Куандыкова Кулшат Турдалиевна
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Жаңабазар елді мекені
Елшібек батыр атындағы мектеп -лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі
Бастауыш сынып мұғалімдерінің педагогикалық іс-әрекетіне қойылатын талаптары
Мақалада кәсіби – педагогикалық шеберлік мазмұны бастауыш сынып мұғалімдерінің педагогикалық іс-әрекетіне қойылатын жаңа тұжырымдаманың талаптары тұрғысынан қарастырылады. Кілт сөздер: кәсіби педагогика, шеберлік, іс-әрекет, жаңа тұжырымдама. Бүгінгі таңда барша ұстаздарды қатты толғандырып отырған мәселелердің бірі – болашақ мұғалімді балаларды өзіне үйренуге, одан кейін үйретуге үйрету. Сол себепті жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие ісін ұйымдастыруда, жүзеге асыруда, оның қыры мен сырын әрбір студентке олардың өздеріне тән ерекшеліктерін ескере отыра жеткізіп, иландырып, сіңіруде қолданылатын инновациялар мен соңғы технологиялардың пәрменін осы міндеттерді ойдағыдай орындау ісіне пайдалануға тырысу қажет. Педагогикалық теориялар мен тұжырымдамаларға сүйене отырып, «Жас бастауыш сынып мұғалімінің дидактикалық құзыреттілігі — оның бастауышта оқытылатын барлық пәннің ғылыми негіздерін, мазмұнын, оларды оқытудың ортақ және кейбір пәндердің жеке ерекшелігіне байланысты әдістемелерін, оқытуда қолданылатын технологияларды толық меңгеруімен, сабақ үдерісінде дидактикалық талаптарды (оқытудың ұстанымдары мен заңдылықтарын, оқыту формаларын, құралдарын, нәтижені бағалау әдістерін т.б.) жүзеге асыруға қажетті білім, білік, қабілет, дағдысы және тәжірибесінің болуымен анықталатын кәсіби сапасы» болып табылады . Психологтар да, педагогтар да адамның рухани интеллектуалдық, кәсіби шығармашылықпен өзін-өзі дамытуы өмірінің әр кезеңінде әр қалай деп көрсетеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда педагогикалық шеберлік- кәсіби әрекетті жоғары деңгейге көтеретін мұғалімнің жеке қасиеттерінің, оның білімі мен білігінің жүйесі. Білім беру үдерісінде ақпараттық-компьютерлік технологияларды қолдануға бастауыш сынып мұғалімдерін дайындау тұжырымдамасын жүзеге асыру — ұзақ, әрі күрделі үдеріс және ол келесі кезеңдерден тұрады :
1) оқыту үдерісінде қолданылатын компьютерлік құралдарын игеру; білім беру мазмұнында оқу жұмысын ұйымдастыру түрі мен жаңа әдістерін игеру туралы жұмыстар жүргізу;
2) дәстүрлі оқу пәндерін оқытуда ақпараттық технология құралдарын белсенді түрде оқу үдерісіне енгізу; осының негізінде педагогтың оқу жұмысының жаңа әдістері мен ұйымдастыру түрін жалпылама игеру; білім беру мазмұнын, оқу-тәрбие жұмысы әдістері мен дәстүрлі формасын түбегейлі қайта қарастыру, оны оқу-тәрбие үдерісінде практикалық жүзеге асыру;
3) үздіксіз білім беру мазмұнын оның барлық деңгейінде түбегейлі қайта құру; ақпараттық технология құралдарын қолдануға сәйкес келетін оқытудың әдістемесін толықтыру.
Ендеше бастауыш сынып мұғалім ізденімпаз, өзіне-өзі талап қоя білетін, кәсіби-құзырлық және шеберлік деңгейі жоғары, рухы биік, даралық сапалары жетілген, шығар тауы биік маман болуы қажет. Бүгінгі мұғалім биік білім мен ақпаратты тасымалдаушы ғана емес, ол тәуелсіз Қазақстанның білім жүйесін әлемдік деңгейге бағыттау мақсаты туындап жатқан қазіргі таңда педагогтік мамандыққа қойылатын талаптарға жауап бере алатын, білім мен іс-әрекеттің ұйымдастыру іскерлігі жоғары деңгейін көтеруі қажет. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады . Қазіргі таңда жас бастауыш сынып мұғалімі «дайын» білім көзі ғана болмай, керісінше бастауыш мектеп оқушысының танымдық іс-әрекетін ұйымдастырушы және үйлестіруші бола білуі, білімнің құндылық ретінде сипатынан терең мән бере білуі, нәтижеге бағдарланған білім сапасын арттыруға жаңашыл жолдар мен әдістер табуға дағдылану . Жаңа тұрпатты мұғалімнің әрбір сабағы-негізгі кеңістік, одан мұғалімнің барлық әрекеті көрінеді. Демек жас бастауыш сынып мұғалімі кез келген өзгерістерге бейім, оқу — тәрбие үрдісіне инновациялық технологияны тиімді енгізе алатын, қажетті өзгертулерді, түзетулерді жасай алатын, өз білімін толықтырып отыратын ұдайы ізденіс үстіндегі инновациялық-технологиялық іс-әрекетті меңгерген маман болуы тиіс.