Біздің еліміз дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттермен үзеңгілес болу үшін, алдымен білімді, тәрбиелі, еңбек етуге қабілетті, патриот тұлғаны мектеп қабырғасынан бастап дайындауымыз қажет. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жолдауында білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп, нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, мұғалім мәртебесін көтеру жөнінде Заң қабылданғаны қуантты. Мұғалім мәртебесін көтеріп жатыр деп қол соғып, арқаны кеңге салып отырмай, сол мәртебеге лайық жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. Жалпы мұғалімді оқушы, халық сыйлап, құрметтеу үшін мұғалім білімді, мәдениетті, қысқасы, жан-жақты үлгілі бола білуі тиіс.
Бүгінгі таңда мектептерде жаңартылған оқу бағдарламасы айтарлықтай жүзеге асуда. Осы бағдарламаны негізгі пәндерде ғана емес, дене тәрбиесі сабағында да кеңінен қолдануға болады. Мысалы: дарынды және талантты оқушылармен жұмыс жүргізуге келетін болсақ, атам қазақ айтпақшы, нағыз сыншы “Тұлпар болар құлынды желі басынан таниды” демекші, дарынды және талантты оқушыны анықтаудың және жұмыс істеудің түрлі жолдары бар.
Дарындылық белгілі бір пәннен ғана емес, ол – ән айтудан, сурет салудан, спорттан, би билеуден т.б. дарынды болуы заңды құбылыс. Спортқа дарынды баланы анықтау үшін, ең алдымен ата-анамен байланыс жасау маңызды. Өйткені, дарындылық көбінде тұқым қуалайды, “сүтпен келген дарындылық, сүйекке бітеді” деген. Баланың әкесі немесе шешесі, арғы атасында спортқа дарындылығы бар ма немесе бала белгілі бір спортты жан-тәнімен жақсы көре ме, соны анықтаған жөн. Дарынды оқушыны сабақ кезінде түрлі тапсырмалар, жаттығулар беріп, анкеталық сұрақтар арқылы анықтауға болады. “Бұлақ көрсең көзін аш, сусыныңды қандырар” демекші, дарынды баланы анықтап, оған дұрыс бағыт-бағдар беру біздің міндетіміз. Бала өзінің бойындағы дарындылықты байқамауы әбден мүмкін, тіпті ата – анасы да байқай бермейді. Дарынды балаға басқа оқушылардың деңгейінде тапсырма берген дұрыс емес. Ол оңай жеңіл тапсырмаларды орындағанға қанағаттанбайды, яғни6 сабаққа деген қызығушылығы жоғалады, әрі қарай дамымай қалуы мүмкін. Дарынды балаға өз деңгейінде жаттығулар, тапсырмалар бере отырып әрі қарай дамыту керек.
Келесі әдістеме көшбасшылықты дене тәрбиесінде өте тиімді қолдануға болады. Көшбасшы баланы анықтап, шағын топта көптеген жұмыстар жүргізуге болады. Мысалы допты астынан қабылдауда, допты астынан жақсы қабылдайтын балаға 3-4 оқушыны бөліп беріп, соларға үйретуге тапсырма берген тиімді екеніне көзім жетті. Әдетте баланың тілін бала тез ұғады деген рас екен. Бұл жерде көшбасшы бала басқаларға үйрете отырып, оның және басқа балалардың сабаққа деген ынта-жігері, қызығушылығы арта түседі.
Қазіргі жаңа бағдарламаның ең өзекті жері оқушының өзіне орындату, мұғалім тек бағыт-бағдар беруші болуы керек. Оқушы өзі еңбектеніп үйренсе, білгенін басқаларға үйретсе есінде жақсы қалады, қызығушылығы сөзсіз артады.
Дене тәрбиесі сабағында сыни ойлауға да бағыттауға болады. Мысалы: мен сабақта оқушыларға қозғалыс ойындарын құрастырып келуге үйге тапсырма беремін. Олар неше түрлі жақсы ойындар құрастырады, сол ойынды басқаларға түсіндіреді, өзі басқарып ойынды жүргізеді.
Блум таксономиясы бойынша:
Оқушылар ойын құрастыруды біледі.
Ол ойынды қалай ойнау керегін түсінеді.
Ойынды ойнау арқылы қолданады.
Ойынды ойнап болған соң, ойынға пікірлерін айтып талдайды,
ұсыныстар жасайды.
Ойынды жинақтап қорытындылайды, ең соңында бағалайды.
Келесі әлістеме АКТ-ны қолдану, тіпті тиімді оқушыларға жүз рет айтқанша бір рет көрсеткен дұрыс. Төменгі сөреге тұру және сөреден шығу техникасын интерактивті тақтадан бір рет көрсетсе, бірден ұғып түсінері сөзсіз.
Сабақта кері байланыс жасап, оқушылардың ішкі дүниесімен санасу өте маңызды. Оқушыларға сабақ ұнады ма, ұнамады ма, қызықты ма, шаршаған жоқ па т.б. білу қажет. Кері байланыс мұғалімнің алдағы сабақтарына дайындалуға бағыт-бағдар береді.
Бағалауға келетін болсақ,оқушыны жекелей критерий бойынша, былай бағалауға болады. Мысалы: жүгіріп келіп, ұзындыққа секіруде: критерий А – жүгіру, В — серпілу, С-ұшу, Д- құмға дұрыс түсу.
Тарау бойынша немесе тоқсан бойынша жиынтық бағалауды барлық оқушыға балдық жүйемен жасауға болады. Мысалы: жеңіл атлетика бөлімінде қысқа қашықтыққа жүгіру, доп лақтыру, секіру, кроссқа жүгіруге әрбір оқушыға балл қою арқылы кесте жасап, бағалайды. Бағалау парағындағы кестеге рефлексиялық есеп жазылады. Сабақ кезінде оқушыларға өзін-өзі бағалау, жұптық-топтық бағалау жұмыстарын жүргізуге болады.
Осылайша басқа модульдерді де сабақта тиімді қолдану арқылы жоғары нәтижелерге жетуге болады. Міне, жаңартылған оқу бағдарламасы өте маңызды. Дұрыс пайдалана білсек оқушыға да, мұғалімге де тиімді болары сөзсіз.
Сандыбай Қасымханов,
Р.Қошқарбаев атындағы №1 орта мектептің
дене тәрбиесі пәні мұғалімі.