Home » Жаңалықтар » Ең үлкен мәселе – ол білімнің сапасы

Ең үлкен мәселе – ол білімнің сапасы

Жамбыл облысының әкімі Б.М.Сапарбаев:

2020 жылы 19 ақпан күні өңірдің бас қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде Жамбыл облысы әкімінің халыққа есеп беру кездесуі өтті. Су жаңа аймақ басшысы Сапарбаев Бердібек Машбекұлы қордаланған мәселелерді қаузап, жиын соңында тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Жамбыл облысы, Қордай ауданында болған оқиғадан кейін тағайындалған әкім Бердібек Машбекұлы Сапарбаев аймақ тұрғындарына есеп беру кездесуінде ауылшаруашылығы, өнеркәсіп және инвестиция, 2020 жылы 70-тен астам ауылдың ауыз сумен қамтамасыз етілуін, 48 мың тұрғыны бар 35 елді мекендерде газдандыру жұмыстары жүргізілетіндігін, баламалы энергия көздерінің үлесін 17,2 пайыздан 22 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік беретіндігін, 700 шақырымға жуық автожол жөндеуден өтетіндігін, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру туралы, халықтың ең негізгі мәселесі тұрғын үй және жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін баяндады. Сонымен қатар, аймақ басшысы:

  • Біз көпұлтты мемлекет екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек.

Қазақстанның 30 жылдағы жеткен ең басты байлығы – бірлік пен бейбітшілік. Біз мұны одан әрі сақтап тұруға міндеттіміз. Облыста 87 этнос өкілдері өмір сүреді десек, олар әрқашан ынтымақ пен татулықта тіршілік кешіп келді. Қордай ауданында болған жағдай біз үшін сабақ болуы тиіс. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, сондықтан еліміздің заңдарын орындауға міндеттіміз! – деп атап өтті.

Ал, білім саласы туралы айта кетсек, биыл облыста 14  жаңа мектеп салынып, 3 орын тапшылығы бар, 1 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселелерін шешу жолдары жоспарланып отырғандығын, балаларды тәрбиелеуде ата-аналардың жауапкершілігін күшейту мен білім беру сапасын арттыру және жастар арасында рухани-адамгершілік, тәрбие жұмыстарын күшейту туралы, барлық орта білім мекемелерінің бейнебақылау жүйесімен қамтылатындығын Б.М.Сапарбаев халықпен есепті кездесуінде айтты.

  Сонымен қатар, облыс әкімі:

  • Ең үлкен мәселе – ол білімнің сапасы. Сіздер, өздеріңіз байқап көріп

отырсыздар, мемлекет білім салаларының қызметкерлері үшін барлығын жасады. Тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет мұғалімдердің мәртебесін арттыру жөнінде заң қабылдады. 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысы жылына 20-25 пайызға дейін өсіп отыр. Төрт жылда тапсырма берілген мұғалімдердің жалақысын екі жарым есеге дейін өсіру, салынып жатқан мектептердің барлығын білесіздер, бірақ осының барлығы білімнің сапасын көтеруге өзінің әсерін тигізіп жатқан жоқ. Мен енді әрдайым мұғалімдермен кездесемін, осы жөнінде өткенде Қордай ауданында да айтқан болатынмын. Біз енді осыған көңіл бөлуіміз керек. Әсіресе, тәрбие мәселесі, рухани тәрбие, ұлттық құндылықтарымызды сақтау жөнінде, оның үстіне мынадай жағдайлардан кейін ойлануымыз керек. Мемлекеттік тілдің жүзеге асырылуы, оны да айтқан едім. Біз заңды мемлекетте тұрамыз, заңды мемлекеттің тұрғындары сол заңды ұлтына қарамай орындауы керек! – деп нақты айтып өтті.   

Жансая Құрманғалиқызы,
«BILIM AINASY»,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы  

  

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.