2024 жылдың қазан айында Алматы қаласынан 20 балабақша меңгерушілері мен білім беру басқармасының өкілдері Қытай мен Малайзияға халықаралық тәжірибе алмасу сапарымен аттанды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білімді ұлт – жарқын болашақтың кепілі» деп атап өткеніндей, бұл сапар ел болашағына қосылған маңызды үлес болды.
Сапардың басты мақсаты – мектепке дейінгі білім беру саласындағы халықаралық тәжірибені зерттеп, оны қазақстандық балабақшаларда қолдану.
Малайзиядағы тәжірибе 2-6 қазан аралығында өтті. Бағдарламаның мазмұны мектепке дейінгі ұйымдарды басқарудағы озық тәжірибелер мен білім беру инновацияларына толы болды. Қатысушылар Сұлтан Ыдырыс атындағы педагогикалық университетінде робототехника және цифрлық геймификацияның мектепке дейінгі білімде қолданылуы туралы семинарларға қатысты. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру жүйесі мен балалардың шығармашылық дамуына арналған жаңа әдістер зерттелді.
6-11 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу және Сучжоу қалаларындағы мектепке дейінгі ұйымдарда өткен семинарлар мен шеберлік сабақтары жаңа тәжірибе алуға мүмкіндік берді. Қытайлық балабақшалардағы инклюзивті білім беру жүйесі мен буллингтің алдын алу шаралары құнды тәжірибе болды. Екі елде де мектепке дейінгі білім беру жүйесін басқару, көшбасшылық және тиімді менеджмент мәселелері қаралды.
Бұл сапар балабақша меңгерушілері мен білім беру басқармасының өкілдері үшін тек кәсіби даму ғана емес, ел болашағына деген зор жауапкершілік екені айқын. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, мектепке дейінгі білім беру саласына енгізілген әрбір жаңа қадам еліміздің ертеңі үшін маңызды. Халықаралық тағылымдамадан жинаған білім мен тәжірибе болашақ ұрпақтың сапалы білім алып, саналы тәрбие алуына үлкен үлес қосары анық.
№11 балабақшаның меңгерушісі
Тохтамбетова Әигерім Ғалымқызы