Түркістанды жырламаған ақын, сөз етпеген шешен, тілге тиек етпеген қоғам қайраткері жоқ болар. Ұлы даланы мекен еткен, топырағын аунап, су ішкен әр азамат кемінде бұл өңір туралы естіп болсын біледі. Әркім өз құзіреттілігінің шеңберінде ой өрбітеді десек, келесі пікірімен бөліскен елге танымал фотограф азаматтардың салмақты сөздерін көпшілікке ұсынғанды жөн санадық. Оқып, бағасын беріңіздер.
Шүкір Шахай, ҚР Премьер-министрінің жеке фотографы: Түркістан әлем көз тіккен салтанатты қалаға айналады
Түркістан – халқымыздың асыл қазынасы, мол мұрасы. Ол туралы тармақты ой, тізбекті пікір білдірудің өзі оңай шаруа емес. Дегенмен осы уақытқа дейінгі тәжірибемді таразылай келе аз-кем ойыммен бөліскенді жөн санадым.
Жалпы біз секілді фотографтар үшін кадр ішіндегі әр бөлшек аса маңызды болып табылады. Біздер жансыз суретті сөйлетуге тырысамыз. Бірақ, Түркістанның жөні бөлек. Себебі мұндағы әр қиыршық тастың өзі тұнған тарих, өшпес қазына. Кез-келген сурет өзіндік үн шертіп, өткен күннің болмысын сипаттағандай күй кештіреді. Тарихи болмысы бір дара, ал сәулет өнеріндегі салмақты орын алар ғимараттарының орны мүлдем басқа. Ондаған ғасыр бойы уақыт ағынына берілмей, қаз-қалпы сақталған көне ғимараттар халқымыздың сол дәуірдегі өркениет көшінде болғандығын аңғартады. Шет елде түрлі көрме ұйымдастырып, көпшілік қауыммен пікір алмасу барысында аңғарғаным Қазақстан дегенде «Түркістан», оның ішінде Қожа Ахмет Яссауи ұғымы қатар жүреді. Әрине, Ұлы Далада туып өскен біздер мұндай дүниені құлағымыз шалғанда бір марқайып қаламыз. Ислам дінінде елеулі орын алатын беделді тұлғаның осы Түркістанда болып, ілім таратып, жерленуі қазақ даласының қаншалықты қасиетті екендігін аңғартатын секілді. Мұнан бөлек, 33 ойшыл түлеп, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің кіндік қанының тамуы сөзімізді одан әрі бекіте түседі. 2000 жылы фотограф Бейсенбек Сәрсеновпен бірлесіп, Түркістанның 1500 жылдығына орай, сол тұстағы облыс басшысы, бүгінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Мәшбекұлының қолдауымен арнайы фотоальбом шығарған болатынбыз. Сол кезде Түркістанның бар сұлулығын сипаттап, жариялауға тырыстық.
Түркістанның облыс орталығы болып, Түркістан облысы деп атанған күннен бері өңірде де, шаһарда да қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Жаңа Түркістанның түрленген бейнесі көптің көңілінен шығары сөзсіз. Себебі онда өткенді ұлықтай отыра, ұлттық нақышқа негізделген ғимараттар бой көтермек. Ол болашақта Түркістанның өз бейнесін сақтай отыра, заман талабына сай көрініске ие болуына мүмкіндік бермек. Мұнан бөлек, туризмді дамытуға бағытталған нақты қадамдар алдағы уақытта шет елде көрме ұйымдастырғанымызда туристерді елге шақыруға көп мүмкіндік сыйлайды. Қорыта келе, болашақта Түркістан әлем көз тіккен салтанатты қалаға айналады деп сенемін.
Мақсат Шағырбаев, «NATIONAL GEOGRAPHIC QAZAQSTAN» фотографы: Киелі Түркістанның халқымыз үшін маңызы зор
Киелі Түркістанның халқымыз үшін маңызы зор. Себебі ата-бабаларымыз сол мекенге арнайы барып, Қожа Ахмет Яссауи секілді ұлы тұлғалардың кесенелерінен күш жинаған, жүрек тыныштығын тапқан. Екіншіден, сол жерде соғылған Тайқазаннан барлығы бірге ас ішкен. Ұлы хандарымыз ордасын тігіп, батырларымыз сол жер үшін қан төккен. Ұлы ойшылдарымыз іліммен сусындап, ақын-жырауларымыз жырға қосқан. Осы тарихтың көзі болып келе жатқан, қазақтың ғана емес, түркі елінің рухани астанасы Түркістан – облыс орталығы атағына бір жыл бұрын ие болды. Бұл еліміз үшін мәдени тұрғыдан ғана емес, экономика мен басқа да салалар үшін маңызы үлкен қадам саналады.
Қазіргі таңда Түркістан обылысың дамуы бүкіл елдің, кәсіпкерлердің, биліктің, жалпы түркі жұртының назарын аудартып отыр. Түркістан облысында жаңа ғимараттар, жолдар салынып, қасиетті мекен күн сайын дамуда. Елбасы өзінің өткен жылғы іс-сапарында әр кәсіпкер осы киелі жерде өз ізін қалдырсын деп тапсырма берген еді. Осы тапсырманы өте орынды деп білемін. Себебі, Түркістанды өркендетуді тек мемлекет жасаса, ол ел экономикасына кері әсерін тигізеді. Ал әр кәсіпкер сол жердің өркендеуіне, халқының жағдайын жасауға өз үлесін қосатын болса, даму тезірек жүреді. Мұнан бөлек, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына да жаңа серпін береді. Себебі кәсіпркерлерге жұмысшылар қажет, ал ұсынатын тауарлары көпшілік игілігіне жұмсалады. Сондықтан да бұл шешім өте орынды болды деп есептеймін.
Қаланың бас жоспары заман талабына сай болғанымен, өзіне тән сипатын жоймады. Ғимараттар ұлттық нақышта бой көтеріп, нысандар шығыстық стильде салынбақ. Бұл Түркісттанның өткен мен бүгінді сабақтастыра отыра дамуына мүмкіндік сыйлайды деп білемін. Алдағы он жылдықта Түркістан түркі жұрты үшін ғана емес, әлем көз тіккен сәулеті мен дәулеті тасыған шаһарға айналады деп сенемін.
Тұрар Қазанғапов, tengrinews.kz ақпараттық сайтының фототілшісі, 2017-2018 жылдары «Үркер» Ұлттық премиясының иегері: Көне Түркістан маған ерекше әсер етті
Мен фотографпын. Көп дүниенің сұлулығын объектив арқылы көргенді ұнатамын және сол сұлулықты фото арқылы ұсынғанды жөн санаймын. Мен өз тәжірибемде көптеген елдердің керемет қалалары менен әлем көзін тіккен ғимараттардың әдеміліктерін көрдім. Алайда, маған ерекше сезім сыйлаған және тұла бойыма әсер еткен кадрлардың дәйім бөлігі – Түркістан қаласынан шықты. Иә, иә. Көне Түркістан маған ерекше әсер етті. Оның өзіндік ғимараттары менен сәулет нысандары, өзіндік ритмы әр кадрда ерекше әрленіп, өзге бір күйге бөлейді. Бейне бір әр сурет сөйлеп, тіл қатып тұрғандай әсер қалдырады. Бұл жәй құбылыс емес және оның себебі де айқын. Түркістан қаласы — бар қазақтың ғана емес, түркі жұртының рухани ордасы, мәдени ошағы болып табылады. Мұнда исламдағы софылықтың негізін салған Қожа Ахмет Яссауи өмір сүріп, жерленген. Орта Азияны шошындырған әрі жарты әлемді билеген Әмір Темір сол бабаға арнап кесене орнатқан. Кейіннен қазақ хандары билік құрып, астанасы еткен. Ондаған ғасыр бұрын-ақ сәулет өнерінде төңкеріс жасаған шаһарда ғасырға бергісіз ғимараттар орналасқан. Алды ондаған ғасырға созылатын нысандар әлі күнге дейін қаз-қалпында сақталып, осы күнге жеткен. Ешбір ауыр техника менен технологиялар жек кезеңде адамның қолымен тұрғызылған мұндай құрылыс нысандары расында да біздерге таңданыс тудырады.
Биыл Түркістанның облыс орталығы болып, Түркістан облысы атанғанына да бір жыл толып отыр екен. Өзім қызмет бабыммен көп барғандықтан қаланың осы аз ғана уақыт аралығында қалай түрленіп келе жатқандығын байқаудамын. Көркейіп келеді. Алдағы бой көтеретін нысандар да қалаға ерекше көрік береді деп ойлаймын. Басысы, болашақта Түркістан халқымыз мақтаныш тұтатын шаһарға айналады деп сенемін әрі осы бағыттарда түрлі кадрларды аларымыз анық.
Дархан Жағыпаров, «IDEA HUB» фотографы: Түркістанда туризм дамыса екен деймін
Түркістан — еліміздің оңтүстігіндегі рухани маңызы зор тарихи мекен. Қазақ халқы үшін ғана емес, түркі дүниесі үшін аса маңызды шаһардың қойнауы тарихи-мәдени қазынаға толы. Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан Баб кесенелері тек түркі елдерінде емес, бүкіл әлемге танымал. Домалақ ана, Үкіш ата кесенелері де жұртымыз үшін қастерлі мекендер саналады. Ал Отырар дастанын оқымаған қазақ жоқ десем, артық айтқандық емес.
Өзім Түркістан облысында болмасам да, фотосуретші достарымның айтуы бойынша, суреттерінен өте адемі екенін білемін. Ондағы кереметті шынымен сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Алайда, суреттерінің өзі ерекше толғаныс сыйлайды. Ендігі мақсатым көріп, халыққа Түркістан елін менің көзіммен қандай екенін көрсеткім келеді. Биыл Түркістан облыс болып, Түркістан қаласы облыс орталығы атанғанына бір жыл толыпты. Әрине, аз уақыт қой. Сондықтан қаланың дамуы туралы ой айтқаным дұрыс емес болар. Дегенмен, жалпы еліміздегі ішкі туризм туралы аз-кем ой бөліскім келеді. Өкініштісі, біздің елімізде ішкі туризмнің дамуы төмен деңгейде. Мысалы, жақында маған Польшадан бір қыз хабарласып, сұхбат алуды сұрады. Кездескенімізде менен ішкі туризмнің неге нашар дамығанын сұрады. Ол досымен өздері құраған бамбуктен жасалған велосипедпен Қазақстанда саяхаттамақ екен. Нұр-Сұлтан қаласына келгенінің өзінде қайда баруға болатынын білмеген, ақпараттық буклеттер де таппаған. Елімізде жалпы керемет табиғаты бар қалалар көп. Түркістанның олардың арасында шоқтығы бір елі биік тұратынын да білемін. Дегенмен, ішкі туризм, ақпараттандыру мәселелерін орынды шеше алмасақ, қаншама сұлулық көзден сая қала бермек.
Осы мәселелердің шешімін мемлекеттік деңгейде шешсе, Түркістан облысы тек мәдени маңызды ғана емес, туризмді дамытуға, экономиканы көтеруге әсерін тигізер еді деп санаймын.
Айбек Төлеп, «Atlas tourism» компаниясының фотограф-операторы: Түркісттанның тарихи оған ерекше рең береді
Түркістан – түркі жұртының рухани астанасы, қазақ халқы үшін құтты да қасиетті мекен саналады. Мұнда ислам дінінің көрнекті өкілі, софылық ілімді терең зерттеп, кеңінен насихаттаған, жұртшылық арасында Әзірет Сұлтан деп те танылған Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстан бабтың кесенелері орналасқан. Мұхтар Шахановтың «Отырар» жыры менен сол шаһар туралы түрлі аңыздардың өзі бұл өңірге ерекше рең бере түседі. Жас фотограф ретінде Түркістанда бірнеше мәрте болып, қаланың тыныс-тіршілігі менен бар кереметін кадрға сыйдыруға тырысқан болатынмын. Бұл қалада пайда болған әр бір сурет мен үшін ерекше ыстық. Себебі ол кадрлар өткеннен сыр шерткендей болады. Меніңше, еліміздегі «мен» деген фотографтар Түрістан туралы көрме жасауды бірі армандап жүрсе, енді бірі соны жүзеге асыруда деп есептеймін. Жалпы, өзім Қызылорда қаласының тумасымын. Сырдың бойында өскен мен қашанда оңтүстіктің тарихына қанықпын. Қорқыт Ата кесенесі, Қарахан кесенесімен қатар, Қожа Ахмет Яссауи және Арыстан бабтар жайлы бала кезден көп естіп, аға-апаларымыздыың Түркістанға барып-келіп, ерекше сезімді болғандықтарын еститінбіз. Өзім де бірнеше мәрте әдейілеп ат басын бұрған едім. Сөзсіз, логистика мәселесі мен сервис жағы көңіл көншітпейді. Алайда тарихи керемет бар оқылықтың орнын басқандай болды. Ал, қазір фотограф ретінде сол кереметті көпшілікке ұсынып жүрмін. Түркісттанның облыс орталығы болып, Түркістан облысы атанғанын естігенде ерекше қуанғандар қатарында өзім де болдым. Ендігі кезекте қалаға тиісінше көңіл бөлініп, жоғарыда аталған мәселелер оң шешімін табар болса, елімізден де, шет елден де келер туристер санына шек болмас еді деп ойлаймын. Тарихи тұрғыдан да, мәдени-рухани жағынан да, экономикалық, тіпті саяси тұрғыдан да еліміз үшін маңызды саналатын Түркістан қаласы алдағы уақытта көптің көңілінен шығатын шаһарға айналарына сенімім мол.
Бекарыстан НҰРЛАНҰЛЫ