Қазіргі уақытта ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың заманауи талаптарға сай дамуы білімді бағалау және пайдалану жүйесін уақытылы өзгертіп отыруды талап етеді. Осыған байланысты оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер, әдістемелер, технологиялар білім беру талаптарына байланысты жаңартылып отырады. Сапалы терең білімді меңгеруге талпынған өскелең ұрпақтың жеткілікті дәрежеде сандық сауаттылығы бар, себебі олар өмір жағдайлары барысында жаңа технологияның барлық мүмкіндіктерін пайдаланады. Сол мүмкіндіктерді нәтижелі қолдану мұғалімнің біліктілігіне, біліміне, тәжірибесіне байланысты.
Кәсіби дамуға ұмтылатын бәсекеге қабілетті маман өзінің негізгі қызметінен үзілмей жаңа білім алу жолдарын іздестіреді. Оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа формасының бірі – қашықтан оқыту технологиялары арқылы оқыту. Сонымен қашықтықтан оқыту дегеніміз не?
Қашықтан оқыту дегеніміз — мұғалім мен оқушы арасында қандай да қашықтықта интернет ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту.
ҚО ұйымдастырудың 3 түрлі формасы бар: онлайн (синхрондық) және оффлайн (асинхрондық), және кең таралған үшінші түрі вебинар.
Онлайн режимдегі оқыту дегеніміз – интернет ресурстарының көмегімен ағымдағы уақытта белгілі бір қашықтықта мұғалім экранын көру арқылы оқытуды ұйымдастыру формасы.
Оффлайн режимдегі оқыту дегеніміз — интернет ресурстарының көмегімен (электрондық пошта) мұғалім мен оқушы арасындағы ақпарат алмасуды қамтасыз етуге мүмкіндік беретін оқытудың формасы.
Вебинар дегеніміз – интернет желілерінің көмегімен семинарлар мен тренингтер өткізу формасы.
Әлем күн сайын жаңаруда. Күн сайын түрлі жаңалықтар ашылуда. Күн сайын жаңа жобалар іске асырылуда. Күн сайын бұл өмірдің бізге дайындаған сыйы артуда. Сондықтан әр күнге жаңаша көзқараспен қарауға дайын болу керек. Әлемдегі соңғы болған оқиғалар бүкіл адамзатты дүр сілкіндірді. Еліміздегі мегаполистердің карантинге жабылуы, жұмыстың тоқтауы, қоғамдық шаралардың кейінге шегерілуі – бәрі біздер үшін күтпеген жаңалық. Ал, ең үлкен өзгеріс – мектептердің қашықтықтан оқытуға көшуі. Әрине, бұл оқушылар тұрмақ, мұғалімдер мен ата-аналар үшін де қиын болды. Іштегі қорқыныш, үрей, сенімсіздікке қарамастан алға қарай қадам жасап, маңызды жұмыстар атқарылды. Білім беру бұл ел болашағы үшін аса жауапты үрдіс екені мәлім. Сондықтан білім беру саласына қай мемлекетте болмасын үлкен жүк артылады. Ал қазіргі жағдайда сапалы, ең бастысы нәтижелі білім беру үрдісін ұйымдастыру екі есе қиындай түсті.
Қашықтан оқыту ерте ме, кеш пе бізге жететін еді. Өйткені бұл – заман талабы. Ақпараттандырылған ғасырда озық технологияның үздік жемістерін пайдалану – дамыған елдердің шешімі. Сондықтан еліміз үшін бұл да бір жаңа белес, жаңа шың! 6 сәуірден бастап мектептер төртінші тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастады. Қазіргі таңда мектеп әкімшілігі, әдістемелік бірлестік жетекшілері, ұстаздар өздері қашықтықтан оқытуға ауысу бағытында белсенді жұмыс атқаруда. Ең маңыздысы — осы мәселені дұрыс түсіну. Қашықтық сабақ – әдеттегідей қырық минут көлеміндегі сабақ емес. Қашықтық сабақтың әдіс-тәсілдері, қағидалары да басқа.
Ата-аналар да қашықтан оқыту жүйесіне түсіністікпен қарап, балаға жаңа форматта оқу материалын игеруге көмек беріп, мұғалім мен оқушы арасындағы байланыстың орнауына ықпал етіп, қажетті нәтижеге жету үшін өз көмектерін аянбай беруде. Осылай, бірлесе жұмыс жасау арқылы біз оқу үрдісін дұрыс ұйымдастырып, балаларға қажетті білім мен құзіретін бере алдық. Пандемия кезеңінде оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша уақытша шаралар енгізген көршілес елдердің тәжірибесі, халықаралық тәжірибе зерделеніп, мектептер мен ұстаздар үшін тиісті ұсынымдар дайындалды. Ұстаздар үшін арнайы онлайн, теле-курстар, вебинарлар әзірленді.
Сонымен қоса, ұстаздар мен балаларға «Балапан» және «Ел-Арна» телеарналарында төртінші тоқсан басталысымен күнде 1-11 сынып оқушыларына аптасына бес күн сабақ өткізіліп келеді. Ол сабақтар мемлекеттік стандарт талаптарына, оқу бағдарламаларына сәйкес құрылған. Бұған үлкен күш жұмсалуда. Нұр-Сұлтан қаласының, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, республикалық, халықаралық және жеке мектептердің үздік ұстаздары еліміздің барлық балаларына сабақ береді. Қазір қашықтан оқытуға арналған бағдарламалар өте көп.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибесіне, мектеп өміріне енуде.
Маңғыстау облысы
Жаңаөзен қаласы
№14 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Сүндетбаева Оразгүл Ибрайымқызы