Home » Мақалалар » ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШУДЕГІ ЕМЛЕ-ЕРЕЖЕЛЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ  

ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШУДЕГІ ЕМЛЕ-ЕРЕЖЕЛЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ  

Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру арқылы реформалау Қазақстан тәуелсіздік алған ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері көтерілген идея болды. Мұны алғаш академик-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар айтты. Тілтанушылардың бұл мәселені алғаш болып қоғам алдына тартуының басты себебі әліпби реформасының ең алдымен тілдің болашағы үшін қажеттілігінен туындады. Қазақ жазуы бір ғасырда бірнеше рет әліпби ауыстырды: 1929 жылы араб графикасынан латынға, 1940 жылы латыннан кирилге көшті, ХХІ ғасырда кирилден қайта жаңа латынға ауысып жатыр. Осы жазулардың барлығында қазақ жазуы дыбыстық-әріптік жазу сипатын сақтады, яғни бұл жазу бойынша «бір дыбысты бір әріппен» таңбалау принципі негізіндегі әліпби тиімді болып саналады. Алайда кирилл графикасындағы 42 әріптің болуы қазақ тіліндегі төл 28 дыбыстың таңбасынан бөлек шеттілдік сөздерге арналған 14 таңбаның артықтығымен ерекшеленді. Бұл – шеттілдік сөздердің жазуда ұлттық тіл жүйесі бойынша игерілу тетіктерінің тоқтап қалуына әкеп соқты, себебі осы әріптер орыс

сөздерінің қазақ мәтіндерінде орыс орфографиялық ережелеріне сәйкес жазылуына қызмет ету үшін әдейі әліпбиге енгізілді, сол сияқты шеттілдік сөздер айтылуында да қазақшаланбайтын болды.

Профессор Нұргелді Уәли: «Қазақ орфографиясы да сиям егіздері сияқты қосамжар орфография болып шықты. Қазақ мәтіндерінде қазақша жазылатын сөздер мен бөтен тілдің бөркін киген сөздер аралас-құралас жүр», – деген болатын. Осылайша, өзге тілден енген кірме сөздердің ұлттық мәнеріне бейімделудің тілдік тетігі (механизмі) көптеген жылдар бойы сыртқы тілдік емес факторлардың күші арқылы тежеліп отырды. Жаңа графикаға көшу жобасы осы стереотип мәселесін шешіп, өзге тілден енген кірме сөздердің тілге бейімделу тетігін өз күшіне енгізуі тиіс. Оның нәтижесі қазақ әдеби жазба тілінің ұлттық негізде дамып, мәдениетінің қайта өркендеуіне септігін тигізеді.

Жазба тілдің ережелері мен заңдылықтарын тіл білімінің графика және орфографиясы қарастырады. Графика жазу және оған қатысты мәселелерді қарастыра отырып, әріп пен дыбыстың арақатынасын да қамтиды. Графика – тіл дыбыстарын жазуда таңбалайтын шартты белгілер жиынтығы. С.Мырзабековтың айтуынша, графика белгілі бір жазуға қатысты барлық амалдың жиынтығы, әріп пен дыбыстың арақатынасы, сол әріп таңбаларды жетілдірудің жайы.

Графика ұғымы фонемдік жазумен байланысты қолданылады. Мұндай жазуда әліпби, графика және орфография сияқты ұғымдар орайласып жатады. Графема – тілдің графикалық жүйесіндегі ең кіші бірлік. Дыбыстық тіл мен жазба тілдің ең шағын тұлғалары –10 фонема мен әріптің арасындағы күрделі қатынас жазу теориясында графема деген жаңа бір ғылыми ұғымның пайда болуына себеп болды. Графема дегеніміз таңбалаушы (фонема) мен таңбаланушының (әріптің) бірлігі болып табылады.

Жазба тілдің жалпы графикалық және графемдік ерекшеліктері бар. Жалпы графикалық ерекшелікке мәтіннің парақ бетіне орналасуы, азатжол, көз тынысы, (үлкен ашық жол), қаріп түрлері (майлы, ашық, көлбеу әріп), үздікті жазу, асты сызылған жазу, қаріп түсі жатады. Графикалық ерекшелікке сол жазба тілдің қолданып отырған графикасы, әріп саны, әріп тіркесі, әріп диакритикасы, тыныс белгілер жатады. Графемдік ерекшелікке әліпбидегі әріп мәндері, графеманың мазмұн межесі мен тұрпат межесі, тілдің фонологиялық құрылымының графемаларға сәйкес келуі, бір әріптің бір не бірнеше фонеманы, бір не бірнеше фонеманың бір графемаға сәйкес жазба тілдің оқылу және жазылу жүйесі жатады.

Ережелер ішінде морфологиялық та, фонематикалық та, фонетикалық, түпнұсқа бойынша жазу принциптері де кездеседі. Негізгі ережелерін салыстырып, мысалдар келтірер болсақ, бірге жазылатын сөздер атауға айналған және тұтасып бір мағынаны беретін сөздер бірігіп жазылады: akkuyruk (шай), altınbaş (қауын); koçboynuzu (қошқармүйіз). Ал şeker pancarı (қант қызылшасы), dağ elması (тау алмасы), аrap sabunu (араб сабыны), el sabunu (иіс сабын) сияқты күрделену барысында ешбірінің немесе екінші сыңарының мағынасы өзгеріске ұшырамаған күрделі сөздер бөлек жазылады. Бұл біздің тіліміздегі алма ағашы, қант қызылшасы, қол сағат, қабырға сағаты сынды сөздердің жазылу ережелерімен сәйкес келеді.

Жалпы түркі халықтарының латын графикасындағы әліпбиге көшу кезеңінде және емле әзірлеу барысында қиындық тудырған ең басты екі мәселенің бірі кірме сөздердің (шет -тілдің сөздердің) жазылуы болса, екіншісі – күрделі сөздердің жазылуы. Түрік халқы жаңа әліпбиге көшкен кезде араб әліпбиіне үйренген қоғам қарсылығы болса да, ол тілге біздің тіліміздегідей орыс тілі әсері болмаған еді. Сондықтан да шеттілдік сөздерді жазғанда, біздің қоғамдағыдай «ю-ды, я-ны қалай жазамыз?» деген дау болмады. Десек те, 1925-30 жылдары араб-парсы текті сөздерден арылып, түріктену мақсатында бірінші латын әліпбиі -не көшсе, ондағы екінші мақсат түрік тілінде еркін қолданысқа еніп кеткен терминдерінің баламаларын табу және оларды жаппай қолданысқа енгізу болатын. Ол үшін ескі, тарихи шығармалармен жұмыс істелді. Ал қолданыстағы батыс тілдерінен енген сөздер түрікше айтылуы және түрік тілі сөздерінің тұлғаларына сәйкес игерілді. Оны мына мысалдардан көруге болады: bilardo (бильярд), festival (фестиваль), manevra (манёвр), milyar (миллиард), simetri (симметрия), morfem (морфема).

Қазақ тілінің жаңа емле жобасында дефис арқылы жазылатын уеб-сайт, экс-министр сөздерінің түрік тіліндегі көрінісі басқаша. Яғни олар экс сөзінің «ескі» деген түрікше баламасын қолданатын болса, екінші «уеб» сөзімен келетін сөздерді жазуда түпнұсқаға сүйенеді: eski bakan, web sitesi. Ал жалқы есімдердің жазылуына келер болсақ, түрік тілінде араб, парсы, грек, орыс тілдеріндегі кісі айтылуы бойынша жазылады. Латын текті жалқы есімдердің бір тобы классикалық латын әліпбиіндегі кейбір әріптердің түрік әліпбиінде жоқтығына қарамастан, түпнұсқасына сәйкес жазылады. Мысалы, Molière, Shakespeare; Rio de Janeiro.

Ал бұрыннан қалыптасқан жалқы есімдер түрікше дыбысталуына сай жазылады: Şarlken,Atina, Londra, Lüksemburg т.б. Бұл әдіс түрік тілінде тарихи принцип негізінде сақталып тұр десек те, қазіргі түрік тілшілерінің пікірінше, мұндай екіұштылыққа жол бермеген жөн.

  1. Емле (орфографиялық ереже) дегеніміз не? Орфографиялық норма дегеніміз не? Жазба тілді реттеудің маңызы қандай?

Емле дегеніміз – ауызша сөзді (сөздер мен грамматикалық формаларды) хатқа түсірудің бірізді тәсілдерін анықтайтын ережелер жүйесі. Бүгінгі емле ережелері қазақ тілінің ортологиялық лексикографиялық еңбектері (сөздіктер) мен құралдарын (анықтағыштар) әзірлеудің базалық көзі болып табылады. Осы ереже бойынша оқушылар мен талапкерлерге арналған барлық оқулық, оқу құралдарының мәтіндері әзірленеді. Орфографиялық ереже дегеніміз – дұрыс жазу үлгісінің (орфограммалардың) таңдалу шарттары көрсетілген нұсқаулық. Таңдалу шарттарына сөздің белгілі бір жағдайда қалай жазылу керектігін анықтайтын фонетикалық, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік және мағыналық ерекшеліктер жатады.

Орфографиялық норманы түсіну үшін, алдымен, жалпы тілдік норма ұғымын анықтап алу керек. Тілдік норманы әртүрлі анықтап жүр: тіл иелмендерінің сөзінде үнемі қайталанып отыратын жалпыға ортақ қолданыс; оқулық, сөздік не анықтағышта тіркелген тілдік бірліктің қолданылуына қатысты тәртіп, нұсқау, ереже. Осы кезде және осы тілдік ұжымда объективті түрде қызмет ететін тіл заңдылықтары және олардың тілдік материалдағы көрінісі. Сонымен орфографиялық норма дегеніміз – осы уақытта және осы тілдік ұжымда өмір сүретін оның әрбір мүшесі үшін міндетті болып табылатын жазбаша сөздің тілдік бірліктері және оларды қолдану заңдылықтары. Мұндағы міндетті деп отырған бірліктер әдеби тіл аясындағы жалғыз нұсқа немесе жарыспалы нұсқа болуы да әбден мүмкін.

Орфографиялық ережелер мен нормалардың жазбаша тілдік кеңістікті реттеудегі маңызы зор. Жазу тілдік қауымдастықтың ресми қатынастағы ғана емес, бейресми қатынастағы да қоғамдық өмірінің барлық саласын ұйымдастырады, жүйелейді, реттейді. Сондықтан әдеби тілдің жазбаша формасының кодификациялануы, нормалануы аса маңызды және осы нормалардың кеңінен насихатталуы, танымал болуы аса маңызды.

Қазақ тілі емлесінің жаңа ережелері: құрылымы, жаңалығы

Құрылымы:

І Әріптер емлесі

Дауысты дыбыс әріптерінің емлесі

Дауыссыз дыбыс әріптерінің емлесі

ı, ý әріптерінің емлесі

ІІ Түбір сөздер емлесі. Қосымшалардың жалғануы

Түбір сөздер емлесі

Қосымшалардың жалғануы

ІІІ Бөлек жазылатын сөздер емлесі

IV Бірге жазылатын сөздер емлесі

V Дефиспен жазылатын сөздер емлесі19

VІ Бас әріп емлесі. Қосымшалардың жалғануы

Жалқы есімдер емлесі

Жер бедері, аспан денелері атауларының емлесі

Күрделі атаулар емлесі

VІІ Қысқарған сөздер емлесі

VIIІ Шеттілдік сөздер емлесі

ІХ Сөздердің тасымалдануы

Жаңалығы:

 Ю, Я әріптерінің төл сөздердегі және шеттілдік сөздердегі қызметінің жігі ажыратылып (И, У әріптері тақырыбында және шеттелдік сөздер тарауында) берілді;

 И, У әріптерінің функциясы дұрыс ашылды;

 Ь және Ъ белгісімен келген сөздерді стандартты жолмен таңбалау әдісі анықталды;

 бірге, бөлек (шылау емес), дефиспен (қос сөз емес) жазылатын сөздер: жазу теориясы терминдерінің жүйесімен берілді;

 дефис емлесі таратылды;

 бас әріп емлесі жүйеленді;

 бірге-бөлек тұлғаланатын сөздер емлесі реттелді, жүйеленді, орфограммалары толық қамтылды;

 шеттілдік сөздер мен кірме сөздер аражігі анық көрсетілді («өзім-өзге»)

 тұңғыш рет шеттілдік сөздер игеріліп жазылды, «өзгеден» «өзім» концептісіне қарай ойысты;

 шеттілдік сөзді жазуда игерудің жаңа механизмі анықталды.

Ұлттық жазуға бетбұрыс жасалды.

Қазақ тілі емле ережелерінің басты және қосалқы ұстанымдары

Орфографияның үнемдеу заңдылығы әлемдегі тілдердің негізгі принциптерінің бірі болып табылады. Қазақ тілінде жазудың үнемдеу принципін алғаш рет қолданған және оның тиімділігін негіздеген – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А. Байтұрсынұлы. Ол қазақ тілінің көптеген дыбыстарын шектеулі ғана әріптермен таңбалады. Әдетте тілдердің алғашқы дыбыстық жазуы фонетикалық принципке негізделеді. Бұл грек және латын тілдерінің алғашқы жазуы болған. Дегенмен тіл дамыған сайын сөйлеу тілі өзгереді, ал жазу сол бойынша қалады. Ауызша және жазбаша сөйлеудің екі формасы арасындағы алшақтық артып, дыбыс пен жазудың арасындағы қарым-қатынас өзгереді.

Жазба сөз бен ауызша сөз бір-біріне сәйкес келіп, норма дәрежесіне көтерілсе, бұл фонетикалық жазу болып табылады. Фонетикалық жазу әріп пен дыбысты белгілеу арасындағы сәйкестікке негізделген. Бұндай жазуда айтылған дыбыстар барынша нақты және дәл жеткізіледі. Дәстүрлі-тарихи принцип басым болып табылатын жазуларда жазба сөз бен ауызша сөздің арасында үлкен айырмашылық болады. Себебі жазу көптеген ғасырлар бойы өзгермейді, ал тілдің фонетикалық жүйесі дамиды, жаңа фонемалар пайда болады. Бұл принцип негізінен француз және ағылшын тілдеріне тән. Қазақ тілі үшін бұл қосалқы принцип болып табылады. Қазақ тілінің басты – фонематикалық принципі бойынша дыбыстардың тек негізгі реңкі таңбаланады. Мысалы, з (z) әрпі сөздегі позицияға байланысты үш түрлі нұсқада айтылғанымен, жазуда негізгі тұрпатын сақтайды: с (s), ш (sh), ж (j). Жазылуда – қазса // qazsa, айтылуда – [қасса // qassa]; жазуда – көз жасы // kóz jasy, айтылуда – [көжжасы // kójjasy]. С (s) әрпі ш (sh) дауыссызының алдында өзгеріп, сол дыбыс түрінде айтылады: қосшы //20 qosshy деп жазылады, [қошшы // qoshshy] деп айтылады, басшы // basshy деп жазылады, [башшы // bashshy] деп айтылады. Н (n) әрпі сөздегі позицияға байланысты м (m) және ң (ń) дауыссыздарына айналады: сенбейді // senbeɪdi деп жазылады, [сембейді // sembeɪdi] деп айтылады, көнбейді // kónbeɪdi деп жазылады [көмбейді-kómbeɪdi] деп айтылады, түнгі // túngi деп жазылады, [түңгі // túńgi] деп айтылады.

K (к) және қ (q) әріптері сөздегі қоршаған дыбыстарға байланысты айтылуында өзгеріп тұрады: көк орамал // kók oramal деп жазылады, [көгорамал // kógoramal] деп айтылады, ақ ала // aq ala деп жазылады, [ағала // aǵala] деп айтылады. A (а), i (і), ы (y), е (е), о (о), ө (ó) дауысты дыбыстары позицияға байланысты өзгеріп тұрады: а→ә, і→ү, ы→ұ, е→ө, е→йе, о→уо, ө→уө: шай // shаɩ деп жазылады, [шәй // sháɩ] деп айтылады, жүзім // júzim деп жазылады, [жүзүм // júzúm] деп айтылады; құлын // qulyn деп жазылады, [құлұн // qulun] деп айтылады; көйлек // kóılek деп жазылады, [көйлөк // kóılók] деп айтылады; емле // emle деп жазылады, [йемле // ıemle] деп айтылады.

Аманова Гүлхан Сабырханқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Жамбыл облысы бойынша
 педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институтының
«Инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар»
кафедрасының аға оқытушысы

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Латын графикасына көшудің стратегиясы, ұлт болашағы үшін мәні. А.Фазылжанова
  2. Ауызша тіл мен жазба тіл ұғымдары. Қ.Күдеринова
  3. Қазіргі айтылым нормалары мен жазудың арақатынасы. Қ.Күдеринова
  4. Әліпби, графика, орфография. Ж.Жұмабаева
  5. Түркі тілдерінің латыннегізді әліпби тәжірибелері. Д.Оспанова, А.Сейітбекова, Ж.Жұмабаева
  6. Әліпбидегі әріп пен фонема қатынасы. З.Базарбаева
  7. Жаңа қазақ әліпбиі таңдалуының қысқаша тарихы. А.Сейітбекова
  8. Әліпбидегі әріптер атауы мен дыбысталуы Қ.Күдеринова
  9. Орфографиялық ереже. Орфографиялық нормалардың жазба тілді реттеудегі қызметі мен маңызы. Қазақ тілі емлесінің жаңа ережелері: құрылымы, жаңалығы. А.Фазылжанова
  10. Қазақ тілі емле ережелерінің басты және қосалқы ұстанымдары. З.Базарбаева, Н.Әміржанова

Қосымшалар арқылы бірге жазылатын сөздердің емлесі. Қ.Күдеринова, Ш.Қапантайқызы

Сөзалды сыңарлары бар күрделі сөздер емлесі. Б.Момынова, Ш.Қапантайқызы

  1. Жаңа емле. оқу-әдістемелік құралы. Қ.Күдеринова – ф.ғ.д., профессор, Ш.Қапантайқызы – п.ғ.д., профессор, С.Сапина –ф.ғ.к, Ж.Ағабекова – ф.ғ.к, ассос., профессор, З.Базарбаева – ф.ғ.д., профессор, А.Фазылжанова – ф.ғ.к, А.Жаңабекова – ф.ғ.д, Ж.Жұмабаева – ф.ғ.к, А.Сейітбекова – ф.ғ.к, Г.Мамырбек – ф.ғ.к, А.Хабиева – ф.ғ.к, С.Кенжемұратова – ф.ғ.к, Л.Еспекова – ф.ғ.к, Б.Ысқақова – ф.ғ.к, Б.Момынова – ф.ғ.д, Қ.Қалыбаева – ф.ғ.д, Қ.Рысберген – ф.ғ.д., профессор, А.Алдашева – ф.ғ.д., профессор, Н.Әміржанова – ф.ғ.к, Қ.Есенова – ф.ғ.д, А.Әмірбекова – ф.ғ.к, А.Балабеков – ф.ғ.м, Д.Оспанова – ф.ғ.м, М.Бақытқызы, Е.Шынатай

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.