Home » Мақалалар » Ауылдағы әңгіме — зейнетақының әлегі

Ауылдағы әңгіме — зейнетақының әлегі

«Ауылдағы әңгіме — жеңешемнің мінезі» еді. Қазіргі әңгіме зейнетақының әлегі болды. «Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы тағы да ұлғаяды. Яғни, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 59 жас болмақ» деген хабарландыруды естіген елдің еңсесі түскені жасырын емес. «Ауыл мен қала әйелдерін салыстырмалы түрде қарастырса қайтеді?» деп қамығады халық. Қызмет қуып, туфлиінің тақасын тақылдатып жарқырап жүрген келіншек аз ауылда. Жалақысы да төмен. Қу тіршіліктің соңына ешкім жетпес. Десе де, бейнеттің де зейнетін көруі керек емес пе? Ауыл әйелдері тез қартаяды. Бұған азаннан қазанға дейінгі жұмысы дәлел. Себебі, әлеуметтік жағдайы орташа отбасылар бар. Қаладағы келіншектің өмірін алып қарайық. Жүз пайыз болмаса да, бірі басшы, бірі-қосшы. Тізгінді мықтап ұстап отырған адам-түскісі келмейтіні айдан-анық. Қазбаласаң тағы бір тақырыпты талқылауға тура келеді. Қазақстанда жылына бірнеше мың студент ЖОО тәмәмдайды. Бірақ басым бөлігінің қызыл қағазы сандық түбінде қалады. Сан соғып қалу деген осыдан шығады. Жұмыс сұрап барса, орын жоқ. Құдай ақы орын тапса «крышасы» жоқ. Сый дәметкен жемқорлар да жеткілікті елімізде. «Болашақ жастардың қолында» дейді. Бірақ қолынан ұстап, демейтіндер сирек. Бұл бас сипамайтын заманда, басын қасып, ойын миында қалдырып, үндемей қалады көбі. Ең өкініштісі де осы. Отызда орда бұзып, қырықта қамал алатын күш, елуде қалмайтынын айтқым келеді. Статистикаға сүйенсек, пайғамбар жасына жетсе де зейнет көрген көз шамалы. Сізге керегі осы ма еді? Егер заң өзгеріп зейнетке шығу мәселесі шешілсе, ер мен әйелдер тынымсыз тірліктен босап, жастар жұмыссыз қалмас еді.

Жоғарыдағылар, төменгі жаққа бір қарап қойсаңыздар игі еді. Мен тек баяғыдай «ауылдағы әңгіме — жеңешемнің мінезі» болып қалғанын қалаймын…

                                                                                                                       Жадыра Бағашар,
«Білім айнасы»,
Алматы облысы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.