Шарипова Агайша Сатыбалдиновна
Павлодар қаласы, Камал Макпалеев
атындағы жалпы орта білім беру мектебі
Павлодар облысы, Павлодар қаласы
Функционалдық сауаттылықты негізгі жалпы білім берудің нәтижесі және құндылығының мақсаты ретінде алып қарастырсақ қателеспейміз деп санаймын.
Білім берудің ұлы мақсаты-білім емес, бұл жөнінде Герберт Спенсер былай деді: «Адамның функционалдық сауаттылығы-адамның белгілі бір деңгейдегі оқу және жазу машығы. Яғни, басқаша түсіндіретін болсақ, баспа сөздер мен іскерлікті қоса алып жүретін қабілеттілік.
«Функционалды сауаттылық» оқушының мектептегі алған орта білімінің күнделікті өмірінде және болашақтағы көп қырлы қызметінде кездесетін тұрмыстық қоғамдық, әлеуметтік экономикалық проблемаларды шешуде табысты қолдана алуын қамтамасыз етеді.
Мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар-бұлар абсолюттік құндылықтар, яғни барлық адамзат үшін қажеттілігі шексіз. Бұл құндылықтар ішкі мағынасы терең, халық еншісі. Бұл-рухани білім. Оның негізінде адамның Ар-Ұяты жатыр. Ал Ар-Ұят дегеніміз сүйіспеншілік, ақиқатты тану, борыштың тыныштығы, қиянат жасамау, қайырымдылық, жанашырлық құндылықтары. Ендеше, жалпыадамзаттық құндылықтар мәңгілік рухани табиғатты құрайды. О баста жаратушы барлық адамның болмысына рухани бастау берген, ал адамгершіліктің қасиеттері әр адамның рухани деңгейін көрсетеді.
Жалпыадамзаттық құндылықтар: Дұрыс әрекет, Сүйіспеншілік, Ішкі тыныштық, Қиянат жасамауды тіршілік ағашы іспеттес етіп алып қарастырасақ, өмір негізі-түпкі Тамыр-Ақиқат екені рас,яғни барлық көріністің көрінбейтін бөлігі. Ал тамыр мықты болу үшін оны сумен суарамыз. Ал су-тіршілік көзі. Су-сүіспеншіліктің негізі. Су тіршілікке қаншалықты қажет болса, Сүйіспеншілік энергиясы да жалпыадамзаттық құндылықтың негізі. Ағашты молынан суарсақ, тамыры қатаяды. Ал ағаштың мықты тамыры мен оның бұталары Дұрыс әрекеттен болып отыр.
Адам да сол сияқты, егер жүрген жерінде дұрыс әрекет жасап жүрсе, ішкі жан дүниесінде Тыныштық орнайды. Ал ішкі жан дүниесі тыныш адам Қиянат жасамайды. Бұл адамның бәрі болмысынан Рухани Бастау екенін көрсетеді.
Біздің білуімізше, бала болмысынан білуге өте құмар, қоршаған ортаны зерттегісі келеді, бірақ қазіргі заман балалары сабақ оқығысы келмейді. Неге? Бұл сұраққа жауап беру өте жеңіл, бала білімді тіршілікпен байланыстырғанда ғана түсінеді, есінде ұстайды. Ендеше, қандай білім жанды, ал қандай білім-жансыз?
Ұлы педагог, шабыттандырушы Ш .А .Амонашвили бұл сұраққа былай жауап береді. «Жансыз білім деген не? Бұл айтыла сала ұмытылып кететін білім. Яғни, мектеп табалдырығын аттасымен ұмытылып, әрі қарай өзімен бірге алып кетпейтін өлі білім.
Ал жанды білім-Білім Мәдениетін құрайды. Жанды білім-оқушыны жандандыратын, рухтандыратын білім. Жанды білім-қанат бітіреді, ал жансыз білім-аяққа салынған ауыр кірмен тең. Шын мәнінде, заманауи балалар бізден әлем суретінің тұтастығы мен жанды білімді аңсайды.
Бүгінгі таңда білім берудің екі аспектісінің үйлесімді дамуының қажеттілігі туындап отыр. Олар: біріншісі, интеллектуалдық- сыртқы білім (оқу арқылы ақпарат жинақтап алу), екіншісі, рухани-адамгершілік білім (жүректен шығатын –ішкі білім). Сондықтан оқушы бойында осы екі аспектінің үйлесімін қамтамасыз етуге бағыттап оқыту ұстаздың міндеті. Сыртқы білім өмірдегі табысты көрсетеді, яғни оқушының түрлі сайыстар мен ғылыми жетістіктері. Ал ішкі білім-өмірдегі рухани адамгершілік. Табыс пен жетістіктер келеді, кетеді, ал адамгершілік құндылықтары келеді және барған сайын ұлғая түседі.
Жеке пән арқылы берілетін білімде кезкелген оқу тапсырмалары мен жалпыадамзаттық құндылықтар біртұтастықты құрауы керек. Осы орайда Өзін-өзі тану пәнінде оқытылатын әдіс-тәсілдерді басқа да пәндерде қолдану кең ауқымда орын алуы қажет. Мұнымен біз сабақ сайын оқушы бойында мәңгілік құндылықтарды тәрбиелей алатынымызға еш күмән болмау керек.
Әр сабақты тыныштық сәтімен бастасақ, дәйексөздің мағынасын ашып,әр адам бойында жақсыны көру, жақсы істер жасауға, біреуді қуантуға асығуға, сонымен бірге адамдармен тіл табысуға апаратыны сөзсіз. Сабақтағы шығармашылық жұмыстарда балалар бір-біріне қолұшын беруге талпынады, ән айтуда қуанышқа бөленеді, өмірдегі қуаныштарды сезінеді.
Егер адам бойында құндылықтар орын алып жатса,ол адам ешуақытта қиянат жасауға бармайды. Ал қиянат жасамауға жету, адамның барлық құндылықтарды сіңіріп алғанының белгісі. Осы орайда Қиянат жасамау құндылығын сөз етпекпін.
Құндылық жайлы сөз қоғамас бұрын, Петракова ұсынған құндылықтар жіктемесі бойынша үш түрге бөлудің шінде табиғи, жүре пайда болған, абсолюттік құндылықтарды айту керек.
Зорлық-зомбылық ғасырлар бойы және біздің заманымызда да жойылған жоқ. Адамзаттың өнегелік дамуының анықтамаларына қарамастан, ХХ ғасырды көптеген ғалымдар тоталитаризм ғасыры деп атайды. Үшінші мыңжылдық шегінде соғыс пен бейбітшілік мәселелері бүкіләлемдік экологиялық дағдарыс, табиғат ресурстарының таусылуы сынды тақырыптармен қатар өзекті болып табылуда. Дамыған елдердің азаматтары зорлық-зомбылықты моральдық тұрғыдан өрескел деп қабылдап, сол арқылы қиянат жасамау қажеттілігін арттыра түсті.
Қиянат жасамау – саяси қызметтің басты ұстанымы ретінде гуманизм қағидаларын және жалпыадамзаттық ғибрат пен өнегелікті айқындайтын, қандай да бір саяси, әлеуметтік мәселелерді шешу кезінде зорлықтан, күш қолданудан бас тарту қажеттілігін мойындайтын тұжырымдама.
Қиянат жасамау өмірлік маңызы бар қорғаныс жауынгерлігін жоққа шығармайды, дегенмен, оны жанжалдарды шешудегі қорғаныстың позитивті қиянат жасамау құралына айналдырады. Қиянат жасамауды насихаттаған негізгі идеологтардың бірі Махатма Ганди өзінің күрес стратегиясын Индиядағы ағылшын билігіне қарсы әлеуметтік қайта құрудағы зорлық-зомбылықтардан бас тарту арқылы жүзеге асырды. Сол арқылы ол көптеген көшбасшыларға үлгі болды. Бұл барлығын бейбіт жолмен шешу мүмкін екендігінің тағы бір айқын дәлелі. Қиянат жасамау қазіргі заманда саналы түрде жасалатын зорлық-зомбылық әрекеттердің алдын алудың, қоғамдық жанжалдардың тиімді шешімі болып табылады. Біз қиянат жасамау этикасын сөз еткен кезде, оны адамның қоғамдық тәжірибесінің ерекше формасы ретіндегі маңызын айқындаймыз. Қиянат жасамау – әлемді тануға құштарлық. Жаратылыс атаулының бірлігін түсіну қиянат жасамауға жетелейді. Бұл Ақиқаттың, Махаббаттың, Шыншылдық пен Байсалдылық тәжірибесінің жемісі. Қиянат жасамау бар әлемге деген махаббаттан білінеді. Бұл тек зиян тигізбеу емес, сонымен қатар адамдардың жанашырлығын оятатын әрекеттерді жетілдіру.
Өзіңе және айналаға қатысты қиянат жасамау тура мағынада зиян тигізбеу дегенді білдірсе керек. Дей тұрғанмен, бұл құндылықтың мағынасына терең үңіліп, жан-жақты зерделей келе, ойдың қуатына тоқталғым келеді, өйткені, көп жағдайда санамызды жаман ойлар тұмшалап, оқтын-оқтын кері әсері бар құбылыстардың туындауына себеп болып жатады. Күнделікті өмірімізде орын алып жатқан жағдайлар ойымыздың уақыт өте келе шындыққа айналуының белгісі деп білемін. Өз басымнан өткен бір оқиға, 9 сыныптан кейін тарих пәнінен емтихан тапсырған кезім. Емтиханға дайындалу барысында 9-шы билет ең үлкен болғандықтан, оны кейінге қалдырған едім, әрі соңында істейтін шаруа болған соң, оған уақыт жетпей қалып, ақыры, ол билетке дайындалмай бардым. Жаттап үлгермеген 9-шы билет қолыма түспесе екен деген үміт пен үрей маза бермеді. Қырсыққанда, дәл сол билет түсті. Қазір мен жаттамаған билет туралы ойлар, уайым – өзіме жасаған қиянат екенін анық түсіндім. «Сау басыңа сақина тілеу» деп өзіміз жиі айтатынымыздай – бұл уақыт өте келе қылаң берген қиянаттың белгісі болды. Өз оқушыларыма да осы мысалды алға тарту арқылы ой жеткенге көздің де жететінін, оның әлбетте шындыққа айналатынын, сол себептен, тек жақсылықты ойлау керектігін ұқтырғым келіп, барымды салып түсіндіремін. Бұл – шындық, біздің жаман ойларымыз ішкі жан дүниемізге кері әсер етіп, бірте-бірте түрлі күйзелістен түрлі ауруларға айналады.
Қиянат жасамаудың үш аспектісі
Өзіңе қиянат жасамау 5 сезім мүшесіне қиянат жасамауды білдіреді:
Жалған сөйлеу, дөрекілік – тілге жасалған қиянат;
Жаман сөздерді тыңдау – құлаққа жасалған қиянат;
Барлығынан тек жаманды көру – көзге жасалған қиянат;
Жаман ауамен тыныстау – мұрынға жасалған қиянат;
Жаман әрекеттерді жасау – денеге жасалған қиянат.
Дәріс оқушыны тыңдағанда, өз ренішімізбен, күйінішпен, іштегі ауыр жүкпен бірінші кезекте өзімізге, өз денсаулығымызға нұқсан келтіріп жүргенімізді түсініп, таң қалдым. Мәселен, денеміздің әр мүшесі ішкі дүниемізбен тікелей байланыста: өкпе – ренішпен, бауыр – зиянмен, ашумен, тамақ – айта алмай тұйықталумен, бүйрек – айыптаумен, күйзеліспен, асқазан – уайымдаумен байланысты. Бір сәт туыстарымды, тіпті, өмірден озған жақындарымды еске алдым да, шынымен, бұдан бір заңдылық таптым. Адам баршылықта өмір сүреді – жақсы үй, көлік, қоғамдағы орны бар, бірақ,.. маза жоқ, мықты денсаулық жоқ – бұл ойландыратын мәселе. Қалай, әрі не үшін өмір сүріп жатқанымыз жайлы ойланып-толғанған жөн. Расында, ойланып қарасаңыз, уайым-қайғының денсаулығымызға келтірер зияны шаш етектен, қанша адам түймедей мәселеден үлкен зардап шегеді. Мен өзімді жайсыз сезіндім, қалайша мұны бұрын білмегенмін, неліктен оған мән бермегенмін.
Әлеуметтік төзімділік деген мағынасы терең, ауқымы кең ұғым бар, яғни, барлық адамзатқа сыйластық білдіріп, дін және дәстүрлерімен қоса қабылдау. Бауырластық сезімі, азаматтылық, ұлттық сана-сезім, әлеуметтік әділдік сезімі. Сыртымыз өзгеше болғанымен, іштей барлығымыз дерлік бірдейміз, құқықтарымыз бен міндеттеріміз де тең, әркімнің бұл әлемде өз мүддесі бар. Әрқайсымыз өзге адамның наным-сенімін ортаға салып, талқылаудың еш мәні жоқ екенін түсінеміз. Егер адам өзін кемелдендіруге құлшыныс білдірмесе, тырыспаса, күндердің күні, бәрібір, өзін тануға деген ынтасы оянады. Кез келген өсімдіктің гүлдейтін сәті болатындай, әр жеке тұлғаның ішкі әлеуетін ашатын, толықтай ашылатын кезі болады. Сол себептен, қазіргі жағдайда аптығып, асығыстық білдірмей, ішкі түйсікті тыңдап, шешімді тағдырдың өзіне қалдырған абзал. Өйткені, уақыт барлығына төреші. Өзіңді тану үшін талай сын-қатерлерге төтеп беріп, сынақтарды еңсеру арқылы тәжірибе жинап, өмір атты даңғыл жолды ерік-жігермен, биік еңсемен жүріп өтуге тура келеді. Бірде бір мәдениет немесе дін жек көруге, зұлымдыққа, әділетсіздікке үйретпейтіні анық. Әр заманда елшілер адамзатты ізгілікке шақырып, дін таратуда адамгершілік құндылықтарын дәріптеуді басты мұрат етті. Барлық мәдениеттердің ұлы тұлғалары жалпыадамзаттық құндылықтарды ұстанып, өмір сүрді, ізденді, ағартушылық қызметін де жүргізді. Осы даму үдерісі барысында адам болмысының сапасы мен құны жоғарылайды, мәртебесі өседі. Сайып келгенде, мәдениет пен діннің мақсаты бір – адамның үздіксіз дамуы, оның рухани әлеуетін анықтау, қоғам ортасында жүріп, жеке тұлғалық қасиеттерін шыңдай отыра, айналасындағы тамыр-танысына жақсылық әсерін сыйлау, ізгіліктің жаршысына айналу.
Табиғатпен үндестікте, үйлесімде ғұмыр кешу де жұмыр басты пенде үшін өмірлік қажеттіліктерден жоғары тұратын маңыздылық десем, артық айтқандық болмас. Себебі, қай кезде де әлемнің экологиялық мән-маңызына, аспектісіне терең бойламайынша, түсіністік, жүйелілік балансын сақтап тұру оңайға соқпайтын мәселе болып ашық күйінде қала бермек. Себебі, табиғаттың өзі біздің тіршілігіміздің ең ауқымды бөлігі. Күннің көзі түспей қураған жапырақ сынды, жер-анасыз, жерге нұрын төккен аспансыз адамның да жарымжанға айналуы әп-сәтте. Табиғи ресурстарды оңды-солды мақсатсыз пайдалануға жол бермей, ысырапшылдықтан тартынып, экологиялылық мәселелеріне ден қойған сайын өмірімізге де жақсылықтар ене түсетіні даусыз. Бізге берілген байлық таусылмайтын кен емес, ресурсымыз айтарлықтай шектеулі – су, ауа, небір қазба байлықтарға толы жер де өмір сүруімізге мүмкіндік береді. Әйтсе де, су мен ауаның ластану деңгейінің тым жоғары екенін ескерсек, әлемде экологиялық апаттың болуы мүмкін деген болжам жасауға толық негіз бар. Мұндай болжам жасауға, түптеп келгенде, әлемдік жағдайдың осылайша қалыптасуына бірден-бір себепкер – адамдар екені даусыз. Дегенмен, әр адам табиғатқа қиянат жасамаса, қоршаған ортаға зиянын тигізбесе, бұл жағдай, әлбетте, түзеледі. Тек махаббатпен ғана әлемді өзгерте аламыз, тек махаббатпен ғана өзіміз өзгереміз, тек махаббат қана жақсылықтың, ізгілік атаулының бастауы қайнар көзі бола алады.
Ешкімге және ешнәрсеге, яғни айналаңдағы адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, бар ғаламға зияныңды тигізбей өмір сүру – байсалды тұлғаға тән қасиет. Хәкім Абай айтпақшы, «Адамзаттың бәрін бауырым деп» сүюге, бірлікте болуға дәл осы қиянат жасамау құндылықтары әсер етеді. Қиянат жасамау мейірімділіктен, аяушылықтан, рақымдылықтан, кешіре білуден, бауырмалдылықтан білінеді.
Қазіргі замандағы зорлық-зомбылықтардың себеп-салдары
Зорлық-зомбылықтың туындауы төмендегі себептерге байланысты деп білемін:
- Махаббаттың жетіспеушілігі. Қиянат жасамау, өз кезегінде рақымдылық белгілері бар шексіз махаббатты білдіреді.
- Рухани-адамгершілік білімінің аздығы, төмендігі.
- Мұхтар Шахановтың «Рухани байлығы жоқ адамның пәтуә да болмақ емес ісінде» деген ұлағатты сөзінің астарында әдебиетіміз бен мәдениетімізді санаға сіңіргенде ғана биік өре қалыптасады деген ой жатыр. Өресі биік адамның рухани-адамгершілік деңгейі де сәйкесінше биік болады.
- Өзгерістерге қарымта ретінде жасалатын қиянат.
- Әлемді өз ыңғайына қарай өзгерту мақсатында жасалатын зорлық-зомбылық.
Қиянат жасамаудың тәжірибесі
- Ешкімге зиян тигізбеуге тырысу.
- Барлық тіршілік иелерінің сезімі және өмір сүру құқығы барын түсіну.
- Бірлік пен бауырластық қатынастарды дамтыу, бар тіршілік атаулының өзара байланысын түсіну.
- Қоршаған ортаны қорғау.
- Энергияны бекерден-бекер жұмсамау: тамақ, ақша, электр қуаты және т.б. Қалаудың шегін белгілеу.
- Кешіруге тырысу.
- Ашу-ыза туындағанда ұстамдылық таныту (ақ пен қараны ажырата білу)
- Әдепсіз сөйлеуден тыйылу.
- Жағымсыз ақпарат айтудан тыйылу.
- Жаман ортадан аулақ жүру.
Бастапқыда ортаны адам жасағанымен, кейін бірте-бірте сол ортаның өзі адамның тұлғалық қалыптасуына тікелей әсер етеді. Қазақ мақалы: «Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» дейді. Әрқашан «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайтынын», әр сөздің құны, салмағы, мәні болатынын ескеріп, біреуді сөгуге, ғайбаттауға болмайтынын, артық сөзден аулақ болу керектігін естен шығармаған жөн. Кез келген адаммен әңгімелескенде жылы шырай танытып, ізгілік көрсеткен жан сырт көзге сондай сүйкімді көрінеді! Жалпы, өмір деген ұғым бұған дейінгі пен кейінгінің арасындағы қас-қағым сәт болғандықтан, әр іс-әрекетіміздің қайтарымы болады, біреуге жасаған жақсылығымыз жаңғырық болып еселеп оралады. «Не ексең, соны орасың», сондықтан, жақсылықтың жаршысына айналу – бақытты болудың, қиянат жасамау үлгісін көрсетудің бірден бір жолы. Өзге жанның жағдайын түсініп, қиналғанда қасынан табылуға тырысу керек, тартқан ауыртпалығын сезген, білген жағдайда немқұрайдылық танытпау керек. Қиянат жасамауды білдірудегі түпкі мақсат – өз арамызда болсын, өзгелермен болсын, барлығымен жан жарасымын табу. Жанжалдардан аулақ жүріп, төзімділікті көрсету керек, махаббат сыйлап, даналыққа талпыну керек.
Әр оқушы өзіне ғана тән мінез-құлықтары бар жеке тұлға ретінде оқу кезінде мұғалімнен қолдау күтеді. Баланың бағының ашылуы да, керісінше тұйықталып, басылып қалуы да мұғалімнің тәлім-тәрбиесіне тікелей қатысты.
Атақты американдық психолог Абрахам Маслоу балаға өлмейтін, бойына әулиелік қонған, белгіленген ұлы мұраты бар бүтіндей болмысты көргендей мәңгілік көзімен қарау керектігін айтқан еді. Сабақтағы тәрбие оқушыларға өздерін бақытты сезінуге, рухани тыныштықта болуларына, сонымен қатар, әлемнің әдемілігін көріп, жасампаздығымен ерекшеленетін тұлғаның үйлесімді дамуына, мінездерін шыңдауға мүмкіндік береді.
Қиянат жасамау «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту әдістерінің негізгі қағидаларының бірі болып табылады. Сондықтан, мен тек қана позитивті, гуманисті әдістерді ғана қолданамын: позитивті ойлау, сабақта айтылған дәйексөздер, тарихты, тәмсілдерді мазмұндау, ұлы тұлғалар туралы әңгімелер, шығармашылық тапсырмалар және т.б.
Балалардың бойында қиянат жасамау қасиетін тәрбиелеу кезінде сабақ барысында олардың әрқайсысына көңіл бөліп, оның мәнін жете түсінуіне дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды. Егер баланың сабақты қарауға ынтасы болмаса немесе тапсырманы орындай алмай жатса, оған кінә тақпай, жағдайды өздігінен өзгертуіне мүмкіндік беру керек, қамқорлық жасау қажет.
Баяндамамның соңында А.Маслоудың «Адам өзінің білімін, қабілеттіліктерінің, біліктілігі мен дағдыларын барынша толық пайдалануға ұмтылыс танытады. Бұл қажеттіліктер өз көрінісін өнер, тұлғаның өзін көрсетуі арқылы көрініс табады. Маслоу оқуды өзін өзі көрсетудің бір жолы ретінде ғана қарастыруға болады» деген ойымен аяқтағым келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- ҚР Президентінің «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақстан дамуының басты бағдары» // Казахстанская правда, 28.01.2012 ж.
- Назарбаева С.А. Өмір этикасы – Алматы, 2001. – С.21-22
- Маслоу А.Г. Адам психологиясының арғы шегі / пер. с англ. – СПб.: Евразия,1997.
- Амонашвили Ш.А. Балаларды қалай сүю керек / Гуманистік педагогика негіздері. В 20 кн. – М.: Амрита, 2012.
- Петракова Т.И. Духовные основы нравственного воспитания. — М.: Импэто, 1997. — 96 с.
- Гуманистік педагогика манифесті.- Бушети,2011.
- Маслоу А.Г. Дальние пределы человеческой психики / пер. с англ. – СПб.: Евразия,1997.
- Өзін-өзі тану. Жалпы орта білім беру мектептеріне арналған оқу бағдарламасы/ Алматы: ННПООЦ «Бөбек», 2010. — 74 с.