Home » Жаңалықтар » Ақмола облысының Бурабай ауданында «Үш би» естелік ескерткіші ашылды

Ақмола облысының Бурабай ауданында «Үш би» естелік ескерткіші ашылды

Ақмола облысының Бурабай ауданында аудандық сот ғимараты алдында  қазақ халқының төбе билеріне арналған «Үш би» естелік ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Естелік ескерткіштің ашылу салтанатына аудан тұрғындары, сот жүйесінің, әкімдіктің, аудандық маслихаттың өкілдері, құқық қорғау органдарының, прокуратура, жергілікті мемлекеттік мекемелердің, бизнес құрылымдарының басшылары, еңбек және сот жүйесінің ардагерлері қатысты.

Салтанатты іс-шарада Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев, аудандық маслихатының хатшысы Өтелбай Бейсенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы және Билер кеңесінің мүшесі Малгелді Жұмағұлов құттықтау сөздерімен сөз сөйледі.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров өз сөзінде, қазақ халқының билері бірліксіз ұлттың тұтастығы, ал даналықсыз елдің дамуы мүмкін еместігін еске салып тұратындығын атап өтті.

«Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге арналған естелік ескерткіш қаланың көркіне айналуы тиіс. Қазақ халқының бірігуіне және мемлекеттің тұтастығын сақтауға көп еңбек еткен қайраткерлерді өскелең ұрпақ білетін болады. «Үш би» ескерткіші даналықты және тұрақтылықты бейнелеп, мақтаныш, күш пен ерлікті сондай-ақ бірлікпен, мықты мемлекетті және әділ қоғамды айшықтап тұрады» — деді Досжан Әміров.

Облыстық соттың төрағасы судьялар қауымдастығы мен жергілікті атқарушы органдардың қазақ халқының билерінің есімдерімен ауыл және көше атауларын өзгерту бойынша еңбектерін атап өтті. Бүгінгі таңда облысымызда 68 көше және 1 кентіне қазақ билері, ақын-жыраулар мен Алаш-орда зиялыларының есімдері беріліп, осы арқылы қазақ халқының тарихы жаңғыртылды. Аталған жұмыс Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының негізгі Қағидаларын іске асыру мақсатында жүргізілуде.

Д.Әміров халықты біріктіру мақсатында, билердің салиқалы ісін жалғастыра отырып, билер кеңесінің ақыл-кеңестерімен татуластыруға септігін тигізетін Билер кеңесін дамытуға шақырды.

 

 

Ақмола облыстық сотының

баспасөз қызметі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.