Хасанова Бекзада Қапсихқызы
№39 «Салтанат» бөбекжайының тәрбиешісі
Орал қаласы БҚО
Тәрбие – баланың дүниеге келген сәтінен басталады. Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тәрбиелейтін негізгі іс-әрекет – ойын. Осы ретте мен де өз шығармашылық жұмысымда ойындарды жаңа технологиялармен тиімді ұштастырып, қолдануға көңіл бөлемін.
Ойын арқылы бала өзін қоршаған ортамен, табиғатпен, қоғамдық құбылыстармен, адамның еңбегімен, қарым-қатынастарымен танысады. Ойын – баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән-мағынасы ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, Өсер бала болар ма?!» деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сол себепті олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін оқу ұйымдастырылған оқу-қызметін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу-қызметінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды. Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш-жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді. Ойын арқылы балалардың логикалық ойлауы, математикалық қабілеттері дамиды. Балалардың логикалық ойлау, қабылдау, есте сақтау қабілеттерін, зейінін, қолдың ұсақ маторикасын дамытуға арналған дидактикалық ойындарды тиімді пайдалану оқу қызметінің іскерлігін, тартымдылығын, белсенділігін, баланың ынтасын күшейтеді. Ойын ережесі балалардың түсінуіне оңай, қарапайым әрі қысқа болу керек. Кейде олардың мазмұны, ережесі балаларға дұрыс түсіндірілмейді де, олар оған қызықпайды, зейін қойып тыңдамайды.
Дидактикалық ойындардың тиімділігі – оқу қызметінің әр кезіндегі орны мен міндетін, мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын тәрбиеленіп жетік меңгеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдарды алдын ала дайындап алуға, балаларды белсенді қатыстыруға байланысты. Ойындарды өткен оқу қызметін қайталау, естеріне түсіру кезінде қолданған пайдалы. Баланың тілін дамытуда ауызекі сөйлеу, тілдің дыбысталу мәдениетіне тәрбиелеуде байланыстырып сөйлеу, сөздік қорын дамыту үшін оқу іс-әрекеті кезінде және бос уақытта ойналатын дидактикалық ойындардың маңызы зор. Дидактикалық ойындар баланың ақыл-ойын дамытуға, ойлауын, қабылдауын, есте сақтауын, зейінін, салыстыру, салыстыру, жіктеуге, өзін-өзі бақылауға үйретеді. Ойын мақсатына сай оның шарттарын орындап, ондағы сұрақтар мен тапсырмаларға жауап беруге дағдыланады.
Қорыта келгенде, ойын – балалардың негізгі іс-әрекеттерінің бір түрі. Бала өмірі ойынға байланысты. Бала ойынсыз өсіп-өркендей алмайды. Бұл – өмірдің заңдылығы. Менің де педагогикалық іс-тәжірибемде қолданатын басты ұстанымым да осы.