«Білім айнасы» республикалық газетінің тілшілері елорда мектептерін аралап, «Жеті сауал» жобасы бойынша сауалнама сұрақтарына жауап алып, оқу орындарының бүгінгі тынысымен танысуды жалғастыруда. Сол мақсатта, «№77 мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бас сұқты. Сауалнамаға жауап алумен шектелмеген тілшілер, мектептің белсенді, үздік оқушыларымен танысты. Сондай үздіктердің бірі — Нұранова Аяжан Төлеутайқызы. Дарынды оқушы «Ақберен» оқуларының қалалық кезеңінде І-орын иеленсе, республикалық кезеңі бойынша номинациямен марапатталған. «Латын әліпбиі» кіші олимпиадасына да қатысып, 2018 жылы І-орын, 2019 жылы ІІ-орын иегері атанған. Қалалық жас зерттеушілердің инновациялық форумына қатысса, Республикалық ғылыми оқу-әдістемелік конференциясында спикер ретінде сөз сөйлеген. Қоғамдық өмірге белсене араласатын оқушы «Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайындағы» шығармашылық топқа да мүше. Былтырғы жылы «Жас Ұлан» ұйымының қалалық филиалында «Зерде» ғылыми бағыты бойынша көшбасшының орынбасары болса, биылғы жылға дейін өзі білім алып отырған ордада мектеп президентінің қызметін атқарып жан-жақтылығымен дараланған. «Астанадан сәлем» атты әлеуметтік жобасының 2018-2019 жылғы белсенді мүшесі болған алғыр оқушы қазіргі таңда бітіруші түлектер қатарында. «Алтын белгіге» үміткер білімді қыз болашақта туризм саласының жілігін шағып, майын ішетін нағыз білгірі болуды мақсат етіп жүр. Бұл жолды шетелге барып білімін арттыруды көздеп отыр. Ағылшын және испан тілдеріне қызығушылығы зор оқу озаты, бос уақытын ән айтып, би билеп өткізгенді ұнататын көрінеді. Басқалардан білімімен дараланып, жан-жақты еңбекқорлығымен ерекшеленіп жүрген талапты жанға қанатың талмасын дейміз! Тек биіктерден көрін, дана шәкірт!
Жұпар САНСЫЗБАЕВА,
«BILIM AINASY» газеті,
Нұр-Сұлтан қаласы