Home » Балабақша » Теңіздей терең бала тәрбиесіне тамшыдай үлес қосушы

Теңіздей терең бала тәрбиесіне тамшыдай үлес қосушы

Бала – өмірдің мәні, ата-анасының көз қуанышы, елінің болашағы. Жастайынан тәрбие мен білім нәрін бойын сіңірген ұрпақ сапалы болашығымыздың кепілі болмақ. Ал, саналы ұрпақ тәрбиелеп, баланың жан-жақты сауатын ашуда балабақшаның да рөлі зор. Сондай іргелі тәрбие ордаларының бірі – «Алтын сақа» балабақшасы. Қосшы елді-мекенінде орын тепкен бұл балабақшаның негізін Сағынған Елеусізқызы қалаған. 1957 жылдың 29 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Семей өңірінде дүниеге келген Сағынған Елеусізқызы әкесі Елеусіз Айтбайұлы мен анасы Шамшыбану Орынғалиқызының көптен күткен перзенттерінің бірі болған. Сол себепті есімін Сағынған деп қойған екен. Кейін жеті жылдан соң Қанат деген бауыры дүние есігін ашып, отбасын ғана емес, әпкесі Сағынтайды да қуанышқа бөлейді. Алайда 1964 жылы Семей ядролық полигонының кесірінен әкесі дүниеден озады. Кейін Сағынған Елеусізқызы 1974 жылы мектеп бітіріп, Семей қаласындағы «Қаржы-экономикалық колледжіне» оқуға түседі. Оқуын тәмамдаған сәттен бастап көп жылдар бойы экономист-бухгалтер болып жұмыс жасайды. Психология кітаптарына қызығып, көп оқитын және адамдарға көмектесуді жақсы көретін жан 2002 жылы «Шығыс және қазіргі медицина» ғылыми орталығына оқуға түсіп, ол жерден «теопсихо-биоэнерго-терапевт» мамандығын алып шығады. 2007 жылы 13 қыркүйекте тағы бір куәлік алды. 2007 жылы әлем емшісі деген куәлікке ие болды. Сағынған Елеусізқызының үлкен армандарының бірі – қажылыққа бару болатын. Арманы орындалып, үлкен қажылыққа бару бұйырады. Қажылыққа барған сапарынан соң балалар үшін балабақша ашуға ниеттенеді. Ол ниеттің пайда болуына «еліміз үшін ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірсек» деген ойы түрткі болған. Сол ниеті айқын мақсатқа айналдырып, 2017 жылдың тамыз айының алғашқы жұлдызында «Алтын Сақа» балабақшасын ашады. Қазіргі уақытта мекемеде 70-ке тарта бала 4 топқа бөлініп, білім мен тәрбиені қатар игеруде. Бүлдіршіндерді мектепке даярлау барысында «Алматыкітап» баспасының кітаптарын басшылыққа алатын тәрбие ошағы бала жадысын дамыту үшін өлең жаттатса, ертегі айтып, оны сұрау арқылы мазмұндауға үйретуде.Тәрбиешілері  көбіне сабақты ойын түрінде өткізіп, музыка арқылы сергітіп алатын көрінеді. Тіпті, балдырғандарды көркем жазуға қызықтырып, оның ішінде әріптер мен сандар жазбасына үлкен мән береді екен. Күніне 3-4 сабақтан оқитын тәрбиеленушілері спортқа да бейім екен. Араларында шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелерінен бөлек, каратэ спортына да қызығушылар көп. Ұлт болашағын бала тәрбиесімен ұштастырып, оған өзіндік үлес қосып жүрген Сағынған Елеусізқызының жолдасы Манап пен 5 баласы, 13 немересінен құралған кішкентай отаны бар екен. Олай болса, отбасыңызға амандық, ал бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

Жұпар САНСЫЗБАЕВА,
«Білім айнасы»,
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.