Home » Жаңалықтар » Өнегелі мектеп басшысы

Өнегелі мектеп басшысы

Әлемде білім саласына баса мән берген мемлекеттердің экономикасы қарыштап дамып,аз жылдың ішінде толағай жетістіктерге жеткендігін көріп,біліп жүрміз. Ал біздің елімізде ғылым-білім саласына аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Мұны көп санды мектептердің заманауй техникалармен жабдықталып,мектеп басшылығына іріктеуден өткен іскер директорлардың келуінен-ақ байқауға болады. Міне сондай басшылардың бірі Талғар қалалық 1-орта мектебіміздің директоры-Зәмзәгүл Төлеубекқызы.

Біздің 1-орта мектебіміз Талғар бойынша тұңғыш құрылған тарихы ұзақ білім ордасы болып табылады. Бұл жер атақты химик Зұлқар Мәнсүров,академик Карл Байпақов сияқты ұлы тұлғалар білім нәрімен алғаш сусындаған киелі шаңырақ болып саналады. Алайда 3-4жылдың алдында мектебімізден берекет кетіп,білім сапасы қатты төмендеді. Сөйтіп аудандағы ең шулы,ең нашар оқу орындарының біріне айналғандығы жасырын емес. Сол себепті ата-аналар балаларын жаппай басқа мектептерге ауыстырып,оқушы саны күрт азайған еді. Мұны сезген аудан басшылығы бір түзесе осы кісі түзейді деп педагогика ғылымдарының кандидаты,тіс қаққан басқарушы Зәмзәгүл Төлеубекқызын мектеп директорлығына тағайындады.
Ол кісі келе салып мектеп қабырғаларының қаусап тұрғандығы,ұзақ жылдан бері ремонт көрмегендігін байқап,дереу жоғарыға өтініш жасады. Жақсы келсе құт келер демекші бұл апайдың тілегі қабылданып,дереу мектеп ғимараты толықтай жөндеуден өтті. Сол кезде бір таңғалғаным жөндеу барысында апайымыз тікесінен тік тұрып,әрбір сылағының әрбір төсеніш кесектерінің дұрыс істелуін қадағалап жүрді. Білім шаңырағымыздың ауласында бір тал гүл жоқ,керісінше арам шөптермен бейберекет өскен қарағаштар ғана болатын. Зәмзәгүл апайымыз олардың бәрін реттеп,неше түрлі гүлдермен шыршалар отырғызды. Оның ретті де көркемдігі сондай жаздық демалыста жұрттар сейілдеп жүргенде бейне бір орталық саябақ екен деп қаласың.

Бұл заттық жағынан жасалынған үлкен өзгерістер болып табылады. Ал тәртіп-түзім,оқу сапасы жағына келер болсақ,ең алдымен саны бар сапасы жоқ оқытушылар мәселесін шешуге күш салды. Яғни бұрын білімсіз топырлаған мұғалім көп,сағат саны аз болды. Демек қызметкерлер төмен айлық алып,күн көрістері нашар еді. Соны білген басшымыз мұғалімдерге қатаң тексеру жүргізіп,білімі төмен,олақ мамандарды қысқартты.оның есесіне жоғары нәтиже көрсете білген ұстаздарға сағаттарын көбейтіп берді. Сөйтіп айлықтары шайлықтарына жеткен білімді оқытушылар қам-қайғысыз бар ынтасымен жұмысына беріле бастады. Деседе «бес минут сабақтан кешіксең,жұмыстан кетесіңдер»-деп қатаң талап қойды. Тәртіп бар жерде табыс бар дегендей бір жылдың ішінде оқу сапамыз жоғарлап,аудан бойынша алдыңғы ондыққа іліне бастадық. Екінші жылы ҰБТ-дан өңірімізде 4-орын алдық. Ал қазір жалпы көрсеткішіміз аудан бойынша ең үздік үш мектеп қатарына ендік.
Халық айтса қалт айтпайды демекші,бұрындары арызданудан шаршамайтын ата-аналар бірден тиылып,ауыздарынан алқаулары түгемейтін болды. Бұрын әр сыныпта 15-20 дан ғана оқушы болса,қазір әрқайсында 30 дан кем емес. Екі жылдан бері бірінші сыныптан 10сынып ашылып,жағамызды ұстай бастадық. Жалпы білімгерлер саны 800ден бір есе көбейіп 1700ге таяды.

Осының бәрі жаңа директорымыздың арқасы еді. Ол кісінің жүзіне қарасаңыз-ақ десі басып тұратын,нағыз лидерлікті байқар едіңіз. Өз ісіне жан-тәнімен берілген адам екенін,тәңертең сағат жетіде келіп қараңғы түскенде қайтатынынан- ақ жобалай беріңіз.
Сайып келгенде,білім саласына Зәмзәгүл әпкеміздей ұлт үшін,ұрпақ үшін аянбай тер төге білетін білікті басшылар керек-ақ. Әттең осындай тұлғалар көп болғанда біліммен ғылыммыз шыңға шығар ма еді кім біледі? Сондықтан барды бар деп бағалай біліп,осындай қаһармандарымызды көпке үлгі тұтқыза білсек үлкен табыстарға қол жеткізетініміз анық.

 

 

Омар ҚҰРМАШ,
«Білім айнасы» Алматы облысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.