Home » Балабақша » Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып балаларының зияткерлік дамуы

Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып балаларының зияткерлік дамуы

Балалықты, даналықты, адалдықты үйретер сәулетті  Астанадағы  «Шұғыла» атты бақ орданың  тыныс тіршілігімен танысуға жиналғандар қатары көп болды…
«Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып балаларының зияткерлік дамуы» тақырыбындағы республикалық семинар жоспарлы түрде 16 қаңтарда өтті.
Қолымызға бағдарламаны ұсынғанда алғашқы болып көзге түскен бір ауыз сөз бұл күннің мақсат мүддесін айқындап бергендей.
Келешек ұрпағымыз батырлардай намысты, дала қыранындай еркін, ұлт зиялыларындай ұлтжанды болып өскенін қаласақ, бесігімізді айқын мақсатпен және түзу ниетпен тербетейік.
Барлық ойдың жиынығы. «Әр адам өз заманының баласы» десек  жаһандану дәуірінде басқа ұлттардың тілін біліп, дінін құрметтейтін ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіре отырып, асыл мұраларымызды ардақтауға үйретсек мақсатымыздың орындалғаны емес пе?
Қазақ тілінде еш қатесіз құрылған бағдарламада «Интеллектуалды дамыту ойындары» кластері жетекшісі басқосқан №67 «Шұғыла» балабақшасы болса,  серіктес  №59 «Аққанат», №86 «Зияткер», №89 «Қыз Жібек» және жеке меншік «Baby.Kz» балабақшалар негізгі ұйымдастырушылар Білім басқармасы мен «Білім беруді жаңғырту орталығының» мүддесінен шыға білген жауапкершілігі  жоғары педагогикалық ұжым.
Республикалық семинар зал ішіндегі түрлі тақырыптардағы көрмелерді тамашалаудан басталды.
Балабақша дәліздері «Этнопедагогика», «Ертегілер әлемі» , «Қауіпсіздік» , «Табиғат аясында» , «Теңізге саяхат», «Әуе қызықтары», «Мұхит астындағы тіршілік» тақырыптарында безендірілген.
Кең дәліздерден «Ойна да ойлан!» интеллектуалды дамыту ойындары кабинеті жабдықталып, «В.Воскобович дамыту ойындары», «Сегена ойындары», «Фребель ойындары», «Робототехника», «Интеллектум ойындары», «Шахмат ойындары» балалардың қызығушылығын арттыруда.   Арнайы психолог бөлмесі жабдықталып, баланың қызығушылығымен зейінін бақылай отырып қажетті кеңестер берілуде.
Үлкен залда серіктес балабақша педагогтары инновациялық технологиялар түрлерін ұсынды.
№86 «Зияткер» балабақшасы меңгерушісі Нұрқабылова Алмагүл Жеткергенқызы педагогтары Айжан Сайлауова, Айнұр Темірбекова, Гүлнәз Сабирова, Құралай Менда, Құндыз Тұрдыбаева, Асылтас Жарасбай, әдіскер Алтынай Монтайбаевамен бірлесе баланың ойлауына қиялын кеңейтуге және логикалық қабілетін арттырып, ұсақ қол моторикасына ықпалы зор  «3-Д қаламсабын», баланың эксперимет жасау процесінде танымдық қызығушылығын оятатын STEM зертханасын таныстырды. Қол мен аяқ арқылы емдеу жолы Су-Джок терапиясы баланың ертерек сөйлеуіне ықпал ететінін, алақан мен табандағы нүктелерді қозғау миға сигнал түсіріп, есту, ойлау қабілеттерін оятып, сезімталдыққа әсер ететін жеткізді. Наурандия еліндегі Наураша балаларға арналған электрондық зертхананың 8 модульдық жұмыстан тұратынын тарқатып көрсетті.
№59 «Аққанат» балабақшаның меңгерушісі Кланова Гүлмаржан Қуанышқызы әдіскері Ақмарал Рысбекова, тәрбиешілер Эльвира Разиова, Жазира Сейдалиева, Айман Бабиева, Жаннұр Төкеновамен бірге педагогтардың қолдан жасалған логикалық ойындары, балалардың зейінін, есте сақтау қабілетін дамытатын дидактикалық ойындар, шапшаңдыққа тез ойнауға арналған ойындар, «Арт терапия» құралдарын көрсетті.
Түрлі ойын құралдарымен таныстырған жеке меншік балабақша «BABY.Kz» тәрбиешілері Игликова Малика, Байменшина Назия, Рахимбекова Айгүл, Бекмаганбетова Гүлбану, Дауленова Маусымжан өз шаңырақтарындағы жұмыстарымен бөлісті.
№89 «Қыз Жібек» балабақшасының меңгерушісі Атаканова Сауле Калиевнамен бірге Қымбат Естемесова, Индира Кокуракбаева, Жаннат Тажитаева, Назым Абдратимова, Айка Бастанова да балабақшада   пайдаланылатын ойын түрлерімен таныстырды.

Көрмеден соң қатысушы балабақша тәрбиешілері, №74  мектеп –гимназиясының бастауыш сынып мұғалімдері, жоғары оқу орындары ұстаздары, арнайы шақырылған қонақтар музыка залындағы «Қош келдіңіз, әріптес, серіктес!» деп аталған семинардың ашылуына қарай беттеді. Зал іші толы. Алғашқы сөзді балабақшаның  меңгерушісі Даримова Фарида Аманкелдіқызы  алып мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбие мен оқыту сапасын жоғары көрсеткіштерге жеткізуді мақсат еткен республикалық семинарға қатысушыларға алғысын білдірді.
Балабақшалардың жанашыры, әр тәрбиешінің тірегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінің «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кадидаты профессор Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы бұл күннің нағыз сарапшысы. «Назербаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы, педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері Кузембаева Камила Асиповнаның оттілді, дәлелді пікірлері семинар тақырыбына сай ойлары шараның шырайын кіргізді.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Гуманитариялық колледж» оқытушысы Қойшыманова Алия Мырзакуловна, «Білім беруді жаңғырту» орталығының қос әдіскері Боранбаева Майра Сарсехановна, Марат Мәншүк Маратовна қатысты.
Балалардың көмегімен сергіту жаттығуларынан кейін семинардың негізгі тәжірибелік бөлімі бойынша қонақтар бес тақырыпта өткен шеберлік сағат, ұйымдастырылған оқу қызметіне таңдап алған тақырыптарға сай бөлініп тамашалуға кірісті.
Музыка залына арнайы экран арқылы топтардағы оқу қызметтерін онлайн тамашалау ұйымдастырылған.
Әуелі «Блум таксономиясы –педагогикалық идеялар шыңы» тақырыбында №59 «Аққанат» балабақшасының тәрбиешісі Э.М. Газизова жаңартылған бағдарлама бойынша Блум таксономиясын ұйымдастырылған оқу қызметінде қолдануды көрсетті. Жаңартылған білім беру мазмұнындағы негізгі идеялар мен практикада қолданудың мүмкіндіктерін ашуға тырысты. Негізгі идеядағы 5 бағытты ашып көрсетті. 1.  4К креативтілік, командада жұмыс істеу, коммуникативтілікті дамыту, сыни ойлау. 2. Бала үні. Дербестігі, қызығушылықтары, қажеттіліктері. 3. Ойын. Тәрбиеші жеткшілігімен жүргізілетін ойын , құрылымдалған ойын, еркін ойын. 4. Бақылау . қадағалау, танымдық оқиға, фактілерге негіздеу, деректерді тіркеу, 5. «Тұтас бала» бейнесі бала-тәрбиеші-ата ана, мектепке дейінгі білім –мектепалды даярлық-мектеп. Бүгінгі  күннің талабына сай түсінік берді. «Қысқы орман» тақырыбын бойынша әңгіме құрастыруды алып мектепалды даярлық тобымен бірге көрсетті.
№67 «Шұғыла» балабақшасының тәрбиешісі Е.Э. Керкимбаева «Экономика әлемінде» ата-аналармен зияткерлік сайыс тақырыбын «Жұлдыз» тобында көрсетті.  Ата-аналардың қатысумен өткен сабақта ата-аналарды экономика ұғымымен таныстыру, экономикалық іс-әрекеттердің құрылымын талдау арқылы шеберлікті шыңдау, балалардың экономикалық тәрбиесіндегі ата-аналар рөлін айқындау ашылып көрсетілді. Шеберлік кезеңінде «Тәп-тәтті» кондитерлік фабрикасы, «НұрАрт» жарнама орталығы, «Тәттілер» дүкені арасындағы экономикалық процесс арқылы тақырып ашылды. «Шұғыла» балабақшасының барлық педагогтары үн қосқан шарада алдыңғы лекте болған әдіскер Карашева Анар Отызбековна,
шығармашылық топ жетекшісі (ағылшын тілі мұғалімі) Тулегенова Баян Сугурбековна, топ мүшелері Есмағамбет Айқын Қазыбекқызы, Оралбай Динара Керімбайқызы, Кетебаева Ляззат Кадырбековна, Молдабаева Айдана Карабайқызы, Хусаинова Диана Бақтайқызы, Мерханова Назира Аскаровна, Жорабекова Дамира Альмахановна, Алимбетова Айзат Тұрарқызы, Сматова Гульжанат Ундасыновна, Қалжанова Жібек Сәруаровна, Адильбаева Гульсара Байтурсыновна, Муканова Жулдыз Жанабергеновнаның үлесін айта кеткен жөн.
№86 «Зияткер» балабақшасы «Балабақшадағы инновациялық технологиялар» ұйымдастырылған оқу қызметі тақырыбында шеберлік сағат өткізіп, №67 балабақшаның тәрбиеленушілері дәстүрден тыс тәсілдер негізінде баланың дене бітімін дамытуға үлесі басым «Степ, хоп» әдістерін көрсетті.
№89 «Қыз-Жібек» балабақшасының қос тәрбиешісі  Данара, Динара Едиловалар «Зияткерлік дамытуда көрнекіліктерді пайданалу» ұйымдастырылған оқу қызметін көрсетті. К.Естемесова «Lesson study» біздің тәжірибемізде шеберлік сағатын көрсетті.
«BABY.Kz» балабақшасынан М.С. Игиликова «Ойын арқылы зияткерлікті дамыту» ұйымдастырылған оқу қызметін де өз дәрежесінде көрсете білді. Қос сарапшы Фатима Ниязбекқызымен, Камила Әсипова барлық топтарды аралап тәрбиешілердің артықшылықтары мен оқу қызметі барысындағы кемшіл тұстарын түсіндіріп айтып отырды. Міне бұл нағыз тәржірибе алмасу мен тәжірибе жинақтаудың ортасы болғанның дәлелі.
Оқу қызметтерінен кейін қонақтар музыка залына қайта жиналып онлайн тәжірибе алмасуда Ақтөбе қаласындағы №32 «Қуаныш» балабақшасымен байланысқа шықты. Балабақша меңгерушісі Ескалиева Алтынай Еншилесовна мен тікелей байланыста жүздесіп, музыка жетекшсі Л.Т.Аетованың «Мнемотехника әдісін музыкада қолдану» оқу қызметін тамашалады.  Мнемотехника әдісін аталмыш «Қуаныш» балабақшасында  4-5 жылдан бері оқу қызметінде кеңінен пайдаланады екен. Ерекшелігі балалар ұялшақтығынан арылады, ойлау ,сөйлеу, тақпақ ән жаттауда қиыншылықтардан арылуда үлкен жетістікке жеткен.  Іс тәжірибеде сыни тұрғыдан ойлау технологиясын пайдалана келе ақпараттық, коммуникативтік мәселелерді шешу арқылы балаларға оқу қызметінде және күннің екінші жартысында кеңінен қолданылатын да атап өтті. 
Семинардың соңын №74 мектеп-гимназиясының тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімі Мусагалиева Перизат Сагынбековнаның «Қалыптастырушы бағалау-табысқа жету баспалдағы» тақырыбында тренингпен қорытындылады. Түрлі ұлттың салтымен амандасудан жаңылмаған жұрт сауалдарға дұрыс жауап беріп «әжемнің сарқытына» ие болды.
Ән-жыр, күй емес бүгінгі күннің ұрпағын қалай болсада зиялы етіп шығарып, ұлтына қызмет етер көшбасшы етсек деген балабақша педагогтарының мақсаты орындалды. Күн сайын ізденісті талап ететін заманда дұрыс тәрбие мен терең білім балабақшадан қаланатын бұл күнгі семинар ашып берді.
Иә. Бүгінгі күні ұрпағымыздың жан-дүниесі бос қалмасын десек оған рухани азық дұрыс құйылуы шарт. «Бала өзімен өзі өседі» дегенді санадан алып астап, тәрбиемізді тал бесіктен бастап, балабақша қабырғасында тәрбиешінің қолдаушысына айналар күн туды. Себебі сана мен сезімі өткен күнмен психологиялық ерекшеліктері әр түрлі ұрпақ өсіп келеді. Бүгінгі жанталас өмірде көштен қалмайтын білімді білікті ұрпақты тәрбиелеу шын мәнінде ойланар дүние.  Бұл -сөз жетпес еңбекті, қажырлықты талап етер жол.
Балабақшаның шырағы — күндей шуағын шашар білімді де жарқын жүзді тәрбиешілер. Өз «мамандығын- мақтанышым» деп білетін кең жүректі жандар. Олай болса «Әдістемелік құралдарды жазу мен рәсімдеу» талабын үйренсе , жылы жүрегінен мейірім алса деп ұжымына Фатима Ниязбекқызын, «Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізуді» түсінсін деп Камила Асиповна семинар өткізіп келе жатқан Фарида Аманкелдіқызы басқаратын ұжымның өзіне сенімді, мектепке дайын білімді ұрпақ тәрбиелеп шығарына сенеміз.
Ұжымына педагогикалық кеңес беруге келгенде өз ісінің нағыз маманы талай республикалық педагогтарға арналған семинарларда, конференцияларда баяндама жасап жүрген білімді де білікті басшы Фарида Амакелдіқызының бұл салада ойып тұрып алар орны бар. Телебағдарламаларға іркілмей шығып, өз ойын терең әрі нақты жеткізе білетін жанның ұрпақ тәрбиелеу жолында әлі де талай шыңды бағындырарына сенеміз. Себебі, республикалық семинарды өзіне сенімді төрттіктен құралған ірі балабақша меңгерушілерінің бірлесе өткізуі үлкен қуаныш. Міне, осындай бірліктегі меңгерушілер ғана «Мектепке дайын» бойында ұлттық намысы бар, тілін жетік білетін жан-жақты қазақ балаларын қанаттандырып шығарады.
Бұл сөздерімді шараның қонақтары да қайталаудан шаршамады. Шара соңында төрт балабақшадан қатысып республикалық шараны абыроймен атқарып шыққан педагогтарға «Білім беруді жаңғырту орталығының арнайы «Алғыс хаттары» табысталды.
Көпті таңдандыра білген  төрт балабақшаның меңгерушілеріне зияткерлік бағытында  жаңа басқан нық қадамдарыңыздан таймай тың идеялар мен тамаша қойылымдарға толы талай басқосуға ұйытқы бола беріңіздер дегіміз келеді.
Креативтілікті ту етіп, команданы жасақтай алған коммуникативтілікті дамытып, дұрыс ойлауға жол көрсеткен еркіндікпен шығармашылықты қатар ұштауға тырысқан ұйымдастыршы барлық педагогтарға ойға алған жоспарларыңыз жүзеге асып, өз мәресіне жеткізе алдыңыздар деп айтқым келеді.

 Әлия ҒАЛЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.