, қалалық, облыстық, республикалық жарыс-додаларда жүлделі орындар иеленіп келеді.
Атап айтсақ, 2014 жылы «Математика және физика пәнін оқытуда инновациялық технологияларды пайдалану» бойынша «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының Сертификатын (Тіркеу № 026), 2014 жылы «Жас ұрпаққа сапалы білім және саналы тәрбие беруде жеткен жетістіктері мен қажырлы еңбектері үшін» С.Сапарбеков атындағы № 125 мектеп дирекциясының Алғыс хатын, 2015 жылы «Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың ІІ кезеңінде (аудандық) математика пәні бойынша ІІІ орын алғаны үшін Жаңақорған аудандық білім бөлімінің Дипломын (№125 мектебінің 11 сынып оқушысы Иманбай Мейіржан), 2015 жылы «ҰБТ дайындау үдерісінде пәндердің оқу бағдарламаларындағы қиын тақырыптарды оқыту мазмұны мен әдістемесі» бойынша ҚР БжҒМ «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Сертификатын (Тіркеу № 0095292), 2015 жылы «Тәуелсіз елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақты білімді де, білікті, жоғары мәдениетті, парасатты да саналы азамат етіп тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін» Жаңақорған аудандық білім бөлімінің кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасын, 2016 жылы «Нұр Отан» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының Алғыс хатын, 2016 жылы «Бүгінгі заман талабына сай бәсекеге қабілетті, ой өрісі кең жастарды тәрбиелеуге, білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» Жаңақорған ауданы әкімінің Алғыс хатын, 2016 жылы «Еліміздің жас жеткіншектерін оқытып, тәрбиелеу жолында сіңірген еңбегі және білім саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін» Қызылорда облысының білім басқармасының Құрмет грамотасын, 2016 жылы «Аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсіп – өркендеуіне қосқан ерекше үлесі үшін» Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатын, 2016 жылы «Математика пәні бойынша республикалық қашықтық олимпиада» бойынша Алғыс хатын (Алматы қаласы. Қазақстан ұстазы. тіркеу № 23372), 2016 жылы «2015-2016 оқу жылындағы білім қызметкерлері арасында аудандық V спартакиадаға спорттың әр түрінен қатысып жақсы нәтиже көрсеткені үшін» С.Сапарбеков атындағы №125 мектеп дирекциясының грамотасын, 2016 жылы «Ізденіс жолы» Республикалық педагогикалық журналының «Көптілді білім беру-заман талабы» атты семинар жұмысына қатысып, үздік баяндама жасағаны үшін Дипломын, 2016 жылы Ишан Ә.А. «Математика» пәні бойынша республикалық қашықтық олимпиадаға қатысып, жоғары көрсеткіштерді иеленген үшін І дәрежелі дипломын, 2016 жылы «Үздік заманауи сабақ» атты халықаралық дәрежеде өткізілетін республикалық шығармашылық конкурстарға қатысып, жүлделі орын иегері атанған үшін Халықаралық қатысулармен өткізілетін республикалық шығармашылық конкурста І дәрежелі дипломын, 2017 жылы «БПҰ-ның партия жобаларын іске асырудағы рөлі» бойынша «Нұр Отан» партиясы Саяси менеджмент мектебінің Сертификатын (Тіркеу № 5288), 2018 жылы «Орта білім мазмұнын жаңарту аясында оқыту мен оқудың жаңа тәсілдері» бойынша «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық орталығының Сертификатын (Тіркеу № 008230), 2018 жылы «Сыр өңірінің білім беру саласын өркендету жолында адал қызмет етіп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі қажырлы еңбегіңіз бен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі үшін» «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Алғыс хатын, 2018 жылы «Білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі, педагогикалық шеберлігі, жаңартылған білім беру технологияларын дамытудағы шығармашылық жетістіктері үшін» Жаңақорған ауданы әкімінің Құрмет грамотасын, 2019 жылы ҚР БжҒМ «Өрлеу» және «Атамекен» ғылыми әдістемелік  орталығыныі Сертификатын («Алгебрадан жаңартылған бағдарлама аясында құрастырылған жұмыс дәптері»  атты әдістемелік құралының авторлық құқығына ие болуын және Қазақстан Республикасы көлемінде таратылғанын растайды. Әдістемелік жинақ ҚР МЖМБС-3.08.095-2018 берілген нормаларға сәйкес келеді,баспаға 18.04.2019 жылы бекітілген), 2019 жылы «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық сайысына қатысқаны үшін II дәрежелі дипломын (Тіркеу № 640, Алматы), 2019 жылы көп жылғы еңбегі және білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін ҚР БжҒМ Алғыс хатын иеленіп, жеңіс тұғырынан көрініп, абыройы асқақтап келеді.
2017 оқу жылында мектеп бітіруші шәкірттері ҰБТ-да математикадан 23 балл аудан бойынша ең жоғарғы көрсеткішпен танылып, Меруерт Оспановаға аудан әкімінің Алғыс хаты мен теледидар сыйға берілді. Шәкірттері Илясова Айдана, Әбласан Гүлдерайым т.б. Меруерт апайларының ізін жалғап, жолын қуып, аудан орталығындағы мектептерде математика пәні мұғалімі болып, жемісті еңбек етуде. Алтын белгі иегерлері — Қанайбек Патшайым, Иманбай Мейіржан, Еркінбек Ерқанат сынды шәкірттерінің Меруерт Пәзілбекқызы үшін орны бөлек.
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтқандай, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – көптің қолынан келе де бермейтіні ақиқат. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Осы жолда Меруерт Оспанова еш аянып қалмаған.
Жуырда Елордада ұлағатты ұстаздарымыздың кәсіби мерекесі қарсаңында республикалық «Үздік педагог-2019» конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрайымы Әлия Назарбаева, қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, мұғалімдер мен білім беру саласының ардагер-ұстаздары қатысты.
Айта кеткен жөн, 8 жыл ішінде аталған байқауға 35 127 педагог қатысқан, оның ішінде мектепке дейінгі және орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі 432 педагог 1000 АЕК көлемінде ақшалай сыйақымен және «Үздік педагог» белгісімен марапатталған.
Айтулы шараға туған жерім Сыр өңірінен облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова бастап келген 11 ұстаз министрдің Алғыс хатымен марапатталып, оның 2-еуі «Үздік педагог» атанды. Онда өзім оқыған №125 мектепте алгебра, геометрия пәндерінен сабақ берген Оспанова Меруерт апайымның да еселі еңбегі ескеріліп, айтулы қошемет көрігінен көрінуі — алтын ұямның ғана емес, аймағымның мақтанышы! «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – ұстаздыкі» деген екен ақын Мағжан атамыз. Жаңақорғандық ұстаздарымыздың тұғырлары төрден болғай деген тілек қосамыз!
Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстазға ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір шәкіртке деген қамқорлықтың, ағалық сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан-дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емей, немене?! Сондай қасиеті мол кәсіптің иесі – ардақты ұстаз Оспанова Меруерт әулетіне сыйлы келін, отбасында адал жар аяулы ана, мейірімді әже.
Меруерт Пәзілбекқызы 1988 жылы үлкен отбасына келін болып түскен.  Жолдасы Біләлов Сұлтан Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжінде арнайы пән оқытушысы болып жұмыс атқарады. Бүгінде Меруерт Оспанова жолдасы Сұлтан Төреханұлымен төрт перзент тәрбиелеп, немере сүйіп отырған отана. Тұңғыштары Нұргүл тұрмыс құрған. Үлкен қызым Нұргүл Алматы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің магистратура бөлімін үздік бітіріп, сол университетте мұғалім болып қызмет атқарған. Бүгінде Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің докторантура бөлімінде білім алуда. Ұлы Самат Алматы қаласы Алмалы ауданының «Нұр Отан» партиясы филиалының кеңесшісі қызметін атқарса, қызы Айдана Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің  II курс студенті, ал кенжесі Әлішер Жаңақорған ауданы орталығындағы №169 мектептің 8 сыныбының үздік оқушысы.
Шәкірттерін сапалы біліммен қаруландырып, кемелді келешегіне дұрыс бағдар беруде өлшеусіз еңбек сіңірген Меруерт Пәзілбекқызының отбасына бақ пен құт, әулетіне амандық, деніне саулық және ұстаздық еңбегіне берекелі жеміс тілейміз! Лайым шәкірт шаттығына бөленіп, ұстаз ұлағатын сезінуіне тілекшіміз!

Гүлжазира Құдайбергенқызы ЕРТАСОВА,
«BILIM AINASY»,
Нұр-Сұлтан

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.