Айымгүл Жұмабайқызы
Американдық кәсіпкер және қоғам қайраткері Билл Гейтс: «Әдетте, мен қызметкерлердің бірімен маужыраған түнге дейін жұмыс істеймін. Алайда үйге шаршап келгеннен кейін ең әуелі қолыма кітап не журнал алып демаламын» — деген еді. Осыдан-ақ оқу – адамның рухани дамуының өшпес мәдениеті екенін аңғарамыз… Біздің әлем жаңа ашылулардан, ғылыми жетістіктерден, жаңалықтардан тұрады. Ал сол ғылым жаңалықтарын әр жерден оқысаң да, көп нәрсені түсіне қоймайсың. Себебі, ғылыми тілмен жазылғандықтан, көптеген сөздер жаңаша, түсініксіз болуы мүмкін. Ал егер, оны қарапайым тілде жеткізетін, жан-жақты қамтылған журнал болса ше? Мұндай журнал бар. Ол қандай журнал? Бірге оқып көрейік!
OYLA – Қазақстандағы мектеп оқушылары мен ересектерге ортақ арналған алғашқы ғылыми журнал. OYLA журналы жаратылыстану ғылымдары – математика, физика, химия, биология, астрофизика бағытындағы мақалалар және гуманитарлық ғылымдар – тарих, риторика, тіл ғылымдары саласындағы жалпы танымдық мақалалар мен қызықты оқиғаларды қамтиды. Ал өздерін дамытқысы келетіндер үшін теоремалар мен есептер, өнертабыстар, ғалымдардың ғылыми жетістіктері туралы ақпарат береді.
OYLA ғылыми-көпшілік журналы Қазақстанда 2015 жылдан бастап қазақ және орыс тілдерінде шығарылады. Көлемі 100 беттен асатын журнал жазба түрінде және ғаламтор желілерінде сатылады. Бұл журнал ғылымдағы жаңа жетістіктер туралы әңгімелейді, күрделі заттар мен маңызды эксперименттердің нәтижелерін қарапайым сөздермен түсіндіреді. Басылымның мақсаты – балалардың ғылымға қызығушылығын қалыптастыру және техникалық өнертапқыштығын ояту.
«Журналдар контенті үш үлкен блоктан тұрады: білім беру контенті, технологиялар блогі, жаңалықтар мен әйгілі тұлғалар жайлы және гуманитарлық ғылымдар мен мәдениетке арналған блок. Сонымен қатар әрбір салаға өзінің редакторы бекітілген. Олардың міндеттеріне трендтерді қадағалау, мақалалардың ұзақ мерзімді басылымын жоспарлау және жаңа тақырыптарды іріктеу кіреді. «Трендтердің арқасында бүгінгі таңда үлкен жетістіктерге жеткен тұлғалармен байланыса отырып, соңғы жетістіктерді, әртүрлі ғылым және білім жаңалықтарынан хабардар боламыз. Ал ең бастысы олардың ішінде тіпті оқытушы сияқты өзге де қарапайым мамандарды кездестіре аламыз» деп шеф-редактор Мария Валяева редакцияның ақпарат көзімен бөлісті.
Журналист әрі «OYLA» ғылыми журналының негізін қалаушысы Ердос Төлегеновтің айтуынша, журналға арналған материалдар қалай ұсынылғаны, суреттер қалай таңдалғаны, схемалар қалай баяндалғаны маңызды. Сонымен қатар журнал редакциясының түсінігінде жазылған материал мен таңдалған иллюстрацияның үйлесім табуы – журналға қойылған ең басты талап.
Басылым жұмысына тек журналистер ғана емес, сонымен қатар ғалымдар, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының педагогтары, визионерлер (фр. visionnaire – көреген), сондай-ақ, үздік суретшілер мен иллюстраторлар тартылды. Баспагер Людмила Өтемұратова: «Мен өзім анамын және менің балам үлкен болған сайын, қызымның сұрақтарына жауап беру үшін Google-ға жиі кіруге тура келеді» — дейді. Онымен қоймай мектеп пәндері бүгінгі күні әлемде болып жатқан технологиялар мен жаңалықтардың қарқынды дамуына үлгермейді деп қосады. Ғылымды көпшілікке тарату, оларды қызықты әуестендіру мәселесін редакция өз алдына қойды.
Айта кетелік, OYLA журналы тек Қазақстанда ғана емес, 2017 жылдан бастап Австралия мен Жаңа Зеландияда, ал 2018 жылдан бастап Оңтүстік Корея мен Үндістанда шығарылады. Сондай-ақ CHIP-Holding GmbH баспа үйімен бірге Германия, Бельгия, Нидерландия, Люксембург, Швейцария, Лихтенштейн мен Австрияда CHIP Wissen брендімен шығады. Редакцияның мақсаты – географияны одан әрі кеңейту.
Жаңа Зеландия мен Оңтүстік Кореяның баспагерлерімен «Oyla» редакциясы 2016 жылдың күзінде Frankfurt Book Fair халықаралық кітап көрмесінде танысты. Ынтымақтастық туралы келіссөздер жарты жылға созылды, ал олармен бірге редакция Бейруттан Сингапурға дейінгі басқа елдердің ондығына коммерциялық ұсыныстар жіберді.
«Жаңа Зеландияның тәжірибесі Оңтүстік Корея баспагерлерін де қызықтырды. Корей тілінде бірінші нөмірді дайындау кезінде біз қызықты мәселеге тап болдық – мақалаларды орыс тілінен корей тілінің ерекшелігіне және мамандардың аздығына байланысты аудару өте қиын болды. Біз жақсы ағылшын нұсқасын алғаннан кейін, бұл бізге ары қарай баруға мүмкіндік берді. Оны жібергеннен кейін бір айдан соң корей баспашысы ынтымақтастықты бастауға келісті. Олар бірден басылым құны мен тираж көлемін ұлғайтуды шешті. Қазір олар ауданда 5-10 мың данадан шығарады» — деді редактор.
Бүгін Қазақстан нарығында «OYLA» журналы 20 мың дана таралымымен шығарылады. Оның 17 мыңы орыс тілінде, ал қалған 3 000 – қазақ тілінде шығады. Жазылушылар арасында 15 мың дана таратылады, тағы 3 мың данасы ритейл (ағыл. Retail – бөлшек сауда, бірнеше арналар арқылы тұтынушыға тауарды сату немесе тұтынушыға сервисті көрсету арқылы пайда табу процессін атайды) арқылы сатылады. Бір журналдың өзіндік құны 1050 теңгені құрайды. Орташа бөлшек нүктелерден журналдардың шамамен 20% оралады. OYLA-ның абоненттерінің жалпы саны бүгінде 14 мың және тек 9 000-ы жеке тұлғалар. Е.Төлегеновтың пайымдауынша олардың базасы орта есеппен алғанда күн сайын 5-10 адамға өседі.
Журнал қандай жасқа есептелген?
Ұсынылатын жасы +12 және одан жоғары.
Журналдың шығу жиілігі мен тілі қандай?
Журнал айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады.
Журналға жазылу қанша тұрады?
3 айға жазылу құны — 3 790 тг, 6 айға — 7 390 тг, 12 айға — 13 990 тг.
Журналды қалай жеткізесіз?
Журнал курьерлік қызметпен жіберіледі, ол сізге сәлемдемені жеке қолынызға береді. Жеткізу құны жазылу құнына қосылған.
Сіз қандай қалаларға жеткізесіз?
Қазақстанның барлық елді мекендерінде.
Жазылу кезінде қандай нөмірлерді аламыз?
Сіз ай сайын жаңа нөмірлерді немесе журналдың алдыңғы шығарылымдарын таңдай аласыз.
«Біздің басты арманымыз қандай? Мысалы, сингулярлыққа қол жеткізу» — деп жауап берді бас редактор. Редакцияның айтуынша олардың болашаққа жоспарлаған көптеген идеялары бар. Ал ең негізгілері франшизасы бар бизнесті ретке келтіру, өздерінің әлеуметтік жобаларын масштабтау және шетелдік нарықтарға өз бетінше шығу мүмкіндігін ойластыру екен. Ең басты міндет – білім беру әдебиетін шығару.
Міне, қазіргі таңда журналдың редакциясы тек Алматыда болғанымен, Қазақстанның барлық дерлік қалаларына журнал оңай әрі тез жеткізіледі. Еліміздегі соңғы жағдайларға қарамастан, редакция мүшелері онлайн түрде жұмыс жасап, журналдың шығарылымын тоқтатпады. Жоғарыда аталып өткендей, журнал тек жасөспірімдер арасында ғана емес, ересектер арасында да өте танымал. Ал біз «OYLA» журналы мен редакция мүшелеріне тек қана табыс тілейміз!