Мунасаева Рая Нуровна
Алматы қаласындағы
М.Ганди атындағы
№92 мамандандырылған лицейдің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Қазіргі білім беру жүйесінде көптеген өзгерістер жүзеге асырылуда. Олардың маңыздысы деп жаңартылған білім мазмұнын атаймыз. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде 2017-2018 оқу жылынан бастап жаңартылған білім беру мазмұнына көшу сатысы басталып, оқушыларды кең ауқымды дағдыларға үйретуге, функционалды сауаттылығын арттыруға, адами құндылықтарын дамытуға көңіл бөліне бастады. Жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – оқушыларды сындарлы оқытуға үйрету, әлемдік білім кеңістігіне қол жеткізу, инновациялық білім негіздерін терең меңгерту. Қазіргі мектеп оқушылары ертеңгі күні әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып, Қазақстан мемлекетінің әлеуетін арттыруға үлес қосады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін білім беру ұйымдарын жаңа технологиялармен, ақпараттық-техникалық құралдармен, жаңа үлгіде білім алған мамандармен қамтамасыз ету жеткіліксіз. Қоғам дамуындағы ең өзекті сала болып табылатын білім беру жүйесінде көптеген жаңа бетбұрысты қадамдар жасау қажет. Дұрыс қабылданған шешімдердің арқасында жан-жақты білімді, мәдениетті, зияткер, адамгершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті ел патриотын қалыптастыруға болады.
Бүгінгі білім беру саласындағы жаңалықтар «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндерінің оқу-әдістемелік кешендеріне де қатысты. «Шиыршық» әдісіне негізделген бағдарламаға сәйкес пән бойынша білім мазмұны 5-11-сыныптарда дамытылып қайталанып, бекітіліп отырады. Бұрынғы оқу бағдарламасында тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Сөзжасам», «Грамматика» және қосалқы «Стилистика» мен «Пунктуация» салалары сыныптар бойынша берілсе, жаңартылған білім мазмұнының бағдарламасында «Әдеби тіл нормалары» айдарымен топтастырылып берілген. Функционалдық сауаттылыққа қол жеткізуде тілдік бағдардың атқаратын қызметі ерекше. Әсіресе күнделікті сабақ жоспарын құрастыру барысында оқушылардың әдеби тіл нормаларын меңгеруіне айрықша көңіл бөлген жөн. Оқу бағдарламасында көрсетілген оқу мақсаттары оқушылардың тыңдалым мен айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастырып, дамытуға арналған. Сондықтан оқыту мен оқу процесінде пән мұғалімі қысқа мерзімді жоспарды құрастыру барысында белгілі бір дағдыға бағытталған оқу мақсатына қоса әдеби тіл нормасын міндетті түрде бергені жөн. Тілдік бағдар арқылы оқушылардың жазбаша сауаттылығымен қоса ауызша сауаттылығы да қалыптасады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығына (ҚР Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 18 маусымдағы №393 бұйрығымен өзгертулер мен толықтырулар енгізілген) сәйкес негізгі білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы бекітілген болатын. Сөйтіп, 2017-2018 оқу жылында 5,7-сыныптарға, 2018-2019 оқу жылында 6,8-сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқу-әдістемелік кешені республика көлемінде апробациядан өткен болатын. Биылғы оқу жылында 9,10-сыныптарға арналған жаңартылған білім мазмұны бойынша оқу-әдістемелік кешен оқыту мен оқу процесіне енгізіледі. Апробацияның алғашқы екі жылында әдеби тіл нормаларынан гөрі пән мұғалімдері жоғарыда аталған төрт дағдыға ерекше ден қойды. Қалыптастырушы бағалау жұмыстары мен бөлім бойынша жиынтық бағалау жұмыстарын, тоқсандық жиынтық бағалау жұмыстарын алу кезінде тілдік бағдар тапсырмалары назардан тыс қалды. Осы мақсатта біз әдеби тіл нормаларын меңгерту арқылы табысты оқуға қол жеткізу жолдарын қарастырдық.
5-сыныпқа арналған қазақ тілінен оқу бағдарламасында келесі әдеби тіл нормалары ұсынылған:
Бөлім атаулары | Әдеби тіл нормалары |
Мәдениет: тіл және қарым-қатынас | Қазақ тілінің дыбыстар жүйесін, үндестік заңын, емлелік ерекшеліктерін ескере отырып, орфографиялық нормаға сай жазу. |
Киіну. Сән. Талғам | Сөз ішіндегі және сөз аралығындағы ілгерінді, кейінді және тоғыспалы ықпал заңдылықтарына сәйкес айта білу. |
Отбасылық дәстүрлер мен мерекелер | Тура және ауыспалы мағыналы сөздерді, көп мағыналы сөздер көркемдік ерекшеліктеріне сай қолдану. |
Жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесі | Омоним, антоним, синонимдерді көркемдік ерекшеліктеріне сай қолдану. |
Бос уақыт және хобби | Жұрнақ арқылы жасалған туынды сөздерді және күрделі сөздерді ауызша және жазбаша тілдесім барысында қолдану. |
Қиял әлемі | Зат есімдердің мағыналық түрлерін мәнмәтін аясында жалғаулар арқылы түрлендіріп айту. |
Көлік және жол белгілері | Сан есімнің мағыналық түрлерін ажырата білу, сан есімді зат есім орнына қолдана білу. |
Адамның сырт келбеті мен мінезі | Сын есімдердің, шырай түрлерінің көркемдік ерекшелігін тану, сын есімді зат есім орнына қолдана білу. |
Аспан әлемінің құпиялары | Төл сөз, төлеу сөз, автор сөзінің жасалу жолдарын, қызметін білу, төл сөзді төлеу сөзге айналдыру. |
Саяхат және демалыс | Төл сөз, төлеу сөз, автор сөзінің жасалу жолдарын, қызметін білу, төл сөзді төлеу сөзге айналдыру. |
Оқу бағдарламасында көрсетілген оқу дағдыларына қоса әдеби тіл нормалары, атап өткенімдей, «Шиыршық» әдісімен берілген. Тілдік бағдар бойынша 1-тоқсанда фонетикаға қатысты ережелер (қазақ тілінің дыбыстар жүйесі, үндестік заңы, орфография), 2-тоқсанда лексикалық ұғымдар (сөздің тура және ауыспалы мағыналары, көп мағыналы сөздер, омоним, синоним, антонимдер), 3-тоқсанда сөзжасам мен зат есім, сын есімдердің жасалу жолдары, 4-тоқсанда төл сөз, төлеу сөз бен автор сөзінің тыныс белгілері қамтылған. Аталған тілдік ережелерді тиімді меңгертудің жолы ретінде қысқа мерзімді жоспардағы тапсырмалар ұсынылады.
Қазіргі заман оқушылары ізденімпаз, жан-жақты болуы тиіс. Сондықтан олар «Қазақ тілі» оқулығынан алған білімін күнделікті өмірде қолдана білуге, тапсырмаларды шығармашылықпен орындауға бағытталуы керек. Оқулықтағы мәтіндер оқушылардың дүниетанымдарын кеңейтуге жол ашса, тапсырмалар күнделікті тұрмыста қазақ тілін дұрыс қолдана білуге машықтандырады. Кейбір тапсырмалар қосымша ізденісті, қазіргі ақпараттық технологияның кең мүмкіндіктерін пайдалануды, шығармашылықпен жұмыс жасауды қажет етеді. Мұның бәрі ана тілінің құдіретін сезіндірумен бірге жас өрендердің тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Осы жолда әдеби тіл нормалары маңызды қызмет атқаратыны сөзсіз.