Home » Мақалалар » Кітап — рухани қазына

Кітап — рухани қазына

Алматы қаласы, Алмалы ауданы
КМҚК №10 бөбекжай-балабақша меңгерушісі
Молжигитова Айгуль Турсынбековна

Алматы қаласы, Алмалы ауданы
КМҚК №10 бөбекжай-балабақша әдіскері
Жолшыбекова Нагима Уалихановна

Кітап — рухани қазына

Бүгінгі цифрлық және интеллектуалды даму үрдісінде әр ұлт, әр мемлекет өзіндік менталитетін, өзіндік бет-бейнесін және ұрпағының мәдени  өсуін қамтамасыз етуге ұмтылуда. Бізді де осы үрдіске ежелден қалыптасқан әдеби мұраларымыз бен ұлттық дәстүріміз алып шығады. Сол себептен жас ұрпақты тәрбиелеуде басты ұстанар бағытымыз – ұлттық және мәдени құндылықтар болуы қажет.

Ұлт руханиятының айнасы әдебиет, өнер, мәдениет сияқты іргелі салалардың да бүгіні мен болашағы саналы да интеллектуалды ұрпағымыздың қолында.
Сөз қадірін ертеден түйсінген халқымыздың өмір сүру философиясының түп төркіні де мәдениетпен, өнермен, әдебиетпен байланысты дамыған. Ал сөз өнері, оның інжу маржандары кітаптан басталмақ. Кітап-рухани қазына-деп халқымыз бекер айтпаған. Дала өркениетінде, тылсым дүниенің құдыретін болжап білген дана халқымыз өз ұрпағын рухани құндылықтың бесігінде тәрбиелеген. Мақал-мәтелдер, ертегінің таң ғажайып әлемі, жұмбақтар мен жаңылтпаштар соның шынайы айғағы.
Дамыған мемлекеттердің тәжірибесін зерделеу, еліміздің білім беру жүйесіне енгізу дәстүрлі түрде келе жатқан құбылыс.
2023 жылы Ұлыбритания мектепке дейінгі білім беру және оқыту саласында қайта даярлау және біліктілікті арттыру мақсатында іс-сапармен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болдым.
Ұлыбритания – білім мен ғылымға ұзақ мерзімдік инвестиция құйған, экономикалық даму бойыша жоғары көрсеткішке жетіп отырған ел екені белгілі. Әлем рейтингісінде Британ білім беру жүйесі алдыңғы қатарды иеленеді.
Іс-сапар барысында Ұлыбританияның білім беру жүйесінің ерекшеліктері, отбасы мен балабақша арасындағы интеграция, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ресурстық қолжетімділігі, кітап арқылы балаға білім беру мүмкіндіктері сияқты мәселелер зерделенді. Ұлыбритания балабақшалары баланың жан-жақты дамуына, әлеуметтенуіне мүмкіндік береді. Кітапты қолдану арқылы баланың шығармашылық, танымдық қабілеттерін дамытады. Баланы  дамыту Британ тәрбиешілері үшін маңызды.
           Ұлыбритания педагогтерінің әдістемесі өте қызықты болып келеді. Олар балалардың тілін дамытуды ерте кезеңнен бастайды. Технологияның, цифрлық әлеуеттің даму мүмкіндігінің жоғарылығына қарамастан, баланы кішкентайынан кітап оқуға дағдыландырады. Бұл тенденция баланың және ата-ананың әлеуметтік желіге тәуелділігін төмендетеді. Ұлыбритания тәжірибесі көптеген әдістемелік мүмкіндіктер ашты. Әртүрлі іс-шаралар өткізу арқылы мектепке дейінгі білім берудің шетелдік тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік туындады.
«Кітап — рухани қазына» жобасы аясында (Ұлыбритания тәжірибесі негізінде) «Ертегілер елінде қонақта» тақырыбында педагогикалық ұжымның ұйымдастыруымен қалалық семинар өтті. Семинарға мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, әдіскерлері, Алматы қаласының мектепке дейінгі ресурстық орталығының әдіскерлері қатысты.
Мақсаты: Мектеп жасына дейінгі балалардардың кітап оқуға деген қызығушылығын дамыту барысында ұлттық құндылықтарды қолдану және шетел тәжірибесін негізге алу.
Семинар ата-аналар, тәрбиешілер және балалардың бірлесе отырып, жасаған «Біздің жасаған кітапшалар» көрмесін тамашалаудан басталды. Келген қонақтар QR код арқылы  тыңдалатын «Анамның даусы» атты аудио ертегілер кітабына тәнті болды. Тәрбиеші балаларға өз анасының аудио ертегісін кез келген уақытта тыңдата алады. Балалар өз анасының дауысын тыңдап ұйықтайды, бұл баланың бейімделуіне мүмкіндік жасайды
Балалардың өз қолдарымен жасаған кітапшаларынан қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.
Семинар барысында әртүрлі инновациялық технологиялар қолданылды. Солардың бірі-ойын технологиясын атауға болады. Балабақша әдіскері ретінде мен келген қонақтарға «Ғажайып кітап тапсырмалары» ойынын  қолдану арқылы кітаптың адам өміріндегі маңызын түсіндіруге мүмкіндік жасадым. Әріптестеріме қазақ ертегілерін ойын арқылы қалай балаларға қызықты етіп үйретуге болатынын бөлісіп, сонымен қатар бала бойындағы танымдық, логикалық, шығармашылық, коммуникациялық дағдыларды қатар дамытудың әдіс-тәсілін көрсете білдім деп ойлаймын. Келген қонақтар  тапсырманы қызығушылықпен орындады. Ғажап көңіл-күйдің әсері оларды шексіз балалық шаққа саяхат жасатты. Қонақтарға арналған ойын-сергіту кітап тапсырмаларын орындату негізінде жүзеге асты.

Семинар әртүрлі қызықты іс-шаралармен жалғасын тапты. Ертегі әлеміне саяхат жасау арқылы кейіпкерлердің образдарын сомдау арқылы балалар адам бойындағы жағымды және жағымсыз қасиеттерді салыстыруға үйренеді. Осы орайда балабақша тәрбиешілері Базаркулова Светлана Кадыркышевна, Мулдагалиева Айнұр Утегеновнаның ұйымдастыруымен «Тышқан мен торғай» ертегісі көрсетілді. Балалар сахналық көрініс арқылы ертегінің сюжетін бейнеледі. Ұлттық құндылықтардың арқасында жас ұрпақтың бойына құнды қасиеттерді дамытуға  тырысты. Тышқан мен торғайдың іс-әрекеттерін шынайы, бала жүрегімен сомдаған Туманова Есения мен Абдураимова Аниса келген қонақтарды өз өнерлерімен ерекше сүйсіндірді. Театрландырылған іс-шара өте қызықты өтті.
Адамгершілік қасиеті ертегі мазмұнында жалғасын тапты. Ата-бабамыз өздерінің айтыс өлеңдерін, мақал-мәтелдерін, ырымдарын, батырлар жырлары мен ертегілерін осы арнаға бұрды. Қазақ даласының табиғи үйлесімділігінен туған бұл заңдылықтар, халқымыздың алтын қағидасына айналған. Сондықтан да табиғаттың тылсым өмірімен етене жақын өмір сүрген халқымыз үшін адамгершілік, ұлттық құндылықтар маңызды. Осы қасиеттерді балалардың бойына ертегі сюжеттері арқылы дамытқысы келген балабақша тәрбиешілерінің еңбектері ерекше.


Кітап оқу білімге ұмтылысты, дүниетанымды кеңейтуді, адамның өзін тануын білдіреді. Кітап – адамның жан дүниесінің рухани қазынасы, асыл байлықтың өлшемі. Сондықтан да балаларды кітап оқуға дағдыландыру отбасының, балабақшаның міндеті болып табылады. Осы орайда кітаптың маңызын түсіндіру, ата-анаға педагогикалық қолдау көрсету мақсатында психолог маман Қаман Гүлдана Тынышбековна «Кітап сиқырлы әлем терезесі» тақырыбында тренинг өткізді. Тренингтің мақсаты ата-ана мен балабақша арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету. Кітап оқытудың заманауи әдістерін ата-анаға түсіндіру және кітап оқу мәдениетін дамыту. Әлем өркениетінің жаһандық дамуы ата-ана тәрбиесінің мазмұнын өзгертті. Көптеген ата-аналар халық ертегілері мен аңыздарын бала тәрбиесінде қолданбайды. Бұл ұлттық құндылықтарымызды бағалауға мүмкіндік бермейді. Керісінше, ата-аналар гаджет, смартфон сияқты мультимедиа технологиялын қолдану арқылы әлеуметтік, интернет желілеріне баланы кішкентай кезінен тәуелді етеді. Соның нәтижесінде Цифрлық аутизм сияқты белгілердің пайда болуы заңды құбылыс. Осы орайда психолог маман бала тәрбиесінде кітаптың маңызын түсіндіре отырып, отбасында қазақ фольклорының қазынасын қолдану арқылы баланың тілін, ішкі сезімін, эмоциясын, моторикасын, қарым-қатынасын дамытуға болатындығын тағы да тренинг, ойын барысында дәлелдеді.

Семинар соңында  музыка жетекшісі Серік Ақнұр Сәбитқызының дайындаған өнерлі бүлдіршіндердің ән-биі келген қонақтарға ұсынылды. Бүлдіршіндер өздерінің өнерлерін көрсетті.
     

Семинар соңында Алматы қаласының мектепке дейінгі ресурстық орталығының әдіскерлері Раймова Лайла Мауленовна, Туралина Жанар Анварбековна балабақшаның педагогикалық ұжымына алғысын білдірді. Бала тәрбиесі мен біліміне орасан еңбек жасап жатқан ұжымға шығармашылық табыс тіледі.

One comment

  1. Бала тәрбиесі үшін барлық қажеттіліктерді жасап, практика жүзінде көрсетіп , балны дамытып, осндай шараларды көбірек өткізсе , ұрпақтарымыздың тәрбиесіне улкен көмек болар еді

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.