Батыс Қазақстан облысында кейбір санаттағы жанұяларға арналған «Бақытты отбасы» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осындай бақыт бұйырған шаңырақтардың бірі – Кондудаевтар жанұясы.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы үш бөлмелі тұрғын үйге қол жеткізген өңіріміздегі Тасқала ауданына қарасты Атамекен ауылының тұрғыны Замир мен Нұргүл Кондудаевтар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы аталмыш бағдарлама аясында берілетін несиені иеленіп, армандары орындалды.
2014 жылдан бері тұрғын үй кезегінде көпбалалы ана ретінде тұрған Нұргүл Кондудаева жергілікті Тасқала аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы естіп, соған қатысуға өтініш білдірген екен. Алғашқылардың бірі болып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» жылдық екі пайыз мөлшерінде 7 миллион 304 мың теңге жеңілдетілген несиеге ие болған көпбалалы ана осылайша пәтерлі болған. Бастапқы 10 пайыздық жарнасын төлеген жаңа қоныс иелерінің алған несиесінің ай сайынғы төлемі – 38939 теңгені құрайды.
Кондудаевтар – алты бала тәрбиелеп отырған үлкен шаңырақ. Бүгінге дейін ата-аналарының үйінде тұрған отбасының енді облыс орталығы – Орал қаласында өз шаңырағы бар. Отағасы Замир Кондудаев Атамекен ауылдық мәдениет үйінде жұмыс жасайды. Балаларының үлкені – 20 жаста болса, кенжесі 1,3 жаста. Шаңырақтың қариясы, жасы 80-нен асқан Батыр ана Мағрипа Қалмақбайқызы да ұрпағының осындай қуанышын көргеніне бақытты екенін айтты.
Еске сала кетсек, Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Бақытты отбасы» бағдарламасы көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған. Бағдарламаға қатысушыларға БҚО бойынша берілетін несиенің максималды сомасы – он миллион теңге. Қазіргі уақытта «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облысымыздағы филиалы тұрғын үйге мұқтаж адамдардан 112 несиелік өтінім қабылдаса, соның 52-сі мақұлданған. Филиал басшысының міндетін атқарушы Нұржан Қалишановтың айтуынша, қалған өтінімдер қаралу үстінде.
2021 жылға дейін жүзеге асырылатын аталған бағдарлама келер жылы жалғасын табатын болады.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО