Кульбаева Тамара Дархановна
Астана қаласы
«Астана қаласы әкімдігінің «№60 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Диалог және монолог құру дағдыларының тіл дамытудағы рөлі
Тіл – адамзаттың қарым-қатынас құралы және мәдениет қалыптастырушы негізгі элементтердің бірі. Бүгінгі заманауи білім беру жүйесінде тілдік дағдыларды дамыту басты назарда. Оқушылардың диалог және монолог құру дағдыларын қалыптастыру, әсіресе тілдік құзыреттілікті арттыруға, ойды айқын әрі мағыналы жеткізуге үлкен үлес қосады.
Диалог және монолог – бұл ақпарат алмасу, ой білдіру және адамдар арасындағы өзара әрекеттесу үшін қолданылатын негізгі екі сөйлеу коммуникациясының түрі. Олар күнделікті қарым-қатынаста, әдебиетте, театрда және басқа да өнер түрлерінде маңызды рөл атқарады.
Диалог – бұл екі немесе одан көп қатысушы арасында репликалар алмасу түріндегі сөйлеу коммуникациясы. Диалог барысында адамдар сұрақтар қойып, оларға жауап беріп, өз ойларын, сезімдерін және реакцияларын білдіреді. Бұл процесте оқушылар арасында белсенді қарым-қатынас орнап, әлеуметтік және эмоционалдық дағдылары қалыптасады. Диалог тек ақпарат алмасумен шектелмей, пікірталас арқылы жаңа идеялар тудырып, түсінбеушіліктерді жоюға көмектеседі. Диалог қатысушылар арасында белсенді өзара әрекеттесуді талап етеді, бұл әңгіме тақырыбының дамуына және оның бағытының өзгеруіне әкеледі. Әрбір реплика алдыңғы репликаға жауап болып табылады және кейінгі репликаларға түрткі болады, сөйтіп өзара әрекеттесу тізбегін құрайды. Диалогтың қатысушылары өз сөздерін әңгімелесушінің реакциясына, қарым-қатынас контекстіне және мақсаттарына қарай бейімдейді. Диалогтың барысы немесе нәтижесі алдын ала белгілі болмауы мүмкін, өйткені ол әр қатысушының үлесі мен реакциясына тәуелді, мысалы:
Күнделікті әңгіме: Екі дос демалыс күндері не істейтінін талқылап жатыр.
Іскерлік кездесу: Жұмыс беруші жұмысқа үміткермен сұхбат жүргізіп жатыр.
Әдеби диалог: Роман немесе пьесадағы кейіпкерлердің әңгімесі.
Монолог – бір адамның өз ойын тыңдаушы алдында жеткізуі. Монологта бір ғана адам сөйлейді, оның сөзі басқалардың репликаларымен үзілмейді. Монолог белгілі бір тақырып бойынша аяқталған ойды білдіреді және оның логикалық құрылымы мен реті болады, сонымен қатар құрылымдық және логикалық тәртіппен жасалған жүйелі ой тізбегін талап етеді. Монологтағы адам өз сөзінің барысын және мазмұнын толықтай бақылап отырады, тыңдаушылардың реакциясына тәуелді болмайды.
Монолог құру барысында оқушының өзіндік пікірін білдіру, өз ойын жинақтап жеткізу қабілеті дамиды. Монолог көбінесе мәнерлі және эмоциялық тұрғыдан бай болады, өйткені сөйлеуші өз сезімдері мен ойларын барынша толық жеткізуге тырысады, мысалы:
Кездесудегі сөз: Лектор аудитория алдында лекция немесе баяндама оқып тұр.
Театрлық монолог: Актер сахнада кейіпкердің монологын айтады.
Әдеби монолог: Романдағы кейіпкердің ішкі ойлары.
Тіл дамыту үдерісінде диалог пен монолог құру дағдыларын қалыптастырудың негізгі артықшылықтарының бірі ойды жүйелеу және нақты жеткізе білу болып табылады. Диалог пен монолог құру арқылы оқушылар өз ойларын жинақтап, жүйелі түрде жеткізуге үйренеді. Бұл олардың сөйлеу дағдыларын, логикалық ойлау қабілетін дамытады. Мысалы, диалог барысында оқушылар бір-бірін тыңдап, сұрақтарға жауап беру арқылы логикалық тізбек құрып, өз ойларын нақтылай түседі.
Келесі артықшылық ретінде тілдік құзыреттілікті атауға болады. Оқушылардың диалог және монолог құру дағдыларын жетілдіру арқылы олардың грамматикалық және лексикалық құзыреттілігі дамиды. Бұл тілдің құрылымын, мағыналық байланыстарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Монолог құру барысында оқушылар сөйлеудің стильдік ерекшеліктерін, грамматикалық құрылымдарды меңгереді, ал диалогта сөздік қорларын кеңейтеді.
Сонымен қатар диалог барысында оқушылар әртүрлі көзқарастарды тыңдап, оларды талдап, сындарлы ой қалыптастырады. Бұл әрекет оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамытады. Оқушылар сұрақтар қою арқылы мәселені жан-жақты зерттеп, пікірлерге жауап беру кезінде аргументтер келтіре отырып, өз көзқарастарын қорғай алады. Диалог құру арқылы оқушылар өзара қарым-қатынас орнатып, бір-бірінің пікірін түсінуге, өзара сыйластыққа үйренеді. Бұл эмоционалдық интеллекті арттырып, әлеуметтік дағдыларды нығайтады. Әртүрлі жағдайларда тиімді қарым-қатынас орнату қабілеті қоғамда лайықты орын табуға көмектеседі.
Диалог және монолог құрудың психологиялық аспектілері тілдік құзыреттілікті дамытумен қатар, оқушылардың жеке басының дамуына да ықпал етеді. Диалог психологиялық тұрғыда оқушының өз ойын еркін жеткізуіне, өзгелердің пікірін тыңдау және түсінуге ықпал етеді. Диалог барысында пікірталасқа қатысу арқылы оқушылар өз көзқарастарын білдіріп қана қоймай, сын тұрғысынан ойлауға, өз пікірлерін қорғауға және өзгелердің пікірін құрметтеуге үйренеді. Мұндай дағдылар оқушылардың болашақта әртүрлі әлеуметтік жағдайларда табысты болуына көмектеседі.
Монолог құру оқушыларға жеке пікірін білдіру қабілетін дамытады. Бұл оқушының өз-өзіне деген сенімін арттырып, аудитория алдында өзін сенімді ұстап, өз ойларын құрылымдық түрде жеткізуге көмектеседі. Оқушылардың монолог құру арқылы өзін-өзі көрсету қабілеті дамиды, олардың шығармашылық қабілеттері де арта түседі.
Оқушылардың диалог және монолог құру дағдыларын дамыту үшін келесі практикалық әдістерді қолдануға болады:
Топтық жұмыс: Оқушыларды топтарға бөліп, белгілі бір тақырыпта диалог немесе монолог құру тапсырмасын беру. Мысалы, топтарға «Табиғатты қорғау» немесе «Салт-дәстүрдің маңызы» тақырыптары бойынша диалог құру ұсынылады. Бұл әдіс оқушылардың ой-пікірлерін ортаға салып, өзара талқылауына мүмкіндік береді.
Пікірталас сабақтары: Пікірталас сабағы диалог құру дағдыларын дамытуға тімді әдіс. Оқушылар екі топқа бөлініп, белгілі бір тақырып бойынша өз көзқарастарын қорғап, сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамытады. Мысалы, «Интернеттің қоғамдағы рөлі» тақырыбында пікірталас ұйымдастырып, оқушылардың өзара талқылауына мүмкіндік беруге болады.
Рөлдік ойындар: Оқушыларға әртүрлі рөлдер беріп, шынайы өмірдегі жағдайларды ойнату. Бұл әдіс арқылы оқушылар диалог барысында өз ойларын білдіріп қана қоймай, шынайы өмірде кездесетін проблемаларды шешуге үйренеді. Мысалы, «Дәрігер және науқас», «Тілші және саясаткер» секілді рөлдер арқылы оқушылардың диалогтық сөйлеу дағдылары жетілдіріледі.
Ендеше диалогтық сөйлеуді дамытуға арналған келесі әдістерді қарастырайық: «Танысайық» әдісі. Мақсаты: Байланыс дағдыларын дамыту, қарым-қатынас орнатуды үйрену. Барысы: Баяу әуен ойнатылады. Балалар жұптарға бөлініп, бір-біріне қарап тұрады, танысады: бір-бірінің көзіне қарап, қол беріп немесе жеңіл жанасып, өз есімдерін айтады: «Мен — Саша, ал сен кімсің?» Осыдан кейін балалар қол ұстасып, музыкаға билейді.
«Кездескенде не сұрау керек?» ойыны. Мақсаты: Балаларды қарым-қатынасқа түсуге және әңгімелесуді қолдауға үйрету. Барысы: Балалар шеңберге отырады (тұрады). Бір балада ойыншық (доп, қуыршақ және т.б.) бар. Ойыншылардың міндеті — ойыншықты бір-біріне беріп, сұрақ қою және жауап алу. Мысалы: Атың кім? Сенің жасың нешеде? Кіммен тұрасың? Ағаң немесе әпкең бар ма? Анаңның аты кім? Сен кіммен доссың? Немен ойнағанды ұнатасың? Ұйықтағың келмей ме? Сыртқа шығасың ба? Нені жегенді ұнатасың? Оқыту кезеңінің басында сұрақтар мен жауаптарды мұғалім тұжырымдайды, содан кейін тек сұрақ қою бағытын көрсетеді (ойыншық туралы, көңіл-күй туралы, досы туралы, ауа-райы туралы және т.б.).
«Сұрақ — жауап» әдісі. Мақсаты: Балалардың серіктесінің сұрақтарына жауап беру дағдыларын дамыту. Барысы: Балалар шеңбер құрып тұрады. Олардың біреуі қолында доп ұстап тұрады. Ойыншы сұрақ қойып, допты серіктесіне лақтырады. Серіктесі сұраққа жауап беріп, допты басқа ойыншыға лақтырып, өз сұрағын қояды (мысалы: «Досыңның аты кім?», «Саған қандай ойын ұнайды?» — «Қуаласу» және т.б.).
«Телефонмен әңгімелесу» әдісі. Мақсаты: Белгілі тақырып бойынша телефон арқылы диалог құруды үйрену (мұғалім тақырыпты береді: туған күніңмен құттықтау, қонаққа шақыру, серуенге шығу туралы келісу және т.б.). Ойынға қатысушылар телефон құлақшасын ұстап, нөмір тереді де, диалог жүргізеді.
Монологтық сөйлеуді дамытуға арналған ойындар мен тапсырмалар. Оқушыларға белгілі бір тақырып бойынша монолог құруды тапсыру. Бұл әдіс оқушылардың сөйлеу тілі мен ой құрылымын дамытуға бағытталған. Мысалы, «Менің арманым» немесе «Менің сүйікті кітабым» тақырыбында монолог құру тапсырмасын беруге болады.
- Суреттерді сипаттау.
а) қарапайым бейнелерді сипаттау;
б) сюжеттік суреттерді сипаттау;
с) сөйлеу арқылы суреттерді сүйемелдеу (мысалы, диафильмдерді);
д) нақты заттарды және олардың орналасуын сипаттау.
Оқушыларға визуалды материалдарды ұсыну арқылы біз олардың болашақ сөйлесу мазмұнын алдын ала береміз, алайда мұны тілдік емес құралдармен жасаймыз.
- Репродуктивті жаттығулар.
Бұл жаттығулардың типтік түрі — дәстүрлі әңгімелеу (мазмұндау), оны әдістемеде саналы сөйлеу әрекеті деп қарастырады. Бұл жаттығулар оқушылардың ойлары мен сезімдерін еркін жеткізуге дайындық болып табылады. Мәтінді әңгімелегенде, оқушы тек мәтіннің тілдік құралдарын ғана емес, сонымен бірге бұрын меңгерген лексикалық-грамматикалық материалды да қолданады. Әңгімелеуге арналған мәтін көлемі шағын болуы керек, нақты әрі динамикалық мазмұнға ие болуы тиіс. Бұл жұмысты коммуникативті ету және оқушылардың шығармашылық көзқарасын қамтамасыз ету үшін тапсырмаларды түрлендіру орынды, мысалы:
а) сипатталған оқиғаға өзіңіз қатысқандай әңгімелеңіз;
б) кейіпкердің өмірбаянын жақын досы сияқты әңгімелеңіз;
в) белгілі бір кейіпкерлердің оқиғаға деген көзқарасын баяндаңыз. - Композициялық жаттығулар.
Оқушының өз шығармашылығына, өмірлік тәжірибесіне және біліміне сүйене отырып, ауызша шығарма жасаудың бірнеше түрлерін ажыратуға болады. Бұл белгілі бір жағдайға немесе сюжетке, мақал-мәтелге, тапсырмаға немесе тақырыпқа қатысты әңгіме құрастыру болуы мүмкін. Кейбір тапсырмалар түрлері:
а) өз қалаңыз туралы, қыстық демалыстар, ата-анаңыз немесе достарыңыз туралы әңгімелеңіз;
б) бірнеше ережені немесе әрекетті сипаттаңыз (мысалы, үстел басында қалай дұрыс отыру керек; емтиханға қалай дайындалу керек; және т.б.);
в) белгілі бір тақырып бойынша хабарлама жасаңыз (отбасындағы сыйластық; менің қаламдағы қоғамдық көлік және т.б.);
г) мақал-мәтел бойынша әңгіме құрастырыңыз.
Диалог және монолог құру дағдыларын дамыту – оқушылардың тілдік құзыреттіліктерін арттырудағы маңызды қадамдардың бірі Бұл дағдыларды дамыту арқылы оқушылар өз ойын нақты әрі түсінікті жеткізуді, өзгелермен қарым-қатынас жасауды, пікірталас жүргізуді үйренеді. Сонымен қатар, диалог пен монолог құру оқушылардың ой-өрісін кеңейтеді, сыни ойлау қабілеттерін, сөйлеу мәдениетін қалыптастырады және өз ойын анық, дұрыс жеткізу қабілеттерін дамытады. Білім беру процесс диалога пен монологты тиімді қолдану оқушылардың жан-жақты дамуына, тілдік құзыреттіліктерінің артуына ықпал етеді. Сондықтан оқыту үдерісінде диалог және монолог құру дағдыларын дамыту – оқушылардың тілдік құзыреттілігін арттыратын тиімді құралдардың бірі болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Айтмұхамбетов, Ә. Қ. Сөйлеу мәдениеті және тілдік қарым-қатынас. Алматы: Ғылым, 2012.
- Қалиев, Ғ., Жұбанова, А. Қарым-қатынас психологиясы. Алматы: Рауан, 2010.
- Байтұрсынов, А. Тіл – құрал. Алматы: Ана тілі, 1991.
- Сыздық, Р. Тілдік тұлға және оның қызметі. Алматы: Арыс, 2004.
- Мұқанов, М. Психология негіздері. Алматы: Қазақ университеті, 2002.