Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов жұртшылықпен кездесу өткізіп, экологиялық ахуал туралы сөз қозғады. Өткен жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алда тұрған міндеттерге тоқталып өтті және аумақтық департаменттің негізгі басым бағыттары туралы айтып берді.
Кездесуде тұрмыстық қатты қалдықтарды жою, қоқысты қайта өңдеу, мұнай өнімдерінің төгілуінің алдын-алу, тас карьерлері және тағы басқа өзекті мәселелер сөз болды.
Табиғат қорғау құрылымдарының және табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың өзара іс-қимылдарына қоғам өкілдері тәуелсіз талдау жүргізуі қажет. Жалпы жергілікті атқарушы органдары мен басқа да мүдделі тараптар өткізетін кез-келген экологиялық сауықтыру шараларына қоғам өкілдерін көптеп тартқан дұрыс, себебі жұртшылықтың пікірін ескеру өзектілігін жоғалтқан емес.
Алғашқы болып сөз алған Руслан Төкенов, барлық орын алған заңсыз әрекеттерге департамент тарапы шұғыл әрекет етуге қашанда дайын және жұртшылықты хабардар етіп отыру бойынша бүгінде басымдық беріліп отырғандығын айтты. Қажеттілік туындаса, департамент басшысы шалғайдағы ауылдарға дейін өзі жеке баруға тас-түйін дайын.
«Айта кету керек, экология мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Жоспарға сәйкес барлық аудандарды, тіпті ауылдарды жеке аралап, халықпен кездесу ойда бар. Әрине, қоршаған ортаны қорғауда бірқатар түйткілді мәселелер бар және оларды тез арада шешу көп жағдайда мүмкін болмай жатады. Біздің мекеме тарапынан бірқатар шаралар алынған болатын. Бірақ мұнымен тоқтап қалу ойымызда жоқ, керісінше жұмыстар әлі де күшейе түспек. Өз басым ашық диалог құруға әрдайым дайын екенімді айтқым келеді және күнделікті азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдайдмын», — деді ол.
Эко-амбассадор Әділбек Қозыбақов экологиялық қызметтің ғаламдық векторына көңіл бөлу қажеттігін және табиғатты қорғауда ғылыми жұмыстарға басымдық берілгені дұрыс деп санайды.
Мысал ретінде ол Германдық табиғат қорғау одағының (NABU) жұмысына тоқталды. 1899 жылы құрылған ұйым алғашында құстарды қорғау қоғамдастығы болып өз жұмысын бастаған. Санаулы адамнан құралған қоғамдық бірлестік мүшелерінің саны жылдан жылға арта түскен. Бүгінде бірлестіктің құрамында 620 мың мүшесі бар және олар жыл сайын жарна төлейді. Өздерінің артық қаражатын ұйымның дамуына жұмсап отырғандар тағы бар.
Мәселен, түрлі себептермен отбасын құрмай, бүгінде зейнетке шыққандар қатарында өздерінің мүліктерін, әсіресе үйлері мен көліктерін NABU пайдасына өткізгендер де аз емес.
Билік табиғат қорғау шараларына қатысты шешім қабылдамас бұрын, алдымен аталмыш ұйымның пікіріне құлақ асады. Яғни, Германияның азаматтары өздері құрған одақ арқылы атқарушы биліктің кез-келген шешіміне әмірін жүргізіп отыр. Егер де еліміздің әрбір өңірінде азаматтардың басын біріктіретін қоғамдық ұйымдар құрылатын болса, уақыт өте оларды Қазақстанның табиғат қорғау одағына біріктіру арқылы үлкен күшке айналдыруға болар еді.
«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әсет Манов, Маңғыстау жұртшылығын жаппай экологиялық тәрбие мәселесіне көңіл бөлуге шақырды. Сонда ғана адамдарда табиғатқа деген құрмет боларына сенімді.
Кез-келген адам бүгінгі таңда табиғатпен тығыз қарым-қатынаста екендігін жадынан шығармауы тиіс. Жалпы биосфераны сақтап қалуға үлес қосып, табиғатқа деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында кешенді шараларды жүзеге асыру қажет. Барлық мүдделі тараптар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыстануы керек. Экологиялық форум, Каспий теңізін таза ұстау мәселесі, жасыл экономика және тағы басқа экологиялық бастамалар жергілікті атқарушы билік тарапынан әлі де болса қолдау тапса деген ұсыныс айтылды.
Маңғыстау облысы
экология департаментінің
баспасөз қызметі