Шымкент қаласы
Жол-көлік колледжі
Дене тәрбиесінің оқытушысы, ТМ9-181
тобының кураторы
Искакова Алия Жүсіпбекқызы
Елімізде төтенше жағдай орын алып, коронавирус індетін алдын алу мақсатында колледж бағдарламасы қашықтықтан оқытуға мәжбүр болды. Осы орайда, ақпараттық технологияларды ұтымды пайдаланып, қашықтықтан білім беруді сәтті қолданып, білім беруді жалғастырудамыз.
«Дені саудың жаны сау» дегендей дене шынықтыру пәнінің маңыздылығы, әсіресе, жер шарында қауіпті кесел етек жайғанда, өте зор.
Қашықтықтан бұл сабақты өткізу басқа пәндерге қарағанда қиынырақ болғанымен, бұл дисциплинаны студенттерге мүмкіндігінше өткізуге барымды салдым. Осы оқу процессінің ыңғайлы және ыңғайсыз тұстары болғанымен, үкіметтің шығарған талаптары мен тәртібіне бағынуға тиіспіз. Ыңғайсыз тұстарын көбінесе көп пәтерлі үйлерде тұратын студенттерім сезген шығар, өйткені оларға дене шынықтыру сабағын тар пәтерлерінде ауырға соққан болар, ал жеке үйде тұратындар өз ауласында, таза ауада оны өткізіп жүр. Үйде күні бойы ата-анамен және аға-інілерімен болғандықтан, дене шынықтыру сабағын өткізу өте көңілді өтетінін студенттер байқады, өйткені оқушыларға олардың отбасылары да қосылды. Студенттер: «Алия апайдың өзіне тән әрдайым көтеріңкі көңіл-күйімен сабақты өткізуі осыған себепкер болды» деп атады.
Осылайша, сабақ оқыту әр түрлі әдіс-тәсілмен, WhatsApp тәрізді қосымшалары арқылы әр апта сайын жүйелі түрде жалғастырылып жатыр. Студенттерге оқу процессінің қажетті тапсырмалары аудиожазба, видео, құжат және слайд арқылы жіберіледі.
Өз тарапымнан, қашықтықтан оқытуда анағүрлым қиындықтар болмағанын айта отырып, керісінше, оқу процессі жаңа бір деңгейге көшті және заманауи болды деп санаймын. Мысалы, студенттер, әсіресе алыстан қатынайтын оқушылар, уақыттарын тиімді қолдана алды. Жолға, тамаққа жұмсалатын қаражаттарын үнемдеп, ата-анасымен көбірек уақыт өткізіп, үй шаруасына көмектесіп еңбек ететін болды. Оған қоса, студенттер онлайн арқылы дер кезінде кері байланысқа шыға отырып, ақпараттық технологиялар саласында білімдерін арттырды, интернетті дұрыс әрі тез қолдануды үйренді. Осы жағдай, студенттердің WhatsApp мессенджерінде берілген тапсырмаларды белсенді, әрі уақытында орындап жіберетіндерінен байқалады. Қашықтықтан оқыту жаңа форматтағы үлгі болғанымен жастар тез арада үйреніп, алып кетті.
Коронавирустық инфекция таралуының ауыздықтау мақсатында, дене тәрбиесі пәніне жай ғана сабақ деп қарамай, осы кезде ағзаны шынықтыру, денсаулықты нығайту ерекше маңызды екенін ескеру керек. Студенттердің жаттығуларды ептілікпен, дағдымен орындауы ағзаның сау болуына тиімді әсерін тигізеді. Қашықтықтан оқыту кезінде студенттер арасында командалық ойындары гимнастикалық және спорттық жаттығулармен алмастырылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында: «Халқымыз «Береке басы – бірлікте» дейді. Жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз! Біз біргеміз!», деп үндеу тастады. Шынында да, осындай жауапты кезеңде бірігіп, қызметімізді абыроймен атқарып бар қиындықты жеңіп шығамыз деп сенемін!