Тойбазарова Нагимаш Амирхановна
педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ПҚ БАИ
«Білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу»
кафедрасының меңгерушісі
«Ақпаратты таратудың жаңа нысандарына бағдарланған
білім беру бағыттарын құру міндеті де алдымызда тұр»
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың
Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан
Қазіргі заман талабына сай ақпараттық білім беру жүйесі — ақпараттық қоғам жағдайындағы жас өспірімдерді жан-жақты даярлайтьн процесс болуы қажет. Сондықтан білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технология ресурстарын пайдаланудың маңызы зор. Өйткені АКТ ресурстары адам қызметінің барлық саласында еңбек өнімділігін арттыру құралына айналып отыр.
Ақпараттық-коммуникациялық технология ресурстарын бастауыш мектепте оқыту үдерісінің барлық кезеңдерінде, атап айтқанда, жаңа тақырыпты түсіндіруде, алынған білімді бекітуде, қайталауда, білім, білік, дағдысын бақылау барысында қолдануға болады [1].
Сондықтан оқытудың АКТ ресурстарын интерактивті деп атайды, себебі ол оқытушы мен оқушының өзара қарым-қатынас іс-әрекетіне мүмкіндік береді
- Оқу үдерісіне қолдану барысында:
— оқыту құралы;
— көрнекілік құрал;
— дидактикалық құрал;
— диагностикалау және бақылау құралы;
- Жұмыс жасау барысында:
— тестті дайындау және оны сақтау құралы;
— графикалық ақпараттарды өңдеу құралы;
— пікірді дайындау құралы;
— есептеу құралы қызметін атқарады [2].
АКТ ресурстары оқу үдерісінде оқушының оқуға әуестігін, білуге құштарлығын, қызығушылығын дамыту негізінде ұйымдастырылып, таным құралы ретінде пайдаланылса, ондағы ресурс құралдары арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыруға мүмкіндік беретіндігі тұжырымдалды.Ол үшін бастауыш сынып оқушысынан:
- өз іс-әрекетінің құрылымын жоспарлай білу;
- объекті мен үрдістің ақпараттың үлгісін құра білу іскерлігі;
- әртүрлі жағдайларда АКТ құралдарын қолдана білу білігі;
- АКТ ресурстары арқылы ақпараттармен жұмыс жасау дағдысы талап етіледі;
Түрлі ақпарат көздерін қолдана білу машықтарын қалыптастыруда бастауыш сынып оқушыларының жас және психо-физикалық ерекшеліктерін ескеру қажет. Ақпаратты іздеу тақырыптарын оқу пәндерінен немесе оның төңірегінен қарастырған жөн. Өйткені, мұндай жұмысқа оқушылардың өздеріне етене жақын және таныс мәселелер қарастырылуы қажет.
Ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану — мұғалімдердің даярлығын жетілдіруге және оқушылардың білім сапасын көтеруге көп септігін тигізері сөзсіз. Әсіресе мұғалімнің сабақта электронды оқулықтар мен оқу құралдарын пайдалануы ерекше маңызды [3].
Осыған орай электронды оқулықтар білім беру үдерісін ақпараттандыру құралының бірі деп айтуға болады. Электронды оқулық дегеніміз – мультимедиялық оқулық. Электронды оқулық (ЭО) – бұл дидактикалық әдiс-тәсiлдер мен ақпараттық технологияны қолдануға негiзделген түбегейлi жүйе.
Электронды оқулықпен оқытудың негізгі мақсаты: білім беру, білімді пысықтау, бекіту, бақылау, ақпараттық ізденіс жұмыстарын қалыптастыру, ойлау қабілетін дамыту, таным көкжиегін кеңейту.
Электронды оқулық – тек оқушы үшін ғана емес, ұстаз қауымы үшін де әдістемелік құрал болып табылады. Компьютерлерге арнайы орналастырылып оқу үрдісінде автоматтандырылған жүйе болып отыр.
ЭО негізгі қасиеттері:
- Жинақтылық
- Жүйелілік
- Эстетикалық көркемділігі
- Жылдамдылығы және т.б.
ЭО құрылымы:
- Материалдың мәтін, сурет,график, кескін, кесте және т.б. түрде баяндалуы. Ол оның дәстүрлі оқулықтан ерекшелігін көрсетеді.
- Материалддың кескін түрінде баяндалуы-оқулық мазмұнының графиктік-мәтіндік түрде бейнеленуі. Онда оқу материалының негізгі идеясын айқындайтын үзінділерін оқушының меңгеруіне ыңғайлы етіп, графиктік түрде бейнелеу.
- Өзіндік тексерудің (өзіндік бақылаудың) тестілік жүйесі. Онда оқу материалын қаншалықты деңгейде меңгергенін айқындайтын сұрақтар мен тапсырмалар беріледі.
Электронды оқулықтардың бірден бір тиімділігі:
— Материалдардың алуан түрлілігі:
— Аудиомәтіндер, суреттер, сызбалар, жұмбақ-сызбалар, бейнематериалдар, презентациялар т.б. берілуі
— Тапсырманың бірізділікпен берілуі;
— Өз бетінше шығармашылықпен ізденуі;
— Ақпаратты сұрыптай алуы;
— Алған білімді бекітіп, пысықтай алуы;
— Белгілі бір өсу сатысына көтерілуі ;
— Оқушының ой өрісін, дүниетанымын кеңейтуге, тану үрдісіне ықпал етуі;
— Бағдарламаны меңгеруге арналған тест сұрақтармен қамтамасыз етілуі;
- Электронды оқулықтар оқушының уақытын үнемдейді, оқу материалын іздеп отырмайды
- Зерттеушілік қабілеті бар тұлға қалыптасады.
Электронды оқулықпен оқытудың тиімді жақтарын ескере отырып, өз тәжірибемде қазақ тілі пәнінен бастауыш сынып оқушыларына арналған «Морфология әлеміне саяхат» атты электронды оқулық жасалынған болатын [4].
«Морфология әлеміне саяхат» атты электронды оқулықтың мақсаты — қазақ тілі пәнінен алған білім, білік, дағдыларын дамыту, жетілдіру, оқушының өз бетінше жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру
Электронды оқулықта:
- оқушының өз бетінше жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруға бағытталған танымдық, тілдік, грамматикалық, жаттығу жұмыстары;
- оқушының бағдарламалық білімдерін жете меңгеруге бағытталған бақылау, шығармашылық, рефлексиялық тапсырмалар;
- ойлау белсенділігін арттыруға бағытталған «Ойын ой өсіреді айдарымен» берілген ойын жаттығулары Мысалы: «Жануарларды құтқару», «Ай-сандық», «Тамшыларды көлшікке түсір» және т.б. ойын түрлері;
- әр тақырыптың соңында тақырыпты бекітуге арналған тест сұрақтары;
- әр бөлім соңында тапсырмалардың дұрыстығын тексеруге арналған бағдарлама бар, сол арқылы оқушының орындаған тапсырмалары бойынша жинаған ұпай саны көрсетіліп тұрады.
- Сабақ соңында жинаған ұпай көрсеткіштері бойынша оқушы білімі бағаланады.
Енді осы оқулықтың құрылымымен және ондағы сабақты өткізу барысымен таныс болыңыздар.
Сонымен оқулықтың құрылымына назар аударайық:
Бұл оқулықты қолданар алдында оқушы алдымен өзінің аты-жөнін пароль ретінде енгізеді
Оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында оқулыққа кіріспе ертегі желісінде құрылған:
«Ертеде Морфология деген үлкен ел болыпты. Ол елге баруға әр бала құштар-ақ. Сарыарқадағы Есіл өзені сол елге барудың бірден-бір жолы екен. Бізді Есіл өзенінде 9 желкенді қайық күтіп тұр. Олармен қазір танысамыз. Олар: Зат есім. Етістік. Сан есім. Сын есім. Шылау. Есімдік.Үстеу. Одағай. Еліктеу сөздер. Қалаған желкеніңізге отырып Морфология еліне бара аласыздар. Сіздерді сол жолда түрлі қызықты тапсырмалар күтіп тұр. Тапсырмалардың қиыны да, жеңілі де кездеседі. Сол қиындықтарға мойымай жеңе білсеңдер, табиғаты тамаша, керемет қызықтарға толы «Морфология еліне» тап боласыңдар. Жүріңдер, Морфология еліне бірге барайық, достар!» деп ашылады.
ЭО-тағы сабақтың құрылымы дамыта оқыту технологиясы бойынша жасалған 3 үлкен кезеңнен тұрады. Әр кезеңге жеке тоқтала кететін болсақ:
- кезең. Бағдарлау – мотивациялық кезеңі.
Бұл кезеңде мұғалім тарапынан оқушылардың білімін теңдестіру мақсатында өткен тақырып бойынша проблемалық сұрақтар беріліп, мынадай жұмыс түрлері қамтылған:
— тақырыпқа байланысты сызбалар, кестелер (мағынасына қарай жасалу жолдары);
- әр сөз табының түрлеріне қатысты тапсырмалар (берілген сөздерге сұрақ қою; керекті сөздерді табу, т.б.)
2-кезең. Операциялық – орындаушылық кезең.
Бұл кезеңде берілген барлық тапсырма оқушының өз бетінше жұмыс жасауына негізделген.Сондықтан электронды оқулықтың осы кезеңінде төмендегідей тапсырмалар берілген:
— суретке қарап тиісті сөздерді табу, оларға сұрақ қою;
- сөздердің түбірі мен қосымшасын ажырату;
- берілген сөз табын қатыстырып сөйлем құрау;
- жұмбақ және сөзжұмбақтар шешу ;
- диктордың оқылуындағы өлеңдер мен оларға қатысты тапсырмалар;
- сөйлемдерді берілген сөздермен толықтыру;
- сөйлемдерден тиісті сөздерді ұяшыққа орналастыру;
- мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер және оларға қатысты тапсырмалар;
- өлеңдегі санмен берілген сөздерді кестеге сөзбен жазу;
- сөздерді шахмат атының жүру тәртібі бойынша оқу арқылы жасырынған мақал-мәтелді табу, т.б.
Ойын ой өсіреді айдарымен «Ай-сандық», «Сен білесің бе?» ойыны (8 сұрақтан тұрады); тиісті шарларды ұстау; (дұрыс болмаса шар жарылады); «Жануарларды құтқару», Өз үйіңді тап, Көбелектерді өз гүліне қондыр, «Тамшыларды көлшікке түсір» және т.б. ойын түрлері ұсынылды.
3-кезең. Рефлексиялық –бағалау кезеңі.
Бұл кезеңде тақырыпқа байланысты қорытындылау тест жұмыстары алынады. Тест 6 сұрақтан тұрады. Әр сұрақтың жауабы тексеру бағдарламасымен тексеріліп, ұпай саны анықталады. Жинаған ұпай санына байланысты оқушы өзін-өзі бағалайды.
Қашықтықтан оқыту кезінде электронды оқулық мұғалім үшін де, оқушы үшін өте тиімді ресурс болып табылады.
Қазіргі заман сұранысына орай қашықтан оқытуда осындай электронды әдістемелік оқулықтарды оқу үдерісінде тиімді қолдану оқушының жаңаша ойлау қабілетін қалыптастырып, оларды жүйелік байланыстар мен заңдылықтарды табуға итермелеп, нәтижесінде — оқушылардың бойында жеке тұлғалық қасиеттерді ашуға және кең ауқымды дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Әдебиеттер:
- Е.С.Полат. Новые педагогические и информационные технологии в системе образования. – М: Аcademia, 2000,171стр.
- Информатизация начальной школы. Объединенный научный журнал.-Москва, 2008. №3
- Білім беру ұйымдарына электрондық оқыту жүйесін енгізу жағдайында педагогтардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру әдістемесі / Ахметова Г.К., Караев Ж.А., Мухамбетжанова С.Т. // Алматы:АҚ «БАҰО «Өрлеу», 2013.
- Тойбазарова Н.А. Бастауыш сыныпта қазақ тілін дамыта оқыту. Монография/Тойбазарова Н.А. – Нұр-Сұлтан: «Тұран-Астана» университеті, 2020.- 152бет