Home » Балабақша » Тіл білу – өнер

Тіл білу – өнер

Барша оқырмандарды еліміздің елеулі мерекелерінің бірі — Қазақстан Республикасы халықтарының 22 қыркүйек тілдер күніне орай елордамыз Нұр –Сұлтан қаласындағы «Балдырған -1» және «Балдырған -2» жеке меншік балабақша ұжымы құттықтағысы келеді.

Елбасының парасатты саясатын жалғастырып отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында: – Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн, – деп атап өткен еді.

Балабақша аясында «Тіл білу — өнер» атты педагогтар арасында зияткерлік сайыс ұйымдастырылды. Сайысқа балабақша тәрбиешілері ат салыса қатысып «Жас қазақ» тобы жеңіске жетті.Ұжым арасында тілге деген құрмет  пен ізет байқалады. Жалпы балабақша 2013 жылдан бастап өз қызметін бастаған, ұжымда 21 педагог жұмыс жасайды. Балабақша мемлекеттік тапсырысты орындап отыр. Балабақшада жалпы мемлекеттік және орыс тілінде білім беріледі.  Өтегенова Жанна Муратқызы басқарған ұжымда  тәжірбиелі педагогтар мен тәрбиешілер жұмыс істейді.

Осы тұста Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі — оның ана тілі екені бәріне белгілі. Тіл — халықтың сан ғасырлық тарихы. Ана тілі жоқ ел мемлекет болып өмір сүруі мүмкін емес. Әлемдегі кез келген халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің ана тілін әрқашан да қастерлеп, қорғап жүреді. Ал ана тілін қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу деп аяқтады өз сөзін балабақша директоры Жанна Муратқызы.

Қазақстан халықтарының Тілдер күні мерекесіне орай өткізілген осындай іс – шаралардың өңірімізді мекендеген сан түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достық қатынасты одан әрі нығайтып, бірлігіміз бен татулығымызды сақтауға игі ықпалын тигізетіні анық.

 

Мусаева Айгерим Адилдақызы,
Нұр – Сұлтан қаласы
«Балдырған» балабақшасының әдіскері

І санатты педагог

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.