Мемлекетіміздің педагогикалық қызметкерлерінің дәстүрлі республикалық тамыз конференциясы 22 тамызда ЭКСПО территориясында болып өтті. «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» атты тақырыпта өткен жиынға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен еліміздің 14 облысының мұғалімдері қатысты.
«Құрметті ұстаздар, ең басты шешімдер өткен жылы қабылданды. Маңызды өзгерістер бұл жылы болмайды. 2017 – 2018 ж.ж. жаңа оқу жылының ең маңызды міндеттері – бастаған ісімізді соңына дейін жеткізу, білім берудің мазмұнын жаңарту мәселелері бойынша сапасы мен құжаттарына мән беру, мұғалімдер мен оқушылардың, олардың ата-аналарының жаңа бағдарламаны түсінуі болып табылады. Жылдың басты ерекшелігі – сапамен жұмыс жасау», — деп еліміздің білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтқан еді. Сонымен қатар, ол келер екі жылда еліміздің мектептерінің барлығында 2019 жылға дейін 0 сыныптардың енгізілуіне дайындық жүргізілетіндігін, былтырғы жылдан бастау алған білім берудің жаңа мазмұнына көшу жалғастырылатындығын әрі бұл үдеріс қосымша екінші, бесінші, жетінші сыныптардың арасында қамтамасыз етілетіндігін айтып өтті. Бұдан әрі еліміздің Білім және ғылым министрі: «2018 жылға қарай қосымша 20 мектепті іске қосуды жоспарлап отырмыз. 300 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Әкімшіліктің өкілдері бұл мектептерді жаңа оқу жылына орай бітіреміз деп есептеп отыр», — деп қазақстандық ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, тамыз конференциясына идеялары тың басшылар мен ұлағатты ұстаздар жиналды. Солардың бірі, ұстамы мықты білікті басшы Алматы қаласы Қожығов атындағы №39 мамандандырылған лицей директоры Мейірхан Сансызбайұлы Жұмағалиев өзінің және әріптестерінің қызықты жобасымен таныстырды. Қалың көпшілікке үш тілде сәлем берген білікті басшы шәкірттеріне жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде қалай оқытуға болатындығы туралы әдіс-тәсілдерімен бөліскен еді. 2015 жылы аталған мектеп басшысы мен мұғалімдері шет тілдер институтынан 20 ерікті студенттерін шақырып, 5-8 сынып оқушылары мен ұстаздарына пилоттық жоспарын ұсынып, ағылшын тілінен тест сынағын жүргізген. Алғашқыда тестің нәтижесі бойынша оқушылардың 80% пайызы «beginner» деңгейінде табылған. Нәтиже жобаны қиындата түсті. Десе де мұғалімдер мен оқушылар, еріктілер қайтпас қайсар мінез танытып, әртүрлі тың жобаларымен жұмыс істеп, физика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде үйрену іс-шараларын жалғастырып, үш тілде баннерлер мен плакаттар мектеп қабырғасына ілінді. Үш ай шет тілдер институтының ерікті студенттері мұғалімдер мен оқушыларға түрлі қызықты сабақтар өтіп, жоғары көрсеткіштерге жетті. Үш айлық жұмыстың нәтижесінде бір жылдық академиялық білім алғандығы байқалды. Мұғалімдерге терминдерді аударып беріп, қызықты жүйе жасалды. Аталмыш мектеп мұғалімдері қазақ-орыс тілдерінде терминдерді жазса, шет тілдер институтының еріктілері ағылшын тіліндегі нұсқасын жазды. Осылайша электронды база құрылып, ағылшынша сабақты өтуді білмейтін мұғалімдер, 30 пайызға дейін сабақты шет тілінде өтуді үйренген. Міне, жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, жақсы нәтижені қорытынды тест көрсетті. Яки тестілеу барысында 80 пайызы орташа, 20 пайызы жоғары деңгейде тапсырмаларды орындаған.
Аталған мектептің тәсілдерін қорытындылай келе, жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші, еліміздің басқа да білім ордалары осындай әдістерге жүгінуге болатындығы ұсынылды.
Иә, еліміздің түкпір-түкпірінде үш тілділік саясат қарқынды жүргізіліп жатыр. Бірақ дамыған 50 елдің қатарына кіру үшін ағылшын тілінде еркін сөйлеп, сол тілде емін-еркін білім алуға ниеттенген адам елімізде әрі әлемнің қай бұрышында болсын әлеуметтік тұрғыдан өз-өзін қамтамасыз ете алады. Мемлекетіміз бен Елбасының саясатын қолдай алады.
Яғни, биылғы республикалық тамыз конференциясында 3 пен 7 жасынан бастап ағылышын тілін үйренген бала болшақта 80 пайыз табысты тұлға болатындығы әрі ересек шағында шет тілін меңгерген адам акцентпен сөйлетіндігі туралы арнайы слайдтардан көрсетілді. Осы орайда, қазақ халқы: «жаста оқыған оқуың — тасқа жазғанмен бірдей, егде тартқанда оқыған оқуың — мұзға жазғанмен бірдей» – деп тегін айтпаса керек.
Жастайынан ерекше дарындылығымен өзінің әкесін тәнті еткен Абзал Мырзаш та конференцияға қатысып, көрермендердің ықыласына бөленді. Оның әкесі Дәуренбек Мырзашұлы Нысанов баласына машиналардың маркалары мен әріптерді жаттатқызып, бұдан соң триллионға дейін санауды үйреткен. Зейінді Абзал әкесінің тапсырмаларын өте жоғары деңгейде орындап, сақылдатып санауды да еш шатастырмаған. Әкесі көбейту мен бөлуді де үйретуден жалықпай, баланың зеректілігіне қызығып жаратылыс жайлы түрлі энциклопедияларды сатып алған. «Білімді бесіктен тесікке дейін ізден» дегендей, кішкентай Абзалдың білімге деген құштарлығы күн санап арта түскен. «Вундеркинд бала» 5 жасында бірінші сыныпқа емес, төртінші сыныпқа баруға қабілетті болды, десе де ата-анасы Абзалды бірінші сыныпқа берген.
«Үшінші сыныпты бітірген соң жазғы демалыста сынып жетекшіміз 4 сыныптың кітаптарын алдын-ала таратып тастаған еді. Сол кітаптарға қызығушылығым артты. Екі аптаның ішінде оқып тастадым. Кейін күзде ата-анама мен үшін 4 сыныпта оқу қызық еместігін айтқанымда, олар мені 5-ші сыныпқа көшіру туралы мектеп директорына өтініш жазды. Міне, осылайша барлық сыныптардың емтихандарын 5-ке тапсырып, Алматы қаласындағы М.Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназиясының 11 сыныбын тәмамдап отырмын», — деп, 12 жасар «вундеркинд» Абзал Мырзаш көрермендерді тәнті етті.
Иә, «ел іші алтын кеніш» дегендей биылғы ҰБТ-дан 117 балл жинаған А. Мырзаш Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректорының арнайы грантына ие болды, десек те жас дарын иесі физика мен математика пәнінен жоғары балл жинап мемлекеттік грантты жеңіп алды. Бірақ А.Мырзаш мемлекеттік грант бойынша аталған жоғары оқу орнында оқып, «ақпараттық технология» мамандығымен білім алмақ.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» дейді халық даналығы, «WORLDSKILLS Competition» атты Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен халықаралық байқауында аспаздық өнерімен алғашқы отыздықтың құрамына кірген Сергей Белоносов та өзінің жетістіктерімен тамыз конференциясындағы педагогтармен бөліскен еді. Сонымен қатар, 2017 жылдың 12-13 шілдеде ҚҚК Рио-де Жанейро (Бразилия) қаласында өткен математикадан 58-ші халықаралық олимпиадаға қатысып, математика пәнінен алтын медаль жеңіп алған Павлодар қаласы ДБАМО «Жас дарын» мектебінің 10 сынып оқушысы Амир Мохаммед-Али де өз жетістіктерімен бөлісе отырып, жетістікке жетудің сыры Эдисон айтқандай 1% дарын, 99% еңбек екендігін айта кетті. Жеңіліс тапқан күннің өзінде өмірдің өзі мектеп екендігін дәлелдей отырып, қайтпас қайсар мінез әр тұлғаның бойында қалыптасса құба-құп екендігін көпшілікке жеткізген еді. Астарлы қалжыңмен әдемі сөйлей білетін Амир Мохаммед-Али де ұлағатты ұстаздардың сүйіспеншілігіне бөленді.
Сонымен қатар, Есіл жағасындағы еңселі Астанамызда өткен педагогтардың республикалық дәстүрлі жиынында мептепке дейінгі білім мекемелерінің басшылары, мектеп басшылары өз жобаларын ұсынды, «EduTech» стартап-жобасы да назардан тыс қалмады.
P.S. «Ұстаз – ұлы есім» деп даңқты жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, ұлы есімді иеленіп жүрген ұстаздарымызбен бірлесе отырып Елбасы саясатына жұмыла атсалысайық, ағайын!
Жансая Құрманғалиқызы
«Білім Айнасы»