Маманова Жанар Сейтахметқызы
Нұр-Сұлтан қаласы
Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері
Тәуелсіздік! Бұл сөзде қаншама рух, қаншама күш, жігер жатыр.
Тәуелсіздік – халқымның сан ғасырлар бойы аңсаған, жатса түсінен, тұрса есінен кетпеген асыл арманы.
Алайда, тәуелсіздік бұлттан шыққан күндей жарқ ете қалмағаны ақиқат. Бұл қасиетті бостандық жолында талай арыстарымыз өзін құрбан етті.
Иә, қазақ халқының басынан не өтпеді? Үш жүз жылға жуық бодандықтың бұғауында, жетпіс жылдан аса кеңестік кезеңнің шырмауында не көрмеді?! Қазақ елі басынан аштықты да, қызыл қырғынды да, басқыншылық пен босқындықты да өткерді.
«Тәуелсіздік – халқымыздың бостандығы мен дербес жолындағы сан ғасырлық күрес тарихының нәтижесі», – деп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай еліміздің тәуелсіздік жолындағы күрес тарихы тереңде жатыр. Тәуелсіздік жолындағы күрес – ол күрестердің ұлысы деп айтуға болады. Қазақстанымыздың азаттығын аялау – тарихты ардақтаудан басталады. Елімнің тарихын, ерлікке толы сахара жұртының ғұмырын тасқа қашап қалдырған Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған бабаларымыздың асқақ рухы, асқан батырлығы – бізге үлгі болса, халқы ардақтап ақ киізбен хан көтерген Абылай ханның бар қазаққа жасаған ерен ерлігін елі ешқашан ұмытпақ емес!
Ал елінің азаттығын аңсаған дауылпаз ақын Махамбет:
Мен-мен едім, мен едім!
Мен Нарында жүргенде
Еңіреген ер едім.
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім.
Қай қазақтан кем едім?
Бір қазақпен тең едім.
Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шаңыртып,
Сұлтанын суға сұлатып,
Ханшасын қақпа алдында жылатып,
Ернін еттей тесісіп,
Кеңірдегін кесісіп,
Жыраға басын түсіріп,
Жылғадан қанын ағызып,
Басын кессем деп едім!
Еділдің бойы ен тоғай —
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім.
Еңсесі биік ақ орда —
Еріксіз кірсем деп едім.., – деп жырлап, халқының еркіндікте,
бай да байқуатты өмір сүруін аңсап, сол жолда өз басын өлімге тігіп, елінің еркіндік жолында қасықтай қаны қалғанша күресе білді.
Ал елдік пен еркіндік жолында ата-бабаларымыздың аңсаған ақ арманын ақиқатқа айналдырған «Алаш» партиясының азаматтарының әрбір сөзі қазақтың елінің ұлттық идеясына айналды. Олар – Сұлтанмахмұттың «Алаш туы астында» өлеңінде:
Алаш туы астында,
Біз алаштың баласы.
Күніміз туып көгерді,
Сарыарқаның даласы.
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Ерімізді айдаған,
Елімізді лайлаған.
Жерімізді шимайлаған,
Өшті залым қарасы.
Жасасын, алаш, жасасын! – деп жырлағандай, халқымыздың ояну дәуірі туғызған алыптары, халық қаһармандары. Сол кездің өзінде «Алаш» сөзі «Қазақ» дегенді білдіргенін білеміз. Оған М. Дулатовтың: «1905 жылдан бері біздің қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, олардың ісіне еліктеп ұлт пайдасын қолға ала бастады», – деген сөзі дәлел. Бұл идея авторлары сол азаттық қозғалыстың басына келген жаңа әлеуметтік күш ұлттың интеллегенция өкілдері еді. Қазақ зиялылары енді сол идеяларын жүзеге асыру үшін елде жаңа сипат, жаңа өрлеу ала бастаған ұлттық қозғалысқа саналылық, ұйымдасқан сипат беру жолдарын қарастыра бастайды.
«Газет-журнал – жаңалық жаршысы» дегендей осы бағытта газет шығару, күреске шақыратын кітаптар бастырып тарату, үндеулер ұйымдастыру сияқты бұрын қазақ тарихында болмаған саяси кұрес құралдарын игере бастайды. Оған М. Дулатовтың «Оян, қазақ!», А. Байтұрсынұлының «Маса» және газет беттеріне дүркін-дүркін шығып тұрған М. Жұмабаев, С. Торайғыров және тағы басқа сол кездегі қазақ қоғамының рухани болмысын дәл және терең бейнелеген шығармаларын айтуға болады.
М. Жұмабаевтың:
Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,
Қандай ессіз не қылдың деп тергейді? – деген сөзінде үлкен астар жатыр. Ол өзінің халық бірлігі мен еркіндігі жолындағы күресіне мақтана келе, өз істерінің мәңгі жасайтындығына, оны ешқандай күш жоя алмайтындығына сенді. Енді бір өлеңінде:
Қара елім, қалың қара ағашым,
Қайраты мол айбынды ер, алашым!
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын, – деуі нағыз көрегендікпен айтылған сөз болды. Тек елін шақырған сабырлылық жетпіс жылға созылып, өзі оған жете алмады.
Елім деп еңіреп, халқым деп қайғырған бұл азаматтардың шығармаларын жай көркем туынды деп қарауға болмас. М. Дулатовтың: «Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық… Оның ешқандай да правосының жоқтығы ызы мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті де керек емес нәрселерге жұмсалады. Чиновник, урядник, қарауылдар кедей қазақтарды ұрып-сағып, мал-мүлкін тартып алады, ойына не келсе соны істеді. Қазірдің өзінде мыңдаған ерлеріміз шалғайда жүр немесе түрмеде отыр…», – деп, сол кездің өзінде патшаның зұлым саясатын әшкерлей білді.
Саналы өмірін ұстаздыққа, ағартушылыққа арнаған Алаш азаматы М. Дулатов туралы украинаның шығыстанушысы А. Крымский: «…Ақын Міржақып – ауылдағы орыс мектебінің мұғалімі. Оның поэзиясы өз халқын оқу-ағартуға шақырған асқақ үн мен жігерге толы. Ол езілген халқына өзінің заңды правосын қайтаруды, жас ұрпақты жарқын болашаққа жеткізуді армандайды», – деген ой айтқан болатын. Әрине, М. Дулатов осы сөзінен кейін өзінің де басына қара бұлттың үйірілетінін біліп, өз үндеулерін лақап атпен жариялаған еді. 1905 жылғы революциялық толқулардан үрейленіп қалған полиция сақшылары қол астындағы бұқара халыққа қатаң бақылау жасайды. Бұл жолы М. Дулатовты сол кездегі өкіметтің қанды шеңгелінен лақап аты құтқарып қалады. Сол кезде өз идеяларын халыққа жеткізу ұшін Алаш азаматтары лақап ат жамылуға тура келген.
«Иртыш», «Пікір», «Уақыт», «Серке», «Сарыарқа», «Бірлік туы» және тағы басқа басылымдар Алаш азаматтарының мақсат-мүдделері мен ой-пікірлерін халыққа жеткізіп тұрған көпір іспетті болды. Газет-журнал, кітап шығару – мәдениет пен оқу-ағартуға үйрететін бірден-бір құрал деп тапқан олар енді өз өлеңдерімен көздерін ашып, көкіректерін оятып, ескіліктен арылтып, жаңалыққа үндейді. Осы орайда М. Дулатов:
Газет-журнал оқысаң,
Көзіңді, қазақ, ашасың.
Дүние халін білмесең,
Ілгері қалай басасың? – десе, Ш. Құдайбердиев:
Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда
Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?
Көз жұмып, «көппен көрген ұлы той»деп,
Береді бұл надандық кімге пайда? – деп, еркіндікке жетудің басты шарты, түп-түнек қараңғылық ұйқысынан оятып, сілкініп, надандықтан арылу керектігін айтады.
Алаш азаматтарының болашаққа деген нық сеніммен жігерленген творчестволық қазақ халқының бостандығы мен теңдігі жолындағы күресімен тығыз байланысты, ол халықты оятуға, білімге, оқу-ағартуға, күреске үндеді. Оған көрнекті қоғам қайраткері, ақ сұңқар ақын С. Сейфуллин: «Қазақ зиялылары хақында» деген мақаласында: «Қазақ оқырмандарының арасында 1905 жылдан бастап-ақ… революциялық идея, ұлттық теңдік пен азаттыққа үндеу етек алды. Жаңа оянып келе жатқан қазақ интеллегенциясының ол кездегі дем берушілері Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсыновтар болды», – деуі айғақ. Олар өздерінің шығармаларыныңда демократиялық мәндегі ұлттық тең құқықтылық халықтың мәдениетін көтеру, отаршыларды жер мен суды тартып алуына наразылық білдіру сияқты әлеуметтік-саяси мәні бар мәселелерді көтерді. Осы арқылы олар халықтық ахуалды қалыптастыру үшін қызмет етті. А. Байтұрсынов өз сөзінің бірінде: «… жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады», – деп газеттің қоғам үшін саяси маңызын барынша айқындап берген.
Баспа беттеріндегі үндеулер ашына жазған ақпараттар қазақ халқының отарлық езгіге, қараңғылыққа шоқ тастады. А. Байтұрсынов өз өлеңінде:
Жазған сөз жаным ашып Алашыма,
Алаштың адасқан аз баласына.
Қаннан қан, еттен етім, бауыр жұртым,
Қараған «Қаратаудың» қаласына, – деп халқының қамын ойлап қабырғасы қайысса:
Ұйқыда жатыр қазақ көзін ашпай,
Кеттік қой отқа күйіп, өрттен қашпай!
Әр халық алға кетіп жатса дағы,
Біздің жұрт шегінеді алға қадам баспай, – деп халықтың керенау жалқаулығына ашынады. Ал М. Жұмабаев:
Бақытсыз қаңғып жүрген қазақ сорлы,
Әркімге күні кетіп мазақ сорлы.., – деп елінің бейшара мүсәпір қалпына қапаланады.
Қазағым деп қамыққан зиялы қауым қайтсек қазақты Алаш туының астына жинаймыз деген саясаты баспа беттерінде қайта-қайта шығып жатты. Онда Алаш азаматтарының ұлттық тұтастық, бірлігі бар мемлекет құру мәселесі жазылады. Сөйтіп Алаш азаматтары бар қазақтың Алаш туының астына жиналуға шақырған үндеулері, өлеңдері арқылы тарта бастады. Сұлтанмахмұттың мына бір өлең жолдарынан әр қазаққа қазақпын деп мақтан, Алашпын деп шаттан, Алашпен бірге бол деп ұран тастады:
Алыстан Алаш десе аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ
Мен неге, қазақтықтан сақтанамын?!
Алаш азаматтары елін бастаған ер де, жол көрсетер ақылшы да, бірлігін ойлаған басшысы да, өнер-білім үйретер ұстазы да бола білді.
«Ер басына күн туса, етігімен су кешер» деп халық айтқандай, Алаш азаматтары елінің басына түскен ауыртпашылыққа белдері қайысып, жандары жабырқайды. Тарихымыздан белгілі «Бас кеспек болса, тіл кеспек жоқ» демекші тумысынан қайсар жанды халық ханға қасқайып тұрып, «Хан емессің қасқырсың» деп датын айту тек біздің халықтың ғана қолынан келетін шығар. Халқы үшін қамығып, елі үшін еңіреген Ахмет:
Ұйқышыл жұртты,
Түксиген мұртты,
Обыр обып, сорып тұр.
Түн етіп күнін,
Көрсетпей мінін,
Оятқызбай қорып тұр.
Обыр болса қамқорың,
Қайнағаны сол сорың! – деп, обыр болып, қазақтың қанын сорған өкіметтің әрекетін әшкерлесе, Міржақып:
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты, – деп, қазақ халқының басына төнгелі тұрған қауіпті көріп, ештеңеден қаймықпай елі үшін, елінің ертеңі үшін қам жегендерін көруге болады. Ол осы өлеңі үшін тұтқынға алынып, бұл жөнінде былай дейді: «Оқушыларға мағлұм, «Оян, қазақ!» атты өлең кітабымды ескі өкімет шам көріп, «қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911 жылы мені сотқа берді, сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым».
Ұлттық мемлекеттік тұтастықты қалпына келтіру үшін күрес барысында өмірге келген Алашорда Кеңес өкіметі сахнасынан ығыстырылғанымен, Алаш қайраткерлері ұлт мүддесі үшін күресті жиырмасыншы жылдардың аяғына дейін жалғастырды. Олардың идеяларын Кеңес өкіметінің қапасы да, заңы да өзгерте алмады. Тек «іштен шыққан жау жаман» демекші өз надандығы, өз сатқындығы «біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені аттының» кебін кигізді. Ол жайында Ахмет:
Не жазып ем, құдай-ау, мен қазаққа,
Мүбтала ғып салғандай бұл азапқа?!
Адамшылық есебіне кірісіп,
Қолы жетсін дегендік пе азатқа?..