Home » Мақалалар » Абай Құнанбайұлы өлеңдерінің тәрбиелік мәні

Абай Құнанбайұлы өлеңдерінің тәрбиелік мәні

Галымова Кадиша Жумабековна
Нұр-Сұлтан қаласы
№70 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі 

Сөз зергері академик Зейнолла Қабдол «Ақыл мен ойдың, сезім мен сырдың қайталанбас біртуар алыбы» деп баға берген дана да дара Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту – біздің ұлттық келбетімізді, болмыс-бітімімізді, рухымызды айқындайтын әрі Абай атамыздың қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдағы шыңы екендігін ХХІ ғасыр ұрпағының санасына сіңіріп, оның ұлт ақыны ретінде қалдырған асыл мұраларын бүкіл адамзат мәдениетінде биікке көтерілгендігін тереңірек түсінуі үшін тәлімі мол  теңдессіз тағылым деуге болады.

Бүгінде адамды тұрмыс билеген заман. Дөңгеленген дүниенің дүрбелеңіне еріксіз еріп, баянсыз, тұрлаусыз нәрселердің жетегінде жүргендер қаншама!? Сондай пенделерге өз басым талантты тұлға Сұлтанмахмұттың сөзімен «…Абайды оқы, таңырқа!» дер едім. Мына өмірде не баянды?

«Дүние – үлкен көл,

Заман – соққан жел.

Алдыңғы толқын – ағалар,

Кейінгі толқын – інілер.

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер».

Осы шумақтарда жалғанның жарығында баянды бір нәрсе – ол халықтың рухы, ұлттық келбет дегенге саяды данышпан Абай сөзі. Осынау алмағайып аумалы-төкпелі заманда кім екендігімізді қалай танытамыз десек, алдымен Абайды ауызға алған абзал.

Бұдан он төрт жыл бұрын Күншығыс елі атанған Жапония жеріне барғанда өзіммен бірге Абайдың өлеңдер жинағын, әндерін ала бардым. Тыңдаттым, таңданттым. Кейін оқып білдім, сол жапондар өздерінің бала тәрбиесінде Абайдың қарасөздерін қолданады екен. Бұдан артық кіммен, немен мақтануға болады қазаққа!?

Ұрпақ тәрбиесі туралы «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы ұстаздан болады… » дейді  дана Абай, яғни, балаға жақсы тәрбие беру үшін әрбір ата-ананың өзі де тәрбиелі болу керек, адамгершілік,   секілді жақсы әдет-дағдылар, жақсы мінез, тәрбие отбасында қалыптасады дегенді  меңзеп отыр.

 

Абай:

«Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз», — дейді. Ендеше, Абайға жүгін де, өнерге, ғылым-білімге ұмтыл, керенаулықтан арыл! Тағы да Абай:

«Адамзатқа не керек:

Сүймек, сезбек, кейімек.

Харекет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек…» Әрекет ет, талаптан, өнер үйрен, алға ұмтыл, дүниетанымыңды кеңейт деп насихат етеді.  Жас талапқа бұдан артық қандай кеңес керек?

«Жаман дос – көлеңке:

Басыңды күн шалса,

Қашып құтыла алмайсың;

Басыңды бұлт алса,

Іздеп таба алмайсың»,  — деп достықтың, жалған дос пен жанашыр достың айырмасын біле жүр дейді. Сөзім құрғақ болмас үшін тағы да Абай атамыздың:

«Жастықтың оты жалындап,

Жас жүректе жанған шақ.

Талаптың аты арындап,

Әр қияға самғар шақ», — деген өлең шумақтарымен ойымды қорыта келе, Абай Құнанбайұлының әрбір сөзінің парқын ұғынып, барша қазаққа Абай тақырыбындағы ең ұлы туынды «Абай жолын» оқуға шақырамын. Мәңгілік елдің ұл-қызына Абайдан артық, оның өлеңдерінен артық мәңгілік дүние жоқ!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.