Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 «D» сынып оқушысы Ислам Сүлейменнің «Қазақстандағы сакралды туризмді дамыту» тақырыбы бойынша жобасы ресми түрде авторлық құқықпен қорғалатын объектілер тізіміне енгізілді.
- Аталған жоба мен үшін зерттеу әлеміндегі алғашқы баспалдағым десем қателеспеймін. Осы орайда түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеп, сыни тұрғыда анализ жасау мен үшін жаңа дағдыларға ие болуға жәрдем етті. Болашақта да аталған жоба өз жалғасын табары сөзсіз, себебі таңдаған болашақ мамандығым да қоғамдық пәндермен тығыз байланысты. Осы жобам отандық туризмді дамытуға, шетелдік саяхатшылардың назарын аудартуға өз үлесін қосар деген сенімдемін, — дейді Ислам Сүлеймен.
Екі жылдан бері айналысып келе жатқан жобада Павлодар облысының тарихи-киелі орындары толық зерттелген және негізгі ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мобильді қосымшада орнықты. Оның Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы кесенесі, Ғабдыл-Уахит Хазірет кесенесі, Исабек Ишан Хазірет кесене кешені, Үміт апа мешіті мен Қоңыр Әулие үңгірі бар. Аталған орындардың инфрақұрылымы, туристерді қабылдау мүмкіндігі қарастырылып, сыни тұрғыда сараптама жасалған. Сонымен қатар, осы орындар бойынша саяхатшылар үшін ыңғайлы тегін мобильді қосымшада карта, чат және өзге де байланыс құралдары қамтылған.
- Павлодар облысындағы сакралды туризм орталықтары туралы халық білгенімен, келушілерге жасалатын жағдайлар туралы халықтың мәліметтері аз болды. Сондықтан біз жан-жақты мәліметті жинап, келушілерге ақпараттық базаны дайындап, мобильді қосымша жасап шығардық. Play Market — те кез келген смартфон қолданушысы біздің қосымшаны пайдалана алады, — дейді жоба жетекшісі Темірхан Қасымов.
Айта кетерлігі, Ислам бұл жобамен бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтсақ, Оңтүсітік Кореяның Тэджон қаласында өткен «Жас ғалым — 2019» халықаралық байқауында 1 орын, Казань қаласындағы халықаралық ғылыми жобалар сайысында 3-орынды, Түркияда өткен халықаралық «Тіл, білім және мәдениет» конференциясында «Жас зерттеуші» номинациясы, Алматы қаласында өткен желілік жобалар сайысында 1 орын, Павлодар қ. ИнЕУ «Болашаққа қадам» конференциясында 1 орын иеленді, облыстық «Жылдың үздік start-up идеясы» конкурс-аукционында жеңімпаз атанды. Сонымен қоса, оқушы Оңтүстік Кореяда өз жобасымен Woosong университеті мен SolBridge халықаралық бизнес мектебінде білім алуға 80% жеңілдік алды.
Жоба авторы Ислам Сүлейменді және жетекшілері география пәнінің мұғалімі Темірхан Қасымов пен информатика мұғалімі Айнагуль Ермекованы авторлық құқықты растайтын куәлікке ие болуларымен шын жүректен құттықтаймыз!