Home » Жаңалықтар » «Жеті сауалмен» жария болған жетістіктер

«Жеті сауалмен» жария болған жетістіктер

«Білім айнасы» республикалық газетінің редакциясы тың жоба бастады. Жаңа жоба «Жеті сауал» деген атауға ие болып, жеті сұрақтан тұратын сауалнамалық сипатта ұсынылуда. Оқу орнының жетістігін, ерекшелігін ашып, оны баршаға жария етуді мақсат еткен жоба әртүрлі пікірге қарамастан тек жақсылықтың жаршысы болуға ұмтылуда. Еліміздің бірқатар өңірлеріне, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы біраз білім ордаларына тарап үлгерген сауалнамамыздың алғашқы нәтижелері де дайын болды. Екі аптаның ішінде «Білім айнасы» газетінің тілшілері Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бірталай білім ордасына бас сұғып, мектеп директорына жолығып, орынбасарларынан сауалнама сұрақтарына нақты жауаптар алды. Сауалнама нәтижелері мынадай:
1951 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «№26 мектеп-гимназиясы» 68 ұстазы арқылы 1167 оқушыға білім нәрін сіңіріп, республикалық, халықаралық көлемде түрлі жетістіктерге жетіп отыр. «Алаш үміті» халықаралық фестивалінде білім ордасының ұстаздары «Алтын жүлде», «Күміс жүлде» және «Дарабоз», «Өз ісінің шебері» номинацияларын иеленген. Ұстаздарының бірқатары «Үздік орыс тілі мұалімі – 2018», «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» (2018-2019 жж.), «Үздік химик» (2018-2019 жж.), «Үздік тарихшы» (2018-2019 жж.) аталалымдарын иеленген. Оқушылары да Каленинград қаласында өткен халықаралық «Үздік гимнаст – 2017» байқауының және халықаралық «Алаш үміті» фестивалінің 2-орын, «Күміс медаль» иегерлері атанған.
1959 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан 60 жылдық тарихы бар «№20 орта мектепте» 63 ұстаз 993 оқушыға білім беруде. Оқу орнының ұстаздары ағылшын тілі пәні бойынша 2018 жылы өткен Халықаралық театрланған «Wonderfest» фестивалінде гран-при иегері, 2019 жылы өткен «Занимательный английский» халықаралық байқауында І-орын иегері атанған және осы ағылшын тілі бойынша 2019 жылы «Менің сүйікті ағылшын оқулығым» республикалық байқауының ІІ-орын жеңімпаздары. Мектеп оқушылары да велоспорттан, дзюдодан, каратэ, жеңіл атлетикадан, гимнастикадан халықаралық, республикалық деңгейдегі чемпионаттардың жеңімпаздары. Атап айтсақ, халықаралық деңгейде 1 оқушы ІІ орын, 1 оқушы І орын, республикалық деңгейде 6 оқушы І, ІІІ орын иеленген.
1978 жылдан бастап жұмыс жасап жатқан «№30 мектеп-гимназияда» 112 ұстаз 1955 оқушыға білім беріп отыр.
1988 жылы негізі қаланған, 3660 оқушы білім алатын, 184 ұстаз қызмет атқаратын «№32 мектеп-гимназиясының» Халықаралық деңгейде кәсіби конкурстар, конференциялар мен семинарларларға қатысқан 25 ұстазы, республикалық деңгейде жетістіктерге жеткен 36 ұстазы болса, республикалық деңгейде пәндік олимпиадалардан 1 оқушысы 3-орын алса, 1 оқушысы сертификат иеленген. Өнерлі ұландары «Әр бала жұлдыз» атты республикалық конкурсқа қатысып, жүлделі 1-орынды алса, спортқа жаны құмар оқушылары халықаралық сайыстар бойынша, күрестен және садақпен ату бойынша 1-орыннан көрінсе, республикалық деңгейдегі жарыстар бойынша үстел теннисі, шаңғы спорты және жеңіл атлетикадан алғашқы үш орынды да иеленген оқушылары бар.
1990 жылдан бері өз жұмысын атқарып келе жатқан «№6 гимназияда» бүгінгі күні 91 педагог 1653 оқушыға білім беріп отыр. Ол ұстаздардың 18-і түрлі республикалық деңгейдегі жұмыстарымен ерекшеленсе, шәкірттері жетістіктерімен мақтана алады. Республикалық дәрежедегі сайыстардың ғылыми жоба бағыты бойынша 10 оқушы, пәндік олимпиада бойынша 125, спорттық жарыстар бойынша 51, өнер және шығармашылық бәсекелерінде 119 оқушы топ жарған.
1999 жылы негізі қаланған «№38 мектеп-лицейінде» 118 ұстаздан 2074 оқушы білім алуда. Білім ордасының ұстаздары Амстердам қаласында өткен халықаралық «WAFS-2019» конференциясында «Lesson Study: мұғалім көшбасшылығын дамыту» тақырыбында жоба қорғап, 46 мемлекеттің ішінде елімізді үздік ондыққа енгізеді. Ал, оқушылары республикалық деңгейдегі баскетбол спортынан І-орын, тоғызқұмалақ спортынан І, ІІ-орын иеленсе, өнерлі ұландары халықаралық, республикалық сайыстардың І, ІІ-орын иегерлері атанған.
2005 жылы тұсауы кесілген «№49 орта мектепте» 87 ұстаз 1367 оқушыны білім нәрімен сусындатып отыр. Оқу орны «Этнопедагогика патриархы» Н. Волковтың қатысуымен «Білім берудің этнопедагогикалық негіздері: теория және практика» тақырыбында халықаралық ғылыми-пракктикалық конференцияның өтуіне мұрындық болған. Ұстаздары да республикалық, халықаралық жарыстарға шәкірт даярлап, педагогикалық оқуларға қатысып, республика көлемінде ашық сабақтар өткізіп жүрсе, оқушылары да жетістіктерімен даралануда. Мысалы, республикалық деңгейде ғылыми жобалар сайысынан 5 оқушы, пәндік олимпиадалардан 7 оқушы, спорттық жарыстардан 15 оқушы, өнер сайыстарынан 10 оушы өзгелерден оза шапқан.
2010 жылы негізі қаланған «№65 мектеп-гимназиясы» инклюзивті білім беруге басымдық беретін, 252 педагогы, 3200 оқушысы бар білім орда. Халықаралық және республикалық байқауларға қатыстқан ұстаздардың жалпы саны 39-ды құрайды.
2011 жылдан өз жұмысын бастаған «№67 мектеп-гимназиясы» лингвистикалық бағытты ұстанып, ағылшын, неміс, қытай, поляк тілдерін барлығы 2400 шәкіртке 150 мұғалім үйретіп отыр.
2013 жылы негізі қаланған, 168 ұстазы бар, 3444 оқушыға білім нәрін сіңіріп отырған «№71 мектеп-лицейі»халықаралық «Фонд поддержки образования» қорының мүшесі. Бұл қорда Қазақстанның 16 мектебі Ресей мен Армения мемлекеттерінің 346 мектебімен онлайн байланысқа шығу мүмкіндігіне ие.
2015 жылы негізі қаланған, 103 ұстаздан 959 оқушы білім алып отырған «№81 Astana English School» мамандандырылған гимназиясы» — халықаралық бакалавриат орта білім беру бағдарламасы бойынша кандидат білім мекені. Халықаралық «Global Schoolars» бағдарламасы негізінде пән мұғалімдерінің шетелде білім алып, шетел мамандарымен бірлесе жұмыс істеп отыр және қазіргі таңда PHD Dr. мамандары да бар. Оқушыларының жетістіктеріне тоқталсақ, республиалық деңгейде ғылыми жоба бағыты бойынша 42 оқушысы, пәндік олимпиада бойынша 2 оқушысы, спорттық сайыстар бойынша 20 оқушысы, өнер бағыты бойынша 32 оқушысы жүлделі орын иегерлері.
2015 жылы негізі қаланған «№79 мектеп-лицейдің» 121 педагогы 2411 оқушыны білім нәрімен сусындатып отыр. Мектеп отбасылық құндылықты дәріптеу мақсатындағы «Әкеммен кездесу», «Әкелер жеңісі» атты республикалық жобасымен ерекшеленеді. Ұстаздары республикалық деңгейдегі педагогикалық конкурстардың жүлдегерлері болса, оқушылары да халықаралық Ломоносов атындағы олимпиаданың, «Зерде» зерттеу жұмысының І, ІІ орын иегерлері.
2016 жылдан өз жұмысын бастаған «№80 мектеп-гимназиясында» 105 педагог 1906 оқушыға білім беріп отыр. Оқушылары түрлі республикалық сайыстардың жеңімпаздары.
2016 жылдан бастап жұмыс жасайтын, 166 ұстазы және 3106 оқушысы бар «№83 мектеп-гимназиясы» инклюзивті білім беруді де жүзеге асырып отырған білім ордасы. «Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығы» халықаралық жобасының, «Сорос» қоры, Назарбаев университеті және Кембридж университеті бірлесе ұйымдастырған республикалық «Экочеллендж» жобасының жеңімпазы. Сонымен қатар, оқу орны «ЮНЕСЕФ» халықаралық жобасын да жүзеге асырып отыр. Үштілділікті жүзеге асырып, паралимпиялық спорт түрлерін дамытып отырған ұстаздары да бірнеше республикалық, халықаралық сайыстардың жеңімпаздары. Жан-жақты оқушылары да түрлі республикалық, халықаралық сайыстардың жеңімпаздары. Оның ішінде ғылыми жобалар сайысы бойынша халықаралық деңгейде 1 оқушы, республикалық деңгейде 2 оқушы жоғарғы орындар иеленсе, пәндік олимпиадалар бойынша халықаралық деңгейде 3 оқушы математика пәні бойынша үздіктер қатарынан көрінген. Республикалық спорттық сайыстар бойынша оқушылардың 2-уі волейбол, 2 баскетбол, 1-уі тоғызқұмалақ спортының жеңімпаздары атанса, өнерлі ұландары республикалық ән-би байқауларының І-орын, алтын медаль, күміс медаль, гран-при иегерлері.
2018 жылы құрылған «№85 мектеп-лицейінің» 125 ұстазы барлығы 3160 оқушы тәрбиелеуде. Оған қоса, білім ордасының ұстаздары республикалық сайыстардың «Үздік мұғалім», «Үздік менеджер» номинацияларын иеленген. Оқушылары да республикалық «Зерде» зерттеу жұмысының, пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары.
Алғашқы екі аптамызды әзірге осылай қорытындылап, сіздің мектебіңіз жайлы ақпарат та газетіміздің келесі санында, дәл осы беттен орын алатынын қуана хабарлаймыз. Ескерте өтетін жайт, барлық ақпарат дәл осылай сауалнама сұрақтарына берген жауаптарыңыз бойынша ұсынылады. Жақсылықтың жария етуді ғана мақсат тұтқан жобамызға сіздің мектебіңіз де қатысады. Олай болса, білім ордаңызда «Білім айнасы» республикалық газетінің тілшілерін «Жеті сауал» жобасының сауалнамасымен күтіңіз.

Жұпар САНСЫЗБАЕВА,
«BILIM AINASY» газеті,
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.