Қыйлыбаева Аяна
Алматы қаласы
Түрксіб ауданы
№107 лицейдің химия пәні мұғалімі
Биыл 1- маусым балаларды қорғау күні әр отбасында мереке күні. Ел басына әлемді жаулаған індет келіп, қиындық туғызған кезде балалардың қауіпсіздігі үшін өз отбасында, өз ата-әжесінің, ата-анасының жанында өткізеді. Сондықтан, 107 лицейдің 7 «Ә» сынып оқушылары арасында онлайн түрде отбасылық жарыс ұйымдастырмақпын. Аналар арасында «Дәмді тағам» жарысы, әкелер арасында «Кім мықты?» турникке ұл-қызымен бірге тартылу спорттық жарыс, ата-әжелер арасында «Ақ тілек» тамаша бата беру жарысы, балалар арасында «Менің Абай атам» атты Абай өлеңдерін жаттаудан жарыс болады. Мерекелік күнді есте қаларлықтай қызықты етіп өткізу әр сынып жетекшісінің шеберлігі. Барлығыңызға ашық аспан, бейбіт өмір, сәбилерге бақытты балалық шақ, әрқашанда сыңғырлаған күлкі тілеймін.
Баршамызды бала тілімен баурайтын,
Бала деген бір бақыт қой самғайтын.
Ата-ананың арманы мен тілегін,
Бала емес пе, бал бұлақтан жалғайтын?!
Бұл күнді тек біздің ел ғана емес, 1949 жылдан бері әлемнің көптеген елі тойлайды екен. Тұңғыш рет 1950 жылы аталып өткен халықаралық балалар күнінің өз жалауы бар. Бұл жалауда жер шарын қоршаған түрлі бала бейнеленген. Халықаралық балалар күні — әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін мейрам. Қоғамды кемтар, жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларды қорғауға, қолдауға шақыратын күн. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Балақайдың тағдыры оны тәрбиелейтін адамдардың қолында. Қазақта «Алдыңғы дөңгелек қалай жүрсе, артыңғысы да солай жүреді,»-деген сөз бар. «Бала – өмір гүлі», «бала – біздің болашағымыз» сияқты көптеген стандартты сөздер бар, бұл шын мәнінде де солай. Өйткені біз өз балаларымызды өсіріп, оларға тәрбие мен білім беріп, болашақта олар бізге де көмек қолын созады деген ниетпен, өмірде көмек беру үшін өмір сүреміз ғой. Кез келген балаға ата-анасының махаббаты қажет, отбасындағы қорғалу сезімі — ол үшін ең бастысы. Ендеше, өз баламызды жақсы көріп, онымен ықыласты қарым-қатынас жасауға уақытымызды аямай, балаларға мерекелік көңіл күй сыйлайық.
Дана Абай бабамыз қазақ әйелінің, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды. Жалпы, «Адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» – деген ғұламалық ойды тарата келе, адамгершілік қасиеттердің бәрі отбасынан бастау алатындығын айтады. Тәрбиенің негізі «ананың әлдиінен» басталады. Ана тәрбиесі ұлылық дәнін себеді. Тәрбиелі анадан – тәрбиелі бала өсіп шығады. Сонғы жылдары отбасында, қоғамда ер адамдардың, әкелердің рөлі төмендегендей. Бұған кейде заманды да кінәләп жатамыз. Әрине, бала тәрбиесіндегі әкенің орны бөлек, әсірессе, ер бала тәрбиесінде. Әкенің қатаң талабын, тәрбиесін көрген бала ертең қоғамда да өз отбасында да шешуші тұлға бола алады. Абай шығармаларын отбасында оқыту, оған ата-анасы талдау жасаса, тамаша тәрбиенің негізі болмақ. Ата-ана білімімен, өнерімен, іскерлігімен балаға үлгі болып, оларға қуаныш, шаттық сыйлай отырып, махаббатпен өсірсе, қазақ елінің нағыз азаматын өсіріп шығамыз.
Жаздың бірінші күнімен келер Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен барша балақайларды құттықтаймын!
Жаз да келді көңілді.
Кетсін қайғы, уайым.
Балалардың күлкісі
Сыңғырласын әрдайым.
Ел бақыты мерейлі
Шаттық болсын келер күн!
Балалардың күлкісі
Көркі, сәні әлемнің!