Home » Жаңалықтар » ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР ҰСТАЗ

ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР ҰСТАЗ

Жақсының жақсылығын айт…

 

Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – Ұстаз. «Ұстаз» ұғымы ұлтымыз үшін қашан да қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «Ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Ұстаз – әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Сондай сый-құрметке лайық жанның бірі — Мешел Күлзира дер едім.

Мешел Күлзира 1987 жылы Моңғолия мемелекетінің Баян-Өлгей аймағында көп балалы отбасында дүниеге келген. Үш жасында ата-анасының жұмыс бабымен Ресей мемлекетінің Алтай өлкесіндегі Қос-Ағаш ауданына қоныс аударады. Сол жерде мектеп қабырғасынан білім алып, 2005 жылы атамекен Қазақстанға келіп, бір жыл Қарағанды мемлкеттік университетінде даярлық тобында оқып, 2007 жылы Қарағанды «Болашақ» университетінің «Шет тілдер» кафедрасының «Ағылшын және неміс тілдер» мамандығына оқуға қабылданады.

Менің ойымша, кез-келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер – тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. Күлзираның тұла бойынан осы қасиеттердің лебі есіп тұрғанын әріптестері мен шәкірттері жоққа шығармайды.

Жаһандану заманында ұлт­­тық бәсекеге қабілетті болудың көр­сет­кіші – білім деңгейімен өлше­неді. Сондықтан, әлемдік білім ке­ңістігіне кірігіп, білім беру жү­йе­сін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті – ұс­таздардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек ет­іп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан, ұс­тазға жүктелетін міндет ауыр» деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан келе бермейтіндіктен, ұстаз болуды жүректің батырлығы деп бағалауға болады.

Күлзира алғашқы еңбек жолын 2011 жылы Теміртау қаласының №9 мектеп -лицейінде бастады. Осы кезден бастап оның бойында мамандығына деген сүйіспеншілік, балаларға деген махаббаты арта түседі. Жас маман ретінде түрлі сйыстарға қатысып, үйреніп, білімін арттыруды бастаған Күлзира Мешел қалалық, облыстық сайыстарға қатысып жүлделі орындарды иеленген. Мысалы, «Үштілділік-өмір талабы», «Тіл шебері» атты қалалық сайыстарда, «Дарынды балаға-талантты ұстаз» атты облыстық сайыста ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған.

К.Мешел 2016 жылы Астанаға қоныс аударып, 2017 жылдан бастап, Қосшы ауылының Р.Қошқарбаев атындағы №1 орта мектебіне ағылшын тілі пәні мүғалімі болып жемісті еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда І дәрежелі ағылшын тілінің мұғалімі. Ол жұмыс барысында өзіне тән қасиетін жоғалтпай, салиқалы заман талабына сай көшбасшы тәрбиелеу ғана емес, әрдайым ізденіс үстінде, жаңашылдыққа ұмтылуды, іскер болуды алдына мақсат етіп қойды. Оқушылармен бірге өзінің де өсуін, білімін арттырудан жалықпады. Күлзира тек білім саласында емес, басқа да мәдени іс-шараларға белсене қатысып жүреді.

Мұғалім тұлғасын ізгілік, білгірлік, тереңдік, қайырымдылық, ой-парасат көркейтеді. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп Абай атамыз айтпақшы, тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым сондай бір ізетпен еске алған. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған.

Күлзира Мешел де жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі ретінде сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, зейінді шәкірт санасына, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды сіңіріп келеді. Ол ұстаздық қызметте, шәкірт­термен қарым-қатынаста ізгі ниеттілік, кішіпейілділік пен мә­дениеттілікті бірінші кезекке қояр қағидасынан айныған емес.

Күлзира ауыртпалыққа алдырмайтын, ішкі рухани қайсарлығы мығым мінезінің арқасында асуларды бағындырып келеді. Оның тиянақтылығы әріптестері мен шәкірттеріне аян.

«Қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе болып табылады. «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мұғалімдер алдында үлкен жауапкершілік жүктеді.

«Сапалы білім негізі – жан-жақты ақпараттық материал­дар­ды, көрнекі құралдар мен ұтым­ды технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, білім алушыға ешбір кітаптан таба алмайтын білім беру. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін Күлзира 2019 жылы Үндістан Елшілігінің ұйымдастыруымен болған Үндістан мемлкетіндегі бір жарым айлық мұғалімдерге арналған кәсіби білім жетілдіру курсында Қазақстаннан 24 мұғалім қатысты. Курс 3 шілде мен 13 тамыз аралығында Үндістан елінің Хайдарабад қаласында «English and foreign  language University» университетінде болды. Осы халықаралық 6 апталық курс барысында тек сабақ оқытылып қана емес, әртүрлі іс-шаралар да ұйымдастырылды. Университеттің білікті ғалымдары дәріс берді. Ағылшын тілінің теориясын терең оқып, өзара білім, тәжірибие бөлісуге мүмкіндік қарастырылды. Үндістан елінің білім саласы әлемнің дамыған, алпауыт АҚШ және Қытай  мемлекеттерінен кем түспейтінін тағы бір рет көздерімен көрді. Сапар барысында осы жердегі мемлекеттік, жекеменшік мектептеріне барып, тәжірибие жасады. Сабақтар хинди және ағылшын тілдерінде өтеді екен. Оқушылардың білімге құштарлығы және мұғалімге деген сыйластығы адамды ойландырмай қоймайтынын білді. Мұғалім-барлық мақтау, марапатқа ие тұлға. Ата-анамен, оқушылармен сөйлесу барысында ұстаздың қандай мәртебеге ие екенін анық байқауға болады. Мемлекеттік және жекеменшік мектеп арсындағы айырмашылық өте көп.  Бірақ қай мектепте болса да Ұстазға деген құрмет, Ұстаз мәртебесі өте жоғары. Үндістан еліндегі сапарда ұстаздар  тек білім саласымен ғана шектелмей, әртүрлі мәдени, тұрмыс-тіршілігімен де таныс болды. Жалпы, адамдарының рухани бай екендігіне көз жеткізді.

Курс соңында қатысушылар халықаралық стандартқа сай емтихан тапсырып, халықаралық сертификатқа ие болды. Осы алты апталық курс елімізден барған барлық мұғалімдерді бей-жай қалдырмады. Күлзира сапар барысында жинаған тәжірибиесіне сүйене келе, «Болашақ жастардың қолында» дегенді айтқысы келеді. Себебі, елімізде мұғалім мәртебесін көтеретіндей бағдарламалар жасалып, жастарға шабыт сыйлайтын осындай мүмкіндіктер бола берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Шет тілі пәні мұғалімдеріне шет елде кемі 1-2 айға тәжірибе алмасып тұратындай жағдай жасалса, шет тілі мұғалімдерінің саны арта түсер еді. Күлзира үшін бұл сапар тіл дамытуға мол мүмкіндік берді.
Ендеше, біз де Күлзираға шәкірт санасына жаққан шырағыңыз сөнбесін дей келе, ісіне ілгерілеу, отбасына қуаныш тілейміз!

 Гүлжазира ЕРТАСОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Білім айнасы»,
Нұр-Сұлтан қаласы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.