Алматы қаласы
Наурызбай ауданы
№174 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі
Жакыпберова Аяулым Бекежановна
Биыл бүкіл ұлт болып данышпан, ірі ойшыл, қазақтың ғана емес, күллі адамзаттың Абайы атанған біртуар тұлғаның 175 жылдық торқалы тойын мемлекеттік деңгейде атап өту мақсат етілді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен кішкентай періште қыз
(белгілі дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидың қызы) бастап теледидар арқылы Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін оқып,әндерін орындауды бүкілхалықтық челленджге айналдыруды ұлтымыздың ұлы ақынды әспеттеуі мен қастерлеуінің үлгісін танытты.
Интернет-роликтер арқылы еліміздің түпкір-түпкірінен еңбек ұжымдарымектеп оқушылары мен мұғалімдер, балабақша бүлдіршіндері мен тәрбиешілер,студенттік топтар, ауыл-ауылдардағы жастар,теледидар қызметкерлері осы үрдісті жалғастыру эстафетасын бір-бірлеріне жолдап,күллі қазақтың кемеңгер Абай мұрасына деген айрықша сүйіспеншілігін дәлелдеді. Осы челленджге ат салысқан шет жұрттықтар да Абай сынды ұлы қазаққа, оның адамзат үшін аса қымбат асыл сөздеріне құрмет танытып, тәнті болысты. Абайдай тарихи тұлғаның туылғанына 175 жыл толу мерейтойын атап өтуді үкіметіміз бен күллі жұртшылығымыз зор мақсат тұтып отырса,оның мәні ақынның әдеби және музыкалық мұрасын мәңгілік қастерлеуді ұғындыру емес,қазіргі кезеңдегі жаһандану үрдістеріне сай ұлы бетбұрыстар кезеңінде,ескіше өмір сүрудің көбесі сөгіліп, іргесі қираған күрделі заманда өмірге,болашаққа Абайша қарап, Абайдың терең ой, парасатты пайымдарынан сабақ алуды, оның ғибраттарынан тағылым алуды түйсіндіру болып отыр.Өйткені Абай қазақтай қалың елін, қайран жұртын, ең біріншіден, адамдыққа, еңбекке, білімге, қайырымдылыққа, ұлтының мүддесі жолындағы перзенттік адалдыққа баулуды мақсат тұтты. Алауыздықтан сақтандырып, ауызбірлік пен ынтымаққа үндеді.
Өз ұлтының ұлы ұстазы, бас тәрбиешісі кемеңгер Абай адамдықтың ең негізгі мектебі адал еңбек екендігін уағыздайды. Адал еңбек пен ауызбірлік, күншілдік пиғылдан аулақ болу қазақты мұратына жеткізетінін айтады.
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп,ойлап,мал ізде.
Адал бол, бай тап,
Адам бол, мал тап,
Қуансаң, қуан сол кезде.
Біріңді,қазақ,бірің дос
Көрмесең істің бәрі бос,-деген сөздері Абайдың екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыздықтан қажып, қамығып жүрген азаматтарға ой салатын сөздер. Ауызбірлік пен ынтымаққа ұмтылдыратын ақыл.Адамдықты мұрат тұтқан дана Абай өзінің әдеби мұраларында-өлеңдері мен қара сөздерінде тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, еңбекке қырсыздық адам баласын азғындыққа ұрындыратынын ескертеді.
Қалың елі қазақтың қамын ойлаған Абай, ұлтының кемел келешегін армандаған Абай адамдықтың, тірліктің темірқазығы ерінбейтін еңбекшілдік, жан аямай кәсіп қылу екенін түсіндіреді бірқатар қара сөздерінде.
Абайдың:» Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық»,»Есектің артын жусаң да, мал тап,»-деп ашына айтқан сөздері өзі өмір сүрген дәуірдегі жатыпішерлерге ғана қарата айтылған назалану емес, бүгінгі күнгі де еңбектің ебін таппай, кәсіпсіз жүрген жандарға да ой саларлық, жігер берерлік ақылы. Қалайық, қаламайық, қазір біздер нарық билеген заманында өмір сүріп жатырмыз. Нарыққа кім икемделе білсе, сол адам ғана қазіргі қиындыққа бейімделе алады.
Біздің бүгінгі замандастарымызды көрген Абайдың осы сөздері жігерлендіре алады, қайраттандырады, мұратқа жеткізер жол нұсқайды.
Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріне өзек болған адал еңбек, »Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген адал өмір сүруге ұмтылдыратын ақыл, ғылым мен өнердің жұтамайтын байлық екендігін ұғындырған асыл сөз – біздерге, бүгінгі ұрпағына ғана емес, күллі адамзат баласының кәдесіне жарайтын, көкейлеріне қонатын ақыл, тәрбие-тағылымның алтын көмбесі. Абайдан қалған асыл сөздер, тағылымды ойлар,адамдық пен адалдықты,ізгілікті уағыздаған ұлағатты, ғибратты тағылымдар – қазақтың, күллі ғаламның баға жетпес рухани байлығы.
Індет үркітіп тұрған қоғамдағы,әлемдегі торығушылық пен күйзеліске, дағдарысқа қарамастан, бүкіл жұртымыз, еліміз ұлы Абайдың 175 жылдық мерейлі тойын ұрпаққа ұлағат боларлық деңгейде өткізері сөзсіз.