Назарбаева Жанагуль Елибаевна
Қостанай облысы
Бейімбет Майлин ауданы
«Тобыл орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Қазақ әдебиетінің іргесін қалаушылардың бірі — Абай Құнанбайұлы. Ол дара және дана тұлға деп айтсам артық болмас. Оның еңбегі біз үшін таусылмас асыл, рухани қазына. Абай өлеңді өте қадірледі, өлеңнің таза өлең болуы үшін күресті. Абай мәдениетті ақын, ол шығыc әдебиетін зерттеп, шығыс ақындарының шығармашылығын оқумен бірге Еуропа мәдениетіне де, оның әдебиетіне де сусындаған дана адамдардың бірі болған. Абайдың сөздері санаға қорек. Абайды тек қазақ ұлты емес, бүкіл ұлт, мемлекет таниды. Тіпті өзге мемлекеттер де оған арнап ескерткіштер қойған. Абайды танитын өзге ұлт демек, Қазақстанды танитыны сөзсіз. Абай қаншама ғасыр артта өмір сүрсе де, оның өлең-жыр шумақтары әлі күнгіге дейін ойып алар орны ерекше.
Қабілет – іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай нәтижелі етіп орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті. Дегенмен, табиғат оны бәріне бірдей етіп бөлмей, біреуге көптеу, біреуге аздау, ал үшіншілеріне мүлдем жарытпай тарататыны да анық. Қазірге дейін ғылым мен тәжірибеде дарындылық туралы екі түрлі көзқарас бар. Біреулері кез келген бала дарынды, тек уақытында нақты қабілетін анықтап, дамыту керек дейді. Ал қарсы көзқарастағылардың айтуынша, дарындылық – өте сирек құбылыс, жалпы адамдардың өте аз тобына ғана тән. Сондықтан дарынды балаларды іздеу алтын түйірін іздегенмен бірдей. Сондай дарынды, әрі талантты оқушымның бірі – Алтай Айзере. Аталмыш оқушымен 5 сыныптан бастап ұлы Абай атамыздың өлеңдерін жаттап келеміз. Қазіргі таңда Айзере 7 сыныпта оқиды.
Биыл қазақтың ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл екені баршамызға мәлім. Осыған орай «Алтын ғасыр» шығармашылық орталығы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» атты Абай шығармашылығымен байланысты республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауын ұйымдастырған болатын. Осы байқауға Алтай Айзере қатысып, «Көркем сөз» жанры бойынша Абайдың өлеңін мәнерлеп оқып, өз өнерін көрсеткені үшін жүлделі екінші орынды иеленді. Байқауға қатысқан оқушы осымен тоқтамай, ұлы ақынымыз Абайды теренірек оқып, басқа да байқауларға қатысуға талпынып отыр.
Кешегі ауыр заманда жалын боп жанып өткен Абайдың осы мұрасы туған халқы үшін ешқашан да сарқылмас. Абай туған елін қанша сүйсе, елі үшін, халқы үшін күңіреніп, тебіренсе бүгінгі ұрпақ оны сонша құрметпен сүйіп отыр. Абайдың көзі тірісінде жетпеген арманына біздің заманымызда жетіп отыр. Өйткені, бүгінгі ұрпақ көзі ашық, ғылымға, білімге, өнерге деген құштарлықтары тым зор. Абай атамыздың «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген өсиетін көкіректе нық сақтап жүрейік!