Home » Жаңалықтар » Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары  

Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары  

Уақыт керуенінде өмір сүріп жатқан қазақ елінің алдында ұлы мақсаттар мен міндеттер тұрғаны қақ. Алғашқы президентіміз өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт –  бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», — деген болатын.  Ұлтымыздың тарихы тереңнен басталғанмен бүгінгі жас ұрпақ санасындағы елесті жаңғырту, тарихты ғана жаңғырту емес, бүкіл ата-бабамыздың сал-санасын, әдет-ғұрпын, дәстүрін жаңарту болып табылады. Тіпті кең байтақ даламыздың қасиеті мен қадірін түсіндіру ұрпақ алдындағы ұлы парызымыз екені анық.

Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да ел тарихымызды ұрпақ санасында қайта жаңғырту керектігі айтылған болатын.

Еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде «Қазақстандық патриотизм» ұғымы қолданылып келеді. «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, туған өлке туралы түсініктер оқу- тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс- шараларда Отансүйгіштік сезімді дамытуға, ұлттық салт- дәстүрді сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу сияқты сезімдерді оқушылар бойында қалыптастыру жүзеге асырылуда.

Ең бастысы-жас ұрпақ бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру. Жастар тәрбиесіндегі басты ұстаным- өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беріп, еркіндікті, сөз бостандығын, пікір бостандығын сездірту, олардың ұстанымдарымен санасу.

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Осы орайда Абылай хан резиденциясы мен облыстық дарынды балаларға мамандандырылған ЛОРД лицей-интернаты ұйымдастырған «Солтүстік Қазақстан киелі жерлерінің географиясы» тақырыбында өткізілген дөңгелек осының айғағы іспетті. Аталмыш іс-шараға облыстық білім басқармасының бас маманы Тұрлыбаева Зәмзагүл Болатқызы, «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің бас маманы Шераухова Людьмила Ивановна, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «Орыс тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, ф.ғ.к Васильева Ольга Викторовна, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған ЛОРД лицей-интернаты директорының тәрбие-ісі  жөніндегі орынбасары Дубровская Ирина Сергеевна және ұстаздар мен оқушылар қатысты.

«Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің бас маманы Шераухова Людьмила Ивановна: Солтүстік Қазақстанның киелі жерлері картасы жасалынып, тарихи-мәдени жағынан өте маңызды 25 нысан енгізілген.  Оның ішінде 8 нысанның мемлекеттік маңызға 17 нысан аймақтық маңызға ие болып отыр. Бұндай тарихи орындарды алдағы уақытта 50 дейін жеткізу көзделіп отыр, — дейді.

Өңірдің киелі картасына Абылайханның резиденциясы, Ботай қонысы, Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіш кешені, Қожаберген жырау кешені, Құлсары батыр кешендік ескерткіші, Сырымбет усадьбасы, Ақан сері мазары, Ноғайбай батыр мазары секілді тарихымен де, сәулетімен де туристерді қызықтыратын қастерлі мұралар екшеленіп алынған.

Осы аталған сегіз тарихи нысанның әр қайсысына жеке-жеке тоқталып, ұстаздар мен оқушыларға киелі жерлердің қаншалықты маңызы барын егжей-тегжейлі түсіндіріп, өз өлкемізде де туристік тамаша жерлердің бары айтылды. Мәселен, ашық аспан астындағы мұражай іспеттес Ботай қонысы көп жылдан бері шетел ғалымдарының да зерттеу обьектісіне айналып келеді.  Бұл аумақта осыдан 50 ғасыр бұрын тарпаң мінезді жылқы түлігі қолға үйретіліп, арбаға жегілгені, қымыз ашытылғаны әлдеқашан мойындалған. Күні бүгінге дейін археологтардың қызығушылығын тудырып келе жатқан жер.  Ел жадында «Абылайханның ақ үйі» ретінде жатталып қалған кешенді мұражай да  үлкен маңызға ие.  Оның іргетасы 18-ші ғасырда қаланып,  кейін жермен жексен болудың аз-ақ алдында тұрғанда  Елбасының қолдауы арқасында  қалпына келтірілгенін де тілге тиек етті.

Мектеп оқушылары да жазғы демалыстарында саяхат жасаған тарихи орындардан алған әсерлерімен бөлісіп, басқа достарын да осындай киелі мекенді көруге шақырды.

Көкбасқызы Жазира

«BILIM AINASY»,

СҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.