Жақсының жақсылығын айт…
Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаздар қауымы жаңалыққа, жаңа үрдіске, тың бастамаға әрдайым құмар. Ал, бұл жаңа іс пайдалы болса, жеткізер жетістігі де мол болмақ. Дәл сондай жаңашылдыққа ұмтылып жүрген оқу орындарының бірі – Ақмола облысы, Қосшы елді-мекенінде орналасқан №2 Қосшы орта мектебі. 2013 жылы негізі қаланған білім ордасы 1200 балаға арналған. Қазіргі уақытта 152 сыныпта 3 ауысыммен 3908 бала білім алуда. Әзірге бұл Ақмола облысы бойынша ең көп бала санына ие мектеп. Былтырғы жылғы есеп бойынша мектепте 21 педагог-зерттеуші, 12 педагог-сарапшы, 29 педагог-модератор, 44 жоғарғы санатты, 44 бірінші санатты, 62 екінші санатты педагог мамандар білім беруде. Әлі санат алып үлгермеген 48-ге жуық жас маманға арнайы әдіскерлер қолдау білдіруде. Бітіруші түлектермен қатар ұстаздардың да білімі айқын көрінетін Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің өткен жылғы қорытындысы бойынша оқу орны 83 % білім деңгейін көрсетіп, жоғары нәтижеге жетіп отыр. Осындай білікті мамандарға толы білім ордасының жаңашылдыққа жаны құмар ұстаздарының бірі – Айнұр Саятқызы.Жалпы еңбек өтілі 8 жылды құрайтын маманның №2 Қосшы орта мектебінде математика және информатика мұғалімі және ІТ маманы лауазымында жұмыс жасап жүргеніне биыл – 2 жыл. Аз уақыттың ішінде жас та болса бас болып, бірқатар ірі жұмыстардың басы-қасында жүр. Сол жұмыстардың ірісі 2018 жылы желтоқсанда ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «МикроЛинк» ЖШС, «Казинтерсервис» ЖШС мектеп базасында сынамалы (пилотты) жобаларды енгізуге шешім қабылдауынан бастау алған. «Білім беру саласындағы цифрландыру» жобасы орта білім беру жүйесінде цифрландыруды, білім беру және ғылымды басқару үдерістерін автоматтандыруды дамытуды көздейді. Жаңа технологиялар саласында әлемдік тәжірибені меңгеру мақсатына жету үшін мектепке жылдамдығы 19Мбит/с ғаламтор жүйесі, «Вeeline» симкартасымен интернет-модем, контектсіз «Huawei» компаниясының сервері орнатылды. Жалпы мектепте 2 мультимедиалық кабинет, IT кабинет, мультимедиалық жабдықтармен жабдықталған 5 кабинет (химия, биология, физика, математика және тарих кабинеттері), 5 планшет және робототехника кабинеті бар. Одан бөлек жоба негізінде мектепке 2019 жылы проектор-экрандар орнатылды және саны 10 дана хромбуктармен қамтамасыз етілген. Хромбук (chromebook) – мамандандырылған ноутбуктар, білім беру мақсаты үшін және G Suite for Education жүйесіне құрылған. Артықшылықтары:
- Жеңіл, оқушыларға арналған ыстыққа төзімді ноутбуктар;
- Chrome OS жүктеу 10 секунт ішінде. Батарея қуаты 18-24 сағатқа жетеді.
- Қарапайым, қолжетімді және қауіпсіз болуы үшін ойлап жасалған.
- Жүйелік блок мықты емес;
- Wifi адаптері жоғары сапалы;
- Соққыға қарсы қорғанышы бар;
- Видеокартасы кіріктірілген;
- Трансформер;
- Әйнегі мықты;
- Google барлық өнімдері тегін;
- Вирустар жоқ.
G Suite for Education – бұл мұғалімдер мен оқушылардың қолдануына арналған Google сервистік топтамасы. Артықшылықтары:
- Classroom басқармасы
- Әкімшілік
- Барлығымен қарым-қатынас
- Бірлескен жұмыс
- Тапсырмаларды жоспарлау
Жоба аясында 2019 жылы «КазИнтерСервис» ЖШС төрағасы Данияр Бекишев «GOOGLE for EDICATION» («Білім берудегі GOOGLE») бағдарламасы бойынша курстар өткізіп, оған осы бағдарламаның мектептегі басқарушысы ретінде Айнұр Саятқызы мен 6 мұғалім қатысқан. Оқыту барысында сабақ кестесін құру, онлайн-кездесу өткізу, бағдарламаны іске асыруда сұрақтарды шешуді үйренген. Пән мұғалімдері ҚМЖ (қысқа мерзімді жоспар) құрып, әртүрлі тапсырмаларды қолданып, бір уақытта олардың орындалуын қадағалауды меңгерген. Алдағы уақытта осы топтаманы қолданушы барлық педагогикалық ұжымды оқыту жоспарлануда. Соның арқасында кейін әр мұғалім неше оқушы материалды игергенін және қай жерінде жұмыс істеу керек екенін, орындалу статистикасын көре алады.
Мектеп мұғалімдерінің күнделікті оқу жұмысында ноутбуктерді қолдану жақсы әсер қалдырды. Өйткені оның мынадай тиімді тұстары бар: уақытты үнемдеу, сабақ үшін өз контентін құру, тапсырмаларды орындау жөніндегі оқушылардың автоматты мониторингі, нәтижелердің автоматты журналға бағалануы, ноутбукпен жұмыс істеудің қарапайымдылығы, мобильділігі.
Бүгінгі таңда бұл жоба Қазақстан Республикасы бойынша тұңғыш №2 Қосшы орта мектебінде сынақтан өткен. Бұл жайлы Айнұр Саятқызы: «Бұл біз үшін мақтаныш, әрі цифрлық білімге көшудің жаңа қадамында тұрған ұстаздардың қызметіне бірегей басымдықтар беріп, биік белестерге жетелеп, жемісті жетістіктерін толықтыра түсері анық» дейді. Жаңашыл ұстаздардан білім алып отырған мектеп оқушылары да алғыр. Жыл сайын Көкшетау қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектептерге, білім берудің қосымша ұйымдарына, білім берудің жеке меншік ұйымдарына ұйымдастырылған «Ұлы нәрсені ойлап табуға бірінші қадам» атты облыстық инновациялық идеялар байқауына қатысып, «Кегельринг-квадро», «Smart City» номинациясы бойынша мектеп оқушылары 2018 жылы ІІІ орынға ие болса, 2019 жылы ІІ орынды қанжығалаған. Мақсатшыл ұстаздан тәлім алған шәкірттердің де алар асулары көп болары анық. Білімнің тұнығын сіңіріп, ғылымның шыңдарын бағындыра беріңіз!
Жұпар САНСЫЗБАЕВА,
«Білім айнасы»,
Нұр-Сұлтан қаласы.