Home » Мақалалар » ҚҰРЫЛЫМДЫҚ НҰСҚАУЛЫҚТАР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗЫЛЫМ ДАҒДЫСЫН АРТТЫРУ

ҚҰРЫЛЫМДЫҚ НҰСҚАУЛЫҚТАР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗЫЛЫМ ДАҒДЫСЫН АРТТЫРУ

Ләйла Бердалиевна Сейдазимова,
 «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институты, инновациялық білім беру
және ақпараттық технологиялар кафедрасының
аға оқытушысы, Тараз қаласы

«Қазақ тілі» оқу пәнін оқытудың негізгі міндеттері — қазақ тілін ана тілі ретінде тани отырып, өмірлік қажеттіліктеріне коммуникативтік әрекеттер түрінде (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым)  сауаттылықпен қолдану болып табылады. Бұл міндеттер — жаңартылған білім беру мазмұны аясында жүзеге асырылуда. Жаңартылған бағдарлама оқушының ауызекі тілде қарым-қатынас жасауымен қатар, жазба тілін дамытуды көздейді. Бүгінгі таңда мектеп мұғалімінің алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі — оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту мәселесі.
Соның ішінде жазылым дағдысынына келетін болсақ, жазылым төрт дағдының ішінде оқушының нәтиже көрсететін, мұғалімнің өнім алатын дағдысы болып табылады.
Жазылым продуктивті дағдылар қатарына жатады. Яғни, продуктивті дағды дегеніміз тілді қолданып сөйлеу немесе жазу. Қарапайым тілмен айтқанда, жазылым хабарды қағаз бетіне түсіруді қамтамасыз етеді. Жазу арқылы коммуникацияға түсу үшін біз әріптер мен сөздерді пайдалана отырып, сөйлем құрай алуымыз керек, ал сөйлемдерді топтастыру арқылы біздер өз ойымызды жеткізе аламыз.
Жазылым түрлеріне мыналарды жатқызуға болады: тізім жасау, құттықтау қағазы, электрондық хат, күнделік, хабарлама, әңгімелер, эссе және т.б. Әр жазылымның өзіне сай ерекшелігі болады.
Ойлау негізінде жүзеге асыру, ойлау үрдісі арқылы жинақтау және талдау, мазмұн мен құрылымды үйлестіруді жүргізу, стильдік ерекшелікті ескеру,әдеби норманың дұрыс қолданылу ерекшеліктері  жазылым дағдысына тән ерекшеліктер. Тақырыбы (мазмұны), яғни, ұсынылған тақырыптан ауытқымау, мазмұнын толық жеткізу, стильдік құрылымы, яғни,стильдік және жанрлық ерекшелікті ескеру , ӘТН-ға сәйкестігі, яғни, әдеби тілдік норманы ұстану  — жазылым дағдысының негізгі компоненттері болып табылады.
Жазылым белсенді іс-әрекеттерсіз атқарылатын дағды болғандықтан, оған жаңа бір леп беріп, оқушы шығармашылығын арттыру үшін мұғалімге көмекке келетін жолдар, жазылым дағдыларын дамытуға көмектесетін, оқушыларды жазылымға қызықтыруға арналған тәсілдер бар. Оның қатарына құрылымдық нұсқаулықтарды алуымызға болады.
Құрылымдық нұсқаулықтар арқылы оқушыларды жазылым құрылымын жүйелі түрде жазуға жетелеу, жазылымның барлық қадамдарымен жұмыс жасауды қамтамасыз етудің практикалық әдістерін көрсетуге болады.
Құрылымдық нұсқаулықтар арқылы жаздырту оқушыға әрі бағыт береді, әрі жазуға дағдыландырады. Себебі, құрылымдық нұсқаулықтардың әрбір бөлігі жазба жұмысының кіріспесін, негізгі бөлімдерін, қорытындысын, болмаса ретін, жүйесін нұсқап тұрады. Ендеше баланы жазылымға алып келетін осындай құрылымдық нұсқаулықтар мен оның түрлеріне тоқталайық. Жалпы жазба жұмыстарының мазмұны мен мақсатына қарай  дербес,  нанымды, ақпараттық, шығармашылық деген түрлері болады.
Сонымен дербес жазылым дегеніміз не? Дербес жазылым – жазушының жеке тәжірибесі мен сезімін көрсететін, бірінші жақты көзқарасты қолданатын, баяндаудың басы, ортасы, аяғы қызықты құрылымды болып келетін, оқиға орны мен реті логикалық тізбекте берілетін, уақытты көрсететін сөздер мен оқиғалар ауысу тәртібі байыппен баяндалатын жазылым түрі.            Дербес жазылымға келесі сипаттар тән:
Жазушының тәжірибесі мен сезімін көрсетеді;
Бірінші жақты көзқарасты қолданады;
Баяндаудың басы, ортасы, аяғы қызықты құрылымды  болып келеді;
Оқиға орны мен реті логикалық тізбекте беріледі;
Уақытты көрсететін сөздер мен оқиғалар ауысу тәртібі  байыппен баяндалады.
Дербес жазылымға өмірбаян, хат, монолог, күнделік жатады.
Дербес жазылымға өмірбаян, хат, монолог, күнделік жатады.
Өмірбаян жаздыруда ұсынылатын деректерді  жоспарлау картасы арқылы өмірбаян жазуды жоспарлайық. Жалпы, өмірбаян – жеке адамның өмір жолын хронологиялық тәртіпте берілетін жанр. Онда азаматтың аты-жөні, туған жылы, күні, айы және туған жері, ұлты, отбасы  жағдайы, білімі, бітірген оқу орындары, қызметі мен жұмыс тәжірибесі туралы және т.б.  қосымша мәліметтер көрсетіледі.
Өмірбаян жазудың алгоритмі:
Сізге ұсынылған ұяшықтарға  атауына сай деректерді енгізіңіз.
Ұяшықтарға хронологиялық реттілік санын қойыңыз.
Ресми және бейресми стильдің бірін таңдаңыз.
Ұяшықтағы деректерді қайта-қарастырыңыз, түзетіңіз.
Мәліметтердің толықтығына көз жеткізгенде, ұяшықтағы мәліметтерді пайдаланып, өмірбаян жазыңыз.
Міне, осылай жоспарлауға арналған құрал арқылы өмірбаян жазу оқушыға ешқандай қиындық тудырмайды, керісінше, өмірлік деректерді негіз етіп алып, стильдік ерекшелікті ескеріп  өмірбаян құрастырып жазады.
Дербес жазылымның тағы бір түрі — күнделік жанрын жаздыруда ұсынылатын жазылымалды ұйымдастырушы құралын пайдалана отырып күнделік жазуға болады.
Күнделік жазудың алгоритмі:
1.«Қашан?» ұяшығына мерзімін көрсетіңіз.

2.«Қайда?» ұяшығына мекенін көрсетіңіз.
«Сыртқы әсер» мен «Ішкі әсер» ұяшығын қатар толтырыңыз.
Ішкі және сыртқы әсеріңізбен бөліскенде көркемдегіш құралдарды тиімді қолданыңыз.
Зерттеуші ғалымның ішкі жан сыры мен көңіл-күйін толық ашуға тырысыңыз.
Келесі нанымды жазылым. Нанымды жазылым түрлері: жарнама, рецензия, ашық хат, ұсыныс, коментарий, эссе.
Нанымды жазылым дегеніміз не? Нанымды жазылым – нақты тақырып бойынша айқын пікір айтатын, пікір нанымды себептер мен дәлелдермен негізделетін, келтірілетін себептер мен дәлелдер логикалық тәртіппен берілетін, аудиторияны сендіру басты талап болатын, арнайы пікірді білдіретін сөздік қор көбірек қолданылатын жазылым түрі.
Нанымды  жазылымға келесі сипаттар тән:
Нақты тақырып бойынша айқын пікір айтылады;
Пікір нанымды себептер мен дәлелдермен негізделеді;
Себептер мен келтірілген дәлелдер логикалық тәртіппен беріледі;
Аудиторияны сендіру басты талап болып табылады;
Арнайы пікірді білдіретін сөздік қор көбірек қолданылады.
Нанымды жазылымның бір түрі ашық хат жаздыруда ұсынылатын мәселені зерттеу диаграммасын оқушыларға ұсынуға болады.
Ашық хат дегеніміз не? Қоғамдық ой-пікірді білдіру мақсатында жазылатын, өзекті мәселелерді көтеретін   жанр.
Ашық хат жазудың алгоритмі:
Ашық хат жазудың мақсаты мен міндетін, саласын және өзектілігін атап өтіңіз.
Сіз көтеріп отырған тақырып аясында туындаған мәселелерді баяндаңыз.
3.Мәселелердің себептерін анықтап беріңіз.
4.Себептерден туындайтын салдарларды  атап өтіңіз.
5.Сөзіңізді аргументтермен нақтылай түсіңіз.
Мәселенің шешу жолдарын ұсыныңыз.
Сондай — ақ хабарландыру жаздыруда ұсынылатын жазылымды жобалау картасы, жаңалық жаздыруда ақпараттық хабарламаны жоспарлау жадынамасы,  репортаж жаздыруда ұсынылатын жедел ақпарат бұрышы, әңгіме жаздыруда ұсынылатын оқиға желісін ұйымдастырушы, сұхбат  жаздыруда ұсынылатын кеңес және  жоспарлау картасы сияқты құрылымдық нұсқаулықтарды тәжірибеге енгізе отырып, оқушыларды жазылымға қызықтыруға, белсенділігі аз жазылым сынды дағдыны дамытуға болады.
Қашықтан оқыту кезінде осы түрлі тақырыптағы жазба жұмысына жоғарыда көрсетілген, түсініктемесі берілген құрылымдық нұсқаулықтарды пайдаланған жөн. Оны тақырыпқа сай көркемдеу – мұғалім еншісінде.
Қорыта келсек, біріншіден,құрылымдық нұсқаулықтар түрлері тәжірибеге ендірілгеннен кейін оқушылар жазылым құрылымын және стильдік ерекшеліктерін ескеруді үйренеді, екіншіден, құрылымдық нұсқаулықтар оқушыларға мазмұн мен форманы бірдей қамтуы үшін көмекші құрал қызметін атқарады, үшіншіден,  құрылымдық нұсқаулықтар қолданылып жазылған жазылым тапсырмаларының құрылымы мен стильдік ерекшелігі сақталып, стильдік ерекшеліктерді ажыратуға дағдыланады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.