Мағыстау облысы Мұнайлы ауданы
«№13 мектеп-гимназия» КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Давыдова Гулмира Амановна
Биылғы жыл білім саласы үшін үлкен сын әрі мұғалімдер үшін іздену жылы болды. Оған себеп — елімізде болып отырған төтенше жағдай. Коронавирус індетінің таралауына жол бермеу мақсатында соңғы тоқсанды қашықтықтан оқыту арқылы бастап, міне, санаулы күндерден соң оқу жылын аяқтағалы отырмыз. Қашықтықтан оқыту үшін Қазақстан білім алушылары мен білім берушілеріне «Kundelik.kz», «Daryn.online», Қазақстанда баламасы жоқ «BilimLand» ұлттық цифрлық білім беру платформасы арқылы оқу ұсынылды және «Ел арна», «Балапан» телеарналары, «Qazaq radiosy», интернет ресурстар және пошта арқылы да жүргізіліп жатыр. Дегенмен, оқушылармен тығыз байланысып, кері байланыс жүргізген біздердің, ұстаздар қауымының, жүгі жеңіл бола қойған жоқ.
Білім платформаларымен танысып, әлеуметтік желі каналдарындағы сабақ үлгілерімен танысып тәжірибе жинақтадым. Заманымыздың ең маңызды әрі жедел даму үстіндегі саласы осы цифрлы жүйе мен әлеуметтік желілердегі салалардың дамуы екеніне көзім жетті.
«WhatsApp» желісінде сабақ кестесіне сай сабағымызды өту барысында мен жан-жақты ізденіп, оқушыны жалықтырмау үшін, олардың белсенділігін арттыру мақсатында көптеген ізденістерден өттім. Видеослайдтар әзірлеп, дауыс басу, тапсырмаларды жеңіл әрі сабақтың негізгі мақсатын меңгеруге бағытталған түрінде дайындау секілді жұмыстарды жасап, сабақ барысында оқушы жауаптарын шапшаң тексеріп, кері байланыс беріп отырдым. Оқушыларға кей тапсырмаларды ауызша аудиожазба түрінде жіберуді де ұйымдастыруды жөн көрдім, себебі оқушылардың әдеби көркем тілде сөйлеу, ойын еркін жеткізу жағы бәсеңдеп бара жатқанын байқадым. Осы орайда, 5-сыныптарға «Әңгімені жалғастыр», «Сөзмоншақ» ойындары арқылы сөйлей білуге дағдыландыруға талпындым, оқушылар бұл әдіске де тез бейімделіп, жұмыстана алды. 7-сыныптарға қазақ тілі сабағында диалог, полилог үлгісінде мәтіндерді ортақ чатқа құра отырып, белсенділіктерін артыруға жұмыстандым. Дегенмен, кей жағдайда оқушылардың уақытында әлеуметтік түрлі себептермен онлайн қатысуға мүмкіндіктері де болмай жатады. Осындай жағдайда, білім алушы кеш кірген кезде жауаптарын жазбаша беруге арналған тапсырмаларды да қамтыдым. Осындай ізденістер мұғалімдерді де оқушыларды да жан-жақты шыңдауға, ізденуге, шапшаңдыққа дағдыландыра бастады. Қашықтықтан білім беру, сонымен қатар, мұғалім мен ата-аналарды байланыстырды, оқушылар мен ата-аналардың қарым –қатынасын жақындастыра түсті.
Білім алушылар да әлеуметтік желінің мүмкіншіліктері мен білім алу мақсатындағы артықшылықтарын түсіне білді деген ойдамын. Қашықтықтан оқыту мектеп қабырғасында берген білімге тең келмегенімен, осындай төтенше жағдайда оқушылар білімнен қол үзбеуді білім салаларының басшылары тиімді ұйымдастыра алды деген пікірдемін.
Білім бар жерде білік қалаптасады. Еліміздің білікті ұстаздары мен шәкірттері болуға әрқашан құштар болайық!