Мектепте балаларға шаң сүрткізіп, еден жуғызу дұрыс па, бұрыс па деген мәселе қоғамда әжептеуір әңгіме болып жатыр. Журналистер мен әлеуметтік желідегі белсенділер жарыса жазып, оларға министр жауап беріп дегендей.
Жазып жатқандар мен жауап беріп жатқандардың арасында Жапонияда мектепті балалардың өздері тазалайтыны, оқу орындарын өздері жуып-шаятыны жайлы да айтылып жатыр.
Негізі, жапондардың дәл осы салты жайында бізде ғана емес, соңғы жылдары әлем елдерінің біразында қызу талқыланып жүр.
Бразилиядағы олимпиада мен футбол чемпионатындағы стадиондарда жергілікті және басқа елдерден келген жанкүйерлер жан-жағына қоқыс шашып, ластап кетіп жатқанда жапондар отырған орындарын жылан жалағандай тап-таза ғып тазалап кетіп жүргенін көрген төрткүл дүниеден жиналған журналистер өз тілдерінде сол жайлы ақпарат тарата бастады.
Одан кейін Ресейде өткен футбол чемпионатында Жапония мен Сенегал командаларының ойынынан кейін тағы сол қоқыс жинап жатқан жапондарға әлемнің назары ауды. Тіпті жапондарға еліктеп сенегалдықтар да қоқыс жинап кеткені жайлы сол күні осы өзіміз де жазып жаттық.
Жазып жатқандардың көбісі «Жапондар таза, артында қоқыс қалдырмайды. Себебі, олар ондайға бала жасынан бойларын үйреткен. Жапон мектептерінде оқушылар өздері шаң сүртіп, еден жуады, сондықтан жастайынан жан-жағын таза ұстауға үйренеді» дегенге келтіреді.
Азиядағы ең дамыған елдердің бірі Сингапур үкіметі бірнеше жыл бұрын жапондардың осы салтын өздеріне енгізіп көрсек деп талпыныс жасаса, өткен жылы Англияның бір мектебі біз де сондайды жасап көрсек деп балалар мен олардың ата-аналарымен ақылдаса бастапты. Біраз жыл бұрын сол кезде аты шулап тұрған «Аль-Джазира» агенттігі жапондардың осысы жайлы арнайы репортаж жасаған еді. Оны көрген араб балалар жапон балаларға еліктеп мектептерін өздері тазалай бастаса, арғы жақтағы АҚШ-тағы ең әйгілі саясаткерлердің бірі, кезінде конгрестің өкілдер палатасының төрағасы болған Ньют Гингрич «Америкаға керегі жапон мектебінің үлгісі» деп үн қатты.
Бірақ, жапонның бұнысы көп елде іске аспай қалып жатыр. Мәселе дамыған ел, дамымаған ел дегенде емес. Немесе азиат, азиат емес, ақ, қара дегенде де емес сияқты.
Тіпті жапондардікі дұрыс, бұрыс дегенде де емес. Менің ойымша, бұл дұрыс та емес, бұрыс та емес. Жоғарыда «салт» деген сөзді бекер айтып отырғам жоқ. Бұл да бір салт. Қанға сінген әдет. Ал әрбір салттың, әрбір әдеттің жақсы жағы мен жаман жағы бар, жаңасы мен көнесі бар.
Жапон жұртының салт-дәстүрі мен мәдениетінде «ДО» деген қасиетті ұғым бар. Өзімізге белгілі «ДзюДо», «КэнДо», «АйкиДо» сияқты тағы басқа жекпе-жек өнер түрлерінің жалпы атауы «БуДо» болса, атақты самурайлар кодексі «БусиДо» деп аталады. Жапондар бұл жекпе-жек өнерінің ешбіреуіне жәй спорт ретінде қарамаған. Доджё немесе татами, яғни рингке жарысқа шыққаннан кейін біреуді жығып, жеңіске жету мақсат болғанымен, әу баста бұлардың бәрі ең алдымен адамның тәнін түзеп, жанын жөндейтін, рухани азық алып, ой мен бойды тазартуға арналған ғұрып ретінде дүниеге келген.
Бұл жерде дәл осы «тазару» деген сөзді басым ұғым деп ұққан жөн. Жан-жағың лас боп жатса тәнің қалай тазарсын, жаның қалай жарқырасын. Әркез жаттығуды бастамас бұрын әрбірі және бәрі бірігіп ең алдымен сол жаттығу жасайтын жерінің жан-жағын тазалаудан бастайтыны сондықтан. Жекпе-жек өнерінің осы түрлерімен айналысып жүргендер сөзімді растар, олардың бәрі де мықты дзюдоист, каратист болар алдында, жоқ, мықты болу үшін жаттығуларын бастар алдында жүз рет шаң сүртіп, мың рет еден жуған, әлі де жуып жүр.
«ДО» салтының «СаДо» (шай құю өнері) немесе «КаДо» (гүл өнері «Икэбана») сияқты «жұмсақ» түрлері де бар. Өнердің бұл түрлеріндегі рәсімдер де ең алдымен жан-жағын тазалаудан басталады.
«Қолыңдағы шүберек шаңды өзіне жұтып алу арқылы жан-жағын тазартады, ал жан-жағың таза болса шүберек те таза қалады. Сондықтан өзің таза болғың келсе, ең алдымен жан-жағың таза болу керек».
Дегенге саятын жапон дүниетанымының күретамыры «ДО» ұғымы ең алдымен тазалықты қатаң талап етеді.
Дүниетаным демекші, дүниетанымға діннің әсері көп екені белгілі. Жапонның бір діні Буддизм. Оның ішінде дзэн-буддизм ағымы дәл осы «ДО», әсіресе «БусиДомен» үйлесіп, тамырласып, жапон жұртының мінез-құлқының негізін құрады.
Ал енді буддист монахтардың өз ғибадатханаларында жүргізетін негізгі және басты үш рәсімге назар аударып көрсек.
Діни терминдермен айтқанда, ең алдымен «еңбек ету» («саму») бірінші кезекте, екінші кезекте «құдайға табыну» («гонгё»), ал «білім алу» («гакумон») соңғы үшінші орында тұр. Бірінші орындағы «еңбек ету» дегеніміздің негізгі мағынасы ғибадатхананың жан-жағын тазалап, шаңын сүртіп, еденін жуу дегенге саяды.
«Жан-жағыңды тазалап ал да, құдайға табынып ал да, содан кейін оқитыныңды оқи бер». Оқып, білім алу үшін тазалық бірінші орында тұрса, еңбектің қадірін түсінбей жатып оқығаның білім болып бойыңа сіңбейді деген сөз.
Осылайша, жапонның заманауи мектептеріндегі балалардың шаң сүртіп, еден жуу әдеті ұлттық мәдениет пен діннен бастау алып отыр.
Дін демекші, жапондардың ұлттық діні Синто қағидаттары бойынша жапон императоры жердегі құдайдың келбеті болып саналады.
Ал енді император сарайының жан-жағы мен аулаларын кім тазалайды деп сұрап көріңіз. Үкімет емес. Үкіметтік бюджетте ол үшін қаражат қарастырылмаған.
Император үйінің жан-жағы мен алды-артын, аула-бақшаларының барлығын халық тазалайды. «Кокё-кинро-хоши» деп аталатын «император үйінде еңбек ету» салты бар. Жыл сайын жүздеген жапон өз еркімен император үйіне өз еңбегін сыйлау үшін волонтёр ретінде кезекке тұрады. Оның ішінде байы да бар, бай баласы да бар, шалғай жатқан өңірлерден өз қаражаттарымен келіп жататындар бар. Императордың ауласын сыпырып берсем, бақшасының шөбін орып, жапырағын жинап берсем дегендердің саны көп болғаны соншама, император үйі олардың санына шектеу қоюға мәжбүр болып отыр. Жыл сайын император мен оның жұбайы ондай еріктілердің алдына шығып, олардың тазалық жұмыстары мен еңбектеріне алғыс айтады. Тағы да тазалық, тағы да еңбек, тағы да алғыс.
Еңбекке баулу маңызды болса, ал одан бұрын, бірінші және ең алдымен сол еңбекті сыйлауды, әсіресе біреудің еңбегін құрметтеуді баланың бойына сіңіру одан да маңызды.
Оқы, оқымасаң арбакеш боласың, малшы боласың, тракторист боласың, шахтер боласың, құрылысшы боласың, анау боласың, мынау боласың деп нағыз еңбек пен нағыз еңбек адамдарына тіл тигізу арқылы баланың білімге құштарлығын күшейте аламыз деу дұрыс емес. Ол — әбестік. Бай болсаң, байдың баласы болсаң, бастықтың баласы болсаң шаң сүртіп, еден жумайтын боласың деген сондайдан шығады сосын…
Деп осы әңгімені осымен аяқтайын деп жатқанда, тыңдап отырған кісі «сонымен жапондар құсап мектепте балаларға еден жуғызамыз ба, жоқ па?» деп қайта сұрады.
Қайта ойымды жеткізуге тырыстым:
Мектепте балалардың еден жууы, әжетхана тазалауы — бұл жапон халқының салты. Бір халықтың салтын екінші халық өзіне көшіріп ала алмайды. Біздің мектептерде де кезекпен тақта сүрту салты бар. Жақсы салт. Соны сақтап қалайық. Біреуге еліктеген дұрыс емес. Одан да балаларды алдымен тазалық пен еңбекке, еңбекті сыйлауға, әсіресе басқаның еңбегін сыйлауға үйретуіміз қажет. Еден жумас бұрын еден жуып жүрген апайлары мен сол кісілердің таза еңбегін құрметтеуді үйренсе екен балалар. Содан бастайық…
PS:
Тазалыққа құмар, артында қоқыс қалдырмайтын жапондық жастардың батысқа еліктеп атап өтетін «Хэллоуин» мерекесінен кейінгі қылықтары жайында да алдында жазған болатынмын. Жындылардың жиынынан кейін жаңағы айтып отырған жапондардан түк қалмай, қалалары қоқыстың көкесіне толып қалады. Мектепте қысылып өскен жапон бала, жын-шайтанмен жақындасуға жасы жеткенде өзі де жынданып шыға келетіні де жат нәрсеге еліктеудің дұрыс емес екенінің бір көрінісі.
Біреуге еліктей бергенше, барымызды сақтап, жақсымызды жалғастыра берейік.
Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТТІҢ
фейсбук парақшасынан алынды