К.Н. Конысбаева
«Алматы облысы білім басқармасының
Қарасай аудандық білім бөлімі» ММ
«Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектеп» КММ
Аңдатпа. Бұл мақалада қазіргі инклюзивті білім берудің өзекті тақырыптарының бірі — жалпы білім беретін мектепте оқушыны денсаулығына байланысты үйден оқыту мәселесі қарастырылады. Жеке оқыту бағдарламасы мысалында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға күнтізбелік-тақырыптық жоспар жасау үшін қажетті ақпараттарды саралау қажеттілігін көздейтін алғышарттар қарастырылады. Мектептерде тегін үйден оқытудың қазіргі жағдайын зерттеу үшін автор орта буын оқушыларының ішінде жеңіл зерде бұзылысы және орташа зерде бұзылысы бар оқушылардың және мектептің арнайы педагогтарының қатысуымен зерттеу жүргізді: 7-сыныптың үйден оқитын оқушылары, олардың ата -аналары, мектеп психологы, сонымен қатар мектеп логопеді, себебі әр түрлі дамыту және түзету компонеттері бойынша салыстыра талдау жұмыстары қажет етілді. Мақалада осы зерттеудің кейбір нәтижелері, атап айтқанда, үйден оқитын оқушының сөйлеу тілін дамыту мәселесіне оқушылардың, ата -аналардың, мұғалімдер мен мектептегі арнайы мамандарының қарым -қатынасын зерттеу нәтижелері ұсынылған
Түйінді сөздер: үйден оқыту, ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар, жеке оқыту бағдарламасы.
Кіріспе
Балаларымыз – біздің болашағымыз дейміз. Өзіміздің әдемі қарттығымыздың кепілі, еліміздің өркендеуінің негізі деп сенеміз.
Ал қоғамда дені сау балалармен қатар, мүмкіндігі шектеулі жеткіншектер де өсіп келе жатыр. Әр азамат, мектеп және қоғам болып осы ерекше балалардың ұнжырғасы түспеуіне үлес қосуымыз керек деп есептеймін. Елімізде осы орайда нақты шаралар жасалып та жатыр. Балалардың жынысына, жас ерекшеліктеріне, әлеуметтік-экономикалық, қимыл-қозғалыстық және ақыл-есінің жағдайына қарамастан, сапалы білім алу және өздерінің потенциалдық дамыту мүмкіндігіне ие болуы – инклюзивті білім беру арқылы жүзеге асырылып отыр. Оның ішінде денсаулығына байланысты үйден оқытылатын оқушылар мен олардың ата-аналары өздерін тығырыққа тірелгендей сезінбеуі керек. Сол үшін жалпы білім беретін мектептегі үйден оқитын әр оқушыға педагогикалық-психологиялық қорытынды беру мекемесі ұсынған бағдарламаға сай оқу пәндері мен түзету компоненттері бөлінеді. Сол бөлініске сай қазақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша «Зерде бұзылысы бар» (жеңіл) оқушыға «Қазақ тілі», «Оқу және тіл дамыту», ал «Зерде бұзылысы бар» (орташа) оқушыға «Сөйлеу және коммуникацияны дамыту» пәндері беріледі.
Мектеп мұғалімдері білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға арналған оқу бағдарламасында берілген оқу мақсаттарын басшылыққа алады. Ол оқу бағдарламасы https://special-edu.kz сайтынан алынады.
Әр мұғалім өз пәні бойынша оқу мақсаттарынан туындайтын міндеттер арқылы ерекше білім беру қажеттілігін қамтамасыз ету керек:
vБілім алуды оқушылардың ерекше қажеттіліктеріне бейімдей отырып, барлығына қол жетімді деген қағидатты орындау.
vОқушыны белгілі бір тақырыпқа ізденуге, оны қарапайым түрде баяндап беруге дағдыландыру.
Оқушылардың бойындағы бар мүмкіндікті дамыту.
Инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты – оқушыны өзгерту немесе түзету емес, білім беру үрдісін осы баланың жеке мүмкіндіктеріне сай бейімдеу болып табылады. Оның ішінде үйден оқытатын мұғалімнің негізгі міндеті – оқушыға болашақта өзін табуға, тәуелсіз, өзіне сенімі бар тұлға болуына, оларға қоғамдағы өмірге дайын болуына көмектесу.
Әдістеме
Ерекше балалардың айналадағы адамдармен коммуникация жасау қабілетін арттыруға бағытталған жеке оқыту бағдарламалары міндетті түрде бекітілген мұғалім тарапынан дұрыс құрастырылуы тиіс. Арнайы педагогикалық-психологиялық сараптама жасаушы мекемеден мүмкіндігі шектеулі оқушыға оқыту бағдарламасы ұсынылады. Дәл сол құжатты негізге ала отырып, пән мұғаліміне, арнайы мамандарға және педагог-психологқа жеке оқыту бағдарламасын құрастыра отырып, ерекше білім беру қажеттілігін іске асыру бойынша мектеп әкімшілігі бұйрық әзірлейді. Оның мазмұны мыналарды қамтиды: ерекше білім беруді қажет ететін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың үйден оқытылуы туралы ақпарат, күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, зерде бұзылысының жеңіл және орта деңгейдейіндегі оқушаларға арналған жеке оқыту бағдарламасы. Оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша құрастырылған жеке оқыту бағдарламасындағы оқу, жазу және сөйлеу тілін дамытуға бағытталған тапсырмалар деңгейге бөлінген, сараланған, оңайдан күрделіге қарай жинақталған болуы керек. Үйден оқитын мүмкіндігі шектеулі оқушы сол жеке бағдарлама материалдары мен тапсырмалар арқылы, мұғалім көмегімен ойын жеткізуден бөлек ым-ишара, қимыл-қозғалыс түрлерін жасау арқылы қарым-қатынас жасау құлшынысын арттыруы маңызды. Зерде бұзылысының түріне қарай, оқып, жазып, қоршаған ортамен коммуникация жасау дағдысын дамытқаны қажет.
Келесі ақпарат қазақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша жеке оқыту бағдарламасынан үзінді:
Арнайы білім берудің үлгілік бағдарламасы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 20 қыркүйектегі № 469 бұйрығына 94 – қосымша
Орташа ақыл-ой кемістігі бар білім алушыларға арналған 5-9 сыныптары үшін «Жазу, оқу және сөйлеу тілін дамыту» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы (оқыту қазақ тілінде)
Арнайы білім беру бойынша 5-9-сыныптарға арналған үлгілік оқу бағдарламасынан үзінді
https://special-edu.kz сайтынан әр пән иесі өзіне қажетті сынып бойынша үлгілік бағдарламаға сай күнтізбелік-тақырыптық жоспар құрастырады. Берілген оқу мақсаттарын қысқа мерзімді жоспарлау барысында сабақ жоспарына айналдырады.
«Сөйлеу және коммуникацияны дамыту» (орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыға) және «Оқу және тіл дамыту» (жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыға) пәндерін оқыту ерекшелігі.
https://special-edu.kz сайтында орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыға бөлінген жүктемені жалпы орта мектепке арналған Үлгілік оқу жоспарының кестесіне сай аптасына екі рет «Оқу, жазу және тіл дамыту» (2022-2023 оқу жылында «Сөйлеу және коммуникацияны дамыту») пәні ретінде бөлінгені бойынша оқу мақсаттары берілген. Әр сыныпқа көрсетілген оқу мақсаттары сол күйінде немесе сәл күрделене отырып, қайталанып беріледі. Ал жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыға аптасына бір рет «Оқу және тіл дамыту» пәні ретінде (сонымен қатар, бұл оқушыларға аптасына екі сағат «Қазақ тілі» пәні берілген) бөлінгені бойынша оқу мақсаттары берілген.
Ескерту: Берілген үлгілік бағдарлама арнайы мектептерге арналған. Жалпы білім беретін мектептегі үйден оқытылатын оқушыларға бөлінген сабақ кестесі бойынша тақырыптар қысқартылып алынады.
Жоғарыда берілген жеке оқыту бағдарламасынан үзінді бойынша түйіндей кетсем, үйден оқитын оқушыға берілген оқу сағаттарына сай әр пән мұғалімі ресми сайттағы ұсынылған оқыту қызметтері бойынша оқу мақсатын сабақ мақсатына айналдыра отырып, оқытады.
Келтірілген үзіндіде ұсынылған тапсырмалар оқушылардың түсіну, ымдап болса да жауап беру, саусақпен ұстап көру, сезіну арқылы әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларын дамытуды көздейді.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылармен қажетті қатым-қатынас орнатудың теориясы практикалық тапсырмалар арқылы талданып ұсынылған. Оқушының тіл дамыту, коммуникация жасау дағдыларын дамыту үшін түрлі-түсті электронды және қағаз түріндегі көрнекі құралдарды пайдалана отырып, тапсырмалар құрастырылған. Бұл оқушылардың қызығушылықтарын арттырады.
Ұсыныстар
ҚР «Білім туралы» заңының 8-бабы 5-тармағына сәйкес денсаулық жағдайына байланысты ұзақ уақыттар бойы бастауыш, негізгі орта , жалпы орта білім беретін ұйымдарға бара алмай жүрген азаматтар үшін үйде немесе емдеу ұйымдарында жеке тегін оқыту ісі ұйымдастырылады. Үйден оқитын оқушы кез-келген мектептің әр сыныбына келуі мүмкін. Сондықтан барлық жалпы орта мектеп ұстаздарына осы еңбекпен танысуды ұсынамын.
Арнайы білім беру бағдарламалары – мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға арналған бағдарламалар. Оқу бағдарламасы – әрбір оқу пәні (сабақ) бойынша меңгерілуге тиісті білімнің, шеберліктің, дағдылар мен біліктіліктің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама. Оқу жоспары – тиісті білім беру деңгейінде білім алушылардың оқу пәндерінің, сабақтарының (модульдерінің), практикаларының, өзге де оқу қызметі түрлерінің тізбесін, бірізділігін, көлемін (еңбекті қажетсінуін) және бақылау нысандарын регламенттейтін құжат. Үлгілік қағидалардың 19-тармағына сәйкес инклюзивтік сыныптарда оқитын ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар, оның ішінде үйде оқытылатын балалар жалпы білім берудің оқу бағдарламасы немесе жеке бағдарлама бойынша білім алуы мүмкін. Ал 20- тармақта оқу және тәрбие процесі оқу жұмыс бағдарламаларына және оқу жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырылатыны атап көрсетілген. Үлгілік оқу бағдарламаларының (немесе жеке оқу жұмыс бағдарламалар) негізінде мұғалімдер әрбір пән бойынша күнтізбелік-тақырыптық жоспарды әзірлейді, ол әдістемелік бірлестіктің отырысында талқыланады және мектеп басшысымен бекітіледі. Білім алушылардың білім, іскерлік дағдыларын бағалауда әрекеттегі бағалау жүйесі қолданылады. Бағалар «Үйде жеке тегін оқытудың үлгерім журналында» қойылады. Қажет болған жағдайда әр сабақта ата-ана оқыту мазмұнымен және оқушының бағаларымен танысу туралы журналға қолын қояды. «Үйде жеке тегін оқытудың үлгерім журналындағы» бағалар педагогтердің жұмыс уақытын есепке алу табелін толтырғанға дейін айына бір рет сынып журналына көшіріледі. Үйде оқытуды ұйымдастыру бойынша бақылауды мектеп директорының бұйрығына сәйкес осы бағытта жетекшілік ететін директордың орынбасары жүзеге асырады.
Төмендегі мысал қазақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша оқу мақсаттарының жүйесін сақтау қажеттілігін ескертеді.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар 7-сынып оқушысына арналған «Оқу, жазу және тіл дамыту» пәні бойынша берілген оқу мақсаттары
Қорытынды
Баланың дамуы және жеке тұлға болып қалыптасуы үлкендермен қарым-қатынаста ғана емес негізгі іс-әрекет процесі білім алу барысында қалыптасады. Балаға арнайы жасалған жағдайда оның дамуына зор мүмкіндіктер туады. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың негізгі формасы түзете-дамыту қағидатына сәйкес құрылған сабақ болып табылады. Ал үйден оқытылатын сабақ ерекше білім беруді қажет ететін немесе мүмкіндігі шектеулі оқушыға бағытталатындықтан, сабақтың дәстүрлі емес формаларын: рольдік ойындар, кестемен жұмыс, дидактикалық ойындар және өзіндік пәндік-практикалық жұмыстар, көрнекі тапсырмалар кеңінен қолданған дұрыс болып табылады. Оқушылар өз денсаулық ерекшелігіне сай адамдармен (оның ішінде ата-анасы, туыс, бауырлары, мұғалімдер мен арнайы педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер) күнделікті өмірде қарым-қатынас жасау дағдыларын меңгереді және бейне көрнекі құралдар және сюжетті көрнекіліктер арқылы сөйлеу тілін дамытады.
Жалпы білім беретін орта мектептегі Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша (оның ішінде «Сөйлеу және коммуникацияны дамыту» және «Оқу және тіл дамыту» пәндерін үйден оқыту ) оқушыларға қазақ әліпбиін, күнделікті қолданыстағы сөйлеу тілін үйренуге арналған сабақтар, тапсырмалар енгізіліп отырғаны абзал.
«Тіл және әдебиет» білім саласының оқу бағдарламалары бойынша балаларды үйде оқыту ерекшеліктері. Білім беру іс-әрекетінің негізгі бағыттары:
1) Балалардың денсаулығын қорғауға қолдау жасау;
2) Білім алушылардың салауатты өмір салтының негізін жасау;
3) Білім алушылардың психофизикалық ерекшеліктерін ескере отырып жалпы білім беруді қамтамасыз ету;
Қорыта келе, барлық оқыту-түзету әрекеттері ерекше білім беру қажеттілігі бар және мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға бейімделіп, өз орындарын таба алуына өз деңгейінде көмектесе алуы қажет. Үйден оқитын оқушы меркелер мен шаралар кезінде немесе өз сұранысы бойынша мектеп қабырғасына барып, құрдастарымен араласуы керек. Олар өздерін еш оғаш немесе бейінсіз сезінбеу үшін мектептегі әрекеттері өзге балалармен тең болуын ата-ана және мектеп мұғалімдері түсінуі керек. Бір сыныпта немесе мектеп ішінде мүгедектік арбадағы немесе қалың көзілдірік киген, арнайы есту аппаратын таққан баланы көріп, оған деген бөтенсінетін сезімі басқа оқушыларда туындамауы қажет. Керісінше, сыныпта парталасымен жұптаса жұмыс жасап үйрену арқылы, ерекше балаларға көрсетілетін көмек түрлері арқылы денсаулығы қалыпты оқушылардың көздері үйреніп, көңілдері дұрыс болады. Кіші жасынан әлсізге қамқорлық жасауға жауапкершілігі дамыған оқушы болашақта қоғамның дұрыс бағытта дамуына мол үлес қосады деп есептеймін.
Қолданылған деректер тізімі
1. ҚР Білім туралы Заңы
2. ҚР БҒМ 2018 жылғы 20 қыркүйектегі №469 бұйрығы бойынша
Үлгілік оқу бағдарламасы (бұйрыққа 72, 74, 94-қосымшалар)
3. «Оқу және тіл дамыту» Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектептердің (сыныптардың) 7-сыныбына арналған жұмыс дәптері. Авторлары: К.Б Бектаева, Қ.А Каменова, Ә.Ы. Ермағамбет
4.Назарова Н.М. Интегрированное (инклюзивное) образование: генезис и проблемы внедрения / Н.М. Назарова. — URL:https://cyberleninka.ru/article/n/integrirovannoe-inklyuzivnoe-obrazovanie-genezis-i-problemy-vnedreniya/viewer (дата обращения 25.12.2023)
5. ҚР БҒМ Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Үй жағдайында білім алатын балалар үшін электрондық оқыту жүйесін қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар» Астана, 2015
6. ҚР БҒМ Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Үйде
оқытылатын балаларды жалпы білім беру мектебінің оқу бағдарламаларымен оқыту бойынша әдістемелік ұсынымдар» Астана, 201
7. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Инклюзия жағдайында бастауыш мектеп оқу пәндерінің БЖБ және ТЖБ сараланған тапсырмаларын дайындау бойыншаәдістемелік ұсынымдар