Алматы балабақшаларының
20 үздік басшысы
Малайзия мен Қытай жетекші білім беру мекемелерінде тағылымдамадан өтті. Мұндай мүмкіндік 2025 жылға дейінгі мегаполисті дамытудың Жол картасы аясында Алматы әкімдігі жүзеге асыратын қалалық мектепке дейінгі ұйымдар мамандарының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша ұсынылып отыр.
Алматының мектепке дейінгі мекемелер мамандарының біліктілігін арттыру бағдарламасы педагогтердің кәсіби дағдысын дамыту арқылы білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Бұл өз кезегінде қаладағы мектепке дейінгі білім беру сапасын айтарлықтай арттырып, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Меңгерушілер Қытай мемлекетінің Сужоу қаласындағы “Eton house” және Ханчжоу қаласындағы “ENOBLE” және Малайзия елінің “Universiti Pendidikan Sultan Idris” балабақшаларында біліктіліктерін арттырып, тәжірибе алмасып келді.
Бұл топтың құрамында №188 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлсім Сакеновна және Алмалы ауданының бөбекжай-балабақшаларының меңгерушілері де болды.
Қытай — әлем экономикасының бір бөлшегі. Қытай туристерді бай мәдениетімен, тарихымен ғана емес, сонымен қатар білімімен де қызықтырады. Аспан асты елінің білім беру жүйесі несімен ерекшеленеді? Қытай елінде балабақшалар қандай және бүлдіршіндерді мектепке дейін қалай тәрбиелейді, артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталмақпын.
Қай саланы алып қарасақ та, сол сфераны дамыту үшін білім керек. Осы орайда білім мектепке дейінгі балабақшадан бастау алатынын атап өткім келеді.
Мемлекеттік балабақшаларда баланы еңбекті жақсы көруге, еңбектенуге тәрбиелесе, ал жекеменшік балабақшаларда керісінше мәдени және эстетикалық білімге яғни теориялық біліммен қатар өнерді де үйретуге көбірек көңіл бөлінеді. Жеке меншік балабақшалар қытайлық білім беру жүйесімен ғана шектелмей шетелдің озық білім жүйесін де өз тәжірибелерінде қолданады. Қытайдағы білім жүйесі бойынша балақай бірінші сыныпқа барарға дейін төрт жүзге жуық иероглифтерді жатқа білу керек. Бұдан бөлек оларға табиғат құбылыстары, өсімдіктер мен ағаштардың түрлері туралы да айтылады. Балақайлар келе салысымен күнде таңертең мемлекеттік ту көтеріліп, әнұран ойнатылады. Осылайша отансүйгіштікті дамытуды жастайынан қолға алады. Ал енді тәрбие жағына тоқталсақ. Олар оқу ғана емес күнделікті өмірдегі қоғамдық істерге де көңіл бөледі. Балабақшада балаларға туындаған түсініспеушілік пен қиындықтарды өз беттерінше шешуге үгіттейді. Әрине, тәрбиешілер әрдайым көмектесуге дайын. Дегенмен де олар баланың өзі қоғамдағы орын алатын жағдайларды кішкентай кезінен өз бетінше шешіп үйренуін дұрыс көреді, себебі бұл олардың бойындағы көшбасшылық қасиетін дамытып, баланың өз-өзіне сенімді болып өсуіне ықпал етеді.
Осы ретте Қытай елінде біліктілігін арттырып келген маманның сөзіне құлақ түрсек: «Маған өте қатты ұнағаны балалармен ашық, еркін жұмыс жасалғаны. Практикадағы “Лабиринт”, “Лазерь”, “Саябақ” орталықтары баланың дамуына көп үлес қосатынын көрдік. Осы орталықтарды өз тәжірибеме қосамын деп шештім. Кез келген бала Қытай мемлекетінің тілін, тарихын, мәдениетін ойын барысында түсініп, үйренеді екен. Музейлерге жиі шығу ұйымдастырылады. Түрлі құрылғыларды қолдана отырып зертханалық жұмыстар жүргізілуде.
Бұл білім мен ілімнің біздің балаларымызға пайдасы тиері анық», — дейді №188 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлсім Сакеновна.
Ал, малайзиялық білімде – демократия.
Малайзияның білім беру жүйесі – іргетасын берік қалаған, халықаралық оқу стандарттарына негізделген,
електен әбден өткен, жоғарғы талап қойылған жүйе. «Ата-ана – бала тәрбиесінің үлгісі»,-деген ұғым қалыптасқан. Сонымен қатар, бала тәрбиесінің алдыңғы шепте екендігі де жасырын емес. Малай ата-аналары балаларының текті тәрбиемен сусындап өсуімен қатар, заманның көшіне ілесетұғын, иық тіресе алатын, талаптарына сай білімді ұрпақ тәрбиелеуге де аса мән береді.
5 жасар бала – саяси құқыққа ие
Осы елде, бір қызығы, халық қалаулыларын, яғни депуттаттарды сайлауға 5 жасқа толған балалар да қатыса алады. Яғни, 5 жасар бала – саяси құқыққа ие. Міне, бұл үрдістің өзі балалардың таңдауы мен көзқарасына бей-жай қарамайтынының дәлелі. Балаларға кішкентайынан бастап, қоғамға, ел ісіне енуіне, осы жастан басап-ақ еркіндікке, кең ойлап, пайымдауға әрі шешім қабылдауға үйретуің айқын көрінісі. Міне, тәлім мен тәрбие тәжірибесінде берері бар Малайзия елі – осындай.
Жоғарыда жазылған әдістемелер мен көркемдегіш құралдардың қазіргі білім беру жүйесінде үлкен маңызы бар екендігі айқын. Біз балаларға сапалы білім беру мақсатында жоғарыда атап көрсеткендей барлық әдіс-тәсілдерді осы идеяларға қатыстырып өтетін болсақ білім үлгерімі мен қатар ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелей алар едік.
Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Балабақша бақыттың ең бірінші баспалдағы, баланың болашағы. Сондықтан, тәрбиенің алтын бесігі саналатын балабақшаның маңызы зор.
Біз Қытай мен Малайзияның жетекші білім беру мекемелерінде тағылымдамадан өтіп келген мамандарымыздың жүйелі жұмыс жасап, әр күнін ізденіспен өткізіп жүргеніне сенеміз.
«BILIM AINASY»
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы