Home » Мақалалар » Абай –ұлы ақын

Абай –ұлы ақын

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ақмола  облысы, Степногорск қаласы
Бестөбе орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Белгибаева Макпал Алтынхановна
Оқушыларды ұлы кемеңгер ақын Абайдың 175 жылдығына байланысты өмірбаянымен, әндерімен және қарасөздерімен таныстыру.
Оқушыларды білімге деген  құштарлығын арттыру.
Оқушылардың сөйлеу тілін дамыту, сөздік қорын молайту.
Көрнекілігі: Абай портреті, сахнаны безендіруге арналған қажетті ресурстар, ақын- жазушылардың  пікірлері жазылған қабырға газеттер т.б
Әдісі: Сценарий бойынша өткізу
Барысы:
1-жүргізуші:
-Қайырлы күн, құрметті қонақтар, оқушылар, ұстаздар!
Қазақтың кемеңгер Ұлы  ақыны -Абай Құнанбаевқа арналып   отырған     тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
2-жүргізуші:
АБАЙ.  Азан шақырып қойған есімі Ибрахим  Құнанбайұлы 1845 жылы         бұрынғы Семей уезі  Шыңғыс  болысында  қазіргі Шығыс  Қазақстан облысы    Абай ауданында  дүниеге  келген.
Абай  деп әжесі  Зере еркелетіп қойған. Бала кезінде екі ананың арасында  тел өскен Абайды жеңгелері  Телғара  деп  еркелетіпті.Тіпті  М.Әуезовтың  өзі  Абай туралы жазбақ  болған  романын  ең алғаш Телғара деп атаған  екен.Сол Телғараның дана  Абайға айналып,  ұлы ақын болу жолына  көз салып көрелік.
1-жүргізуші:
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, — деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін  жалынды жырымен  бізбен бірге 175 жыл бойы өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек!
Ән: Желсіз түнде жарық ай
Сахна ашылады
Ұлжан, Зере, Абай көрінісі
Балалардың дауысы: Қалашылар, қалашылар келеді!
1.Әйел:
Анау Абай, Абай ғой, айналайын ай. Апасына айтайықшы.
2.Әйел:
Бәсе-е, телғара ғой…(ойланып) жаным-ау, мынау … нық үнмен Телғара! Әпкеме айтайын. Жиналған жұрт қалашыларды күтіп тұрады.Қасында Байтас пен Жұмабай Абай кіріп келеді де көзі бірден шешесіне түседі.
3.Абай:
Апа. Абай өзіне қарай жүгіре бергенде, апасы әкесін нұсқайды.
4.Апасы:
Әй шырағым балам, әуелі ар жағында әкең тұр…! Сәлем бер! Құнанбайдың қасында 2-3 кісі бар олар өзара әңгімелесіп тұр.Байтас,Жұмабай,Абай үшеуі барып Құнанбайға сәлем берді.
-Ассалаумағалейкум!
-Уағалейкумассалам!
Құнанбай:
Балам.Бойың өсіп ержетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай болып білімің де өсті ме?
Абай:
Шүкірлік әке! Біраз тұрып ат барған соң, дәріс тамам болмаса да, хазіреттің рұқсатын, фатиқасын алып қайттым. Шымылдық жабылады
2-жүргізуші:
«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» айдарын Абайдың табиғат лирикасынан бастайық.
1.«Жазғытұры»/
«Жазғытұры» қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата – анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен
2.«Күз»
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспап,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаныма, тоңғаныма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай
3.«Қыс»
Ақ киімді денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті – басы ақ қырау, түсі суық.
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Демалысы үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
4. Өлсе өлер табиғат, адам өлмес

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

“Мені” мен “менікінің” айрылғанын

“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

  1. Жаз
    Жаздыгүні  шілде болғанда,
    Көкорай шалғын, бәйшешек,
    Ұзарып өсіп толғанда,
    Күркіреп жатқан өзенге,
    Көшіп ауыл қонғанда.
    Шұрқырап жатқан жылқының,
    Шалғыннан жоны қылтылдап,
    Ат,айғырлар,биелер
    Бүйірі шығып,ыңқылдап,
    Суда  тұрып шыбындап,
    Құйрығымен шылпылбдап,
    Арасында құлын- тай
    Айнала шауып бұлтылдап.
    Жоғары-төмен үйрек, қаз
    Ұшып тұрса сымпылдап.
    1-жүргізуші: Көрініс: Бала Абай
    2-жүргізуші: Абай атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден көп шықпайды. Өзге баладан гөрі басқабір ермек, бір бөлек бір дос тапты.Онысы әсіресе әжесі,одан қала берсе, шешесі.
    Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұраған еді.
    Ойланып отырған әжесі:
    -Е,е бұлдыр-бұлдыр күн өткен бұрынғыда кім өткен……(Әжесі мен Абай сөйлесіп отырады)
    1-жүргізуші:Абай соны ұғып , келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесінің тізесінен ақырын қағып,:
    -Е,е …. бұлдыр-бұлдыр күн өткен, бұрынғыдан кім өткен?-деп әңгіме тыңдағысы келгенін білдіруші еді.
    2-жүргізуші: Шеше әңгімелерін бар пейілін беріп жүргенде күндердің күнінде бұл үйге екі бөгде қонақ кеп қонды. Бірі — қартаң, бірі жас қонақ. Қонақтармен жай сұрасып,амандасып болған соң, Ұлжан Абайға жымиып:
    Ұлжан: -Ал,балам,әжеңмен екеуімізді қажи беруші едің, жырдың дүкені,міне,жаңа келді.
    Мына кісі-Барлас деген ақын.
    Барлас: -Е ,балам, шешенің судай төгілген,тыңдаушың бордай егілген»,-дегендей сөйлеуді де, тыңдауды да сүйген ел -елдағы.Тыңдауға өзің жалықпасаң, айтуға Байкөкше де жалықпас,-деп жолдасына қарайды.
    1-жүргізуші: Осы түнде ас піскенге дейін Барлас «Қобыланды » жырын жырлады.
    Ертеңінде Ұлжан Барлас пен Байкөкшені жібермеді.
    Ұлжан: -Жүрмеңдер,асықпай,әлі біраз күн қонақ боп жатып кетіңдер,-деді.Бұл-Абайдың тілегі еді.
    2-жүргізуші: Абай күндіз де,түнде де Барластардың қасынан шықпайды. Барлас пен Байкөкше бір айдай Абай үйінде болады.
    1-жүргізуші: Ұғымтал, зеректігіне қатты риза боп, Барлас оңашада Абайға:
    Барлас:

-Шырағым ер жетерсің,
Ер жетсең,сірә,не етерсің?!
Алысқа шырқап кетерсің,
Шындасаң шыңға жетерсің,-деп домбырасын ұсынады.
Ұлжан: Тағы да келе жүріңдер.Анау кәрі әжесі мен бізді де көп сейілттіңдер! Жолдарың болсын! Келген сапарларың тыста бір азырақ ырым байлаттым. Ала кетіңдер.Риза,қош боп аттаныңдар!
(Абай тысқа шығып,Барластарды аттандырды).
2-жүргізуші:
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге
Енді поэзия минутына кезек берейік\
1.Әсемпаз болма әр неге
Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де-бір кірпіш дүниеге
Кетігін тапта бар қалаң?
Қайрат  пен ақыл жол табар,
Қашқанға  да, қуғанға.
Әділет,шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
2. Адамның  үш байлығы:
Әуелгі  байлық-денсаулық,
Екінші байлық-еңбегің,орнататын   бақшы-бау,
Үшінші байлық-дос,туыс,олар барда алмас жау.
Тоғыз жауың тағы бар:
Басты жауың-жалқаулық,сорлататын жаныңды,
Осалдығың-аңқаулық,соқтыратын саныңды,
Жасқаншақ болсаң-ұры алар,қоралап қойған малыңды.
Жалатқызбас жасықтық-аузыңдағы балыңды.
Өтірік  айтсаң  өңмеңдеп,жоғалтарсың арыңды,
Өсек терсең  телмеңдеп,суға кетірер салыңды.
Көпірме босқа мақтан ғып,түкке тұрмас барыңды,
Көрінгенге жалтақтап,бола алмайсың жағымды,
Біреуді алдап,арбаумен аша алмайсың бағыңды.
Жүргізуші:
Құлақтан кіріп бойды алар
Жақсы әнмен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең ,менше сүй ,-деп Абай атамыз айтқандай кезекті әсем әнге береміз
Хор: Абайдың әні «Көзімнің қарасы»
Жүргізуші:
Абайдың қырық бес қарасөздері адамды адам болуға, адамгершілік қасиеттерінің мол болуына, жаманнан аулақ болуға үйретеді. Енді, Абайдың  қара сөздерімен танысайық. \
Жетінші қара сөз
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі — ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Біреуі — білсем екен  демеклік. Не көрсе соған талпынып, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі — білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.
Он сегізінші қара сөз
Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ емес. Одан басқа нәрселерменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық. (Он сегізінші қара сөз)
Жиырма бірінші қара сөз
Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма. Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рақат көрсетер ме, өзі рақат көрер ме, яки жұртқа рақат көрсетер ме?
Би: Қазақтың ұлттық  биі
1-жүргізуші:
Ол – Абай, дара ақын, дана ақын.
Қалдырған дәмді, асыл сөздің парқын.
Әр сөзі үлгі – өнеге, жанға сая,
Тілге жеңіл, жүрекке өте жақын
2-жүргізуші:
Артына өлмейтін мұра қалдырған ұлы Абай данышпанымыздың 175 жылдығына арналған тәрбие сағаты аяқталды.Көңіл қойып, тыңдағандарыңыз үшін көп-көп рахмет!

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.