ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов басқа елдердегі Қазақстан елшіліктерінің өкілдерімен кездесу өткізді. Жиынға қатысушылар қазақстандық жоғары білім саласын интернационализациялау бойынша халықаралық ынтымақтастыққа, шетелдік ғалымдарды тартуға, академиялық мобильділікті дамытуға, «Болашақ» бағдарламасын жаңғыртуға, алмасу бағдарламаларын дамытуға және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге қатысты мәселелерді талқылады.
Министрлік бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, жоғары оқу орындарында қос дипломды бағдарламалар ашу, тепе-тең негізде гранттар бөлу және білім туралы құжаттарды тану мәселелерін қамтитын тұжырымдамалар дайындап, 20 келісімшартқа қол қоюға дайындалып жатыр.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық ынтымақтастық саласында жүргізіліп жатқан жұмыстың деңгейі төмен екеніне назар аударды. Мәселен, 2000-2011 жылдар аралығында білім беру саласында 22 халықаралық келісімге қол қойылды. Осыған байланысты Асхат Аймағамбетов елшіліктердің өкілдерін жаңа бағдарламаларды әзірлеуге және перспективалы шарттарға қол қоюға белсенді атсалысуға шақырды.
«Алмасу бағдарламасы аясында жыл сайын шетелдік жоо-ларда 610-нан астам студент грант бойынша білім алады. Биыл олардың саны — 300-ге жуық. Сонымен қатар қазақстандық жоғары оқу орындарында квота саны да артты, бүгінде 345-ке жуық шетелдік азамат Қазақстанда білім алуына болады. Жақын болашақта біз жақын және алыс шет елдермен ынтымақтастықта болу үшін білім беру саласындағы ауқымы кең мәселелер бойынша 20 келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз», — деді вице-министр Рүстем Биғари. Сингапурдағы Қазақстан елшілігінің өкілі Виталий Александров өткен жылы Сингапурдың кәсіби және техникалық білім беру саласындағы ірі оқу орындарының бірімен серіктестік қарым-қатынас орнатылғанын атап өтті. Сингапурлық тараппен қазақстандық колледждердің педагогтеріне біліктілігін арттыруға 115 грант бөлу туралы келісімге келді.
Жиынға Испания, Германиядағы, Италия, Чех Республикасы, Польша, Нидерланды, Франция, Венгрия, Ұлыбритания, Финляндия, Түркия, ҚХР, Корея, Жапония, Катар, Малайзия, Сингапур, БАӘ, Австралия, Ресей Федерациясы, Украина, Өзбекстан, Қырғызстандағы және басқа да елдердегі елшіліктер мен консулдықтардың өкілдері қатысты.
ҚР БҒМ Баспасөз қызметі