Home » Мақалалар » ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

Ағымдағы жылдың 17 желтоқсан күні әр жылдары еліміздің Тәуелсіздігі үшін мерт болып, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды еске алу мақсатында Павлодар қаласындағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіштің алдында «Ерлікке тағзым» атты іс-шара өтті.

Жиынға Павлодар облысының ақпараттық және қоғамдық даму басқармасының жетекшісі Бауыржан Капенов, Екібастұз, Ақсу, Павлодар қалаларының қоғам белсенділері, облыстағы қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, облыстық, республикалық баспасөз құралдарының өкілдері қатысты.

Шараға 1986 жылғы желтоқсан көтерілісін көзбен көріп ызғарына ұшыраған, бүгінгі күні егемен еліміздің өркендеуіне әр салада белсенді атсалысып жүрген Амантай Құдабаев, Айман Зейнуллина, Рыскүл Шакаман, Бейбіт Шәнім, Ақан Алпысов сынды желтоқсаншылар да келді.

Іс-шараны ұйымдастырушы ақын Арман Қани және желтоқсаншы аға-әпкелеріміз атаулы күннің маңызы мен құндылығына тоқталып, «Желтоқсан көтерілісіне» қатысты ой-пікірілері мен ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Ақсулық қоғам белсендісі, «Аттан» қозғалысының Павлодар облысындағы төрағасы Қанатбек Нәбиев азаттық үшін құрбан болған жандардың рухына құран бағыштап, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Бейбіт Кәрімұлы Шәнім, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері:
—         1986 жылы біз Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы көркемсурет және театр институтында оқып жүргенбіз. 17-сі күні таңғы сағат тоғыздың кезінде ел басқарып отырған азаматтың орнынан алынып, жат елдік азаматтың тағайындалуына байланысты біз де ойымызды айтуға алаңға жиналдық. Жиналғандардың көбі студент жастар еді. Сол күні билікке өз қарсылығын бейбіт түрде білдіруге келген жап-жас қыз-жігіттерге жасалған аяусыз қиянаттарды өз көзімізбен көрдік. Қарусыз жастарды бесқаруын сайлап келген әскерилер жан-жақтан қамап тұрып, сапер күрегімен жантүршігерлік соққының астына алды. Бәріміз таяқ жедік. Менің басыма дубинка тиді.
Келесі күні бізді жатахқанадан шығармай қойды. Он тоғызы күні сабаққа барған жерімізден ұстап, тергеуге алып кетті. Біздің өнер институтының студенттері: Құрманғазы Айтмұрзаев, Бақтыбек Иманқожаев, Үсіпхан Сейтімбет, Аманбай Кәнетов аты-жөні есіме түспей тұр, тағы бір жігіт желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылар ретінде айыпталып, үстерінен іс қозғалды. Тергеу жеті айға созылды. Басқа институттардың студенттері де тергеліп, алды сотталып жатты. Күні-түні жүргізілген тергеуден «ішкеніміз — ірің, жегеніміз — желім» болды. Ақыры жылға бергісіз, жеті айға созылған айыптаулардың соңғы нүктесі қойылып, бес жігіттің соты болды. Үкім шығарылғаннан кейін бізді қуғындау тоқтатылды.
Еліміздің тәуелсіздік алғаны 1991 жыл болғанымен, бастамасы – сол 17 желтоқсанда Алматыдағы алаңға жиналған жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінен басталды ғой,- деп ойлаймын.
Айгүл Молдаш,
Павлодар

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.